4.08.2020, 21:09
Оқылды: 441

Мұратсай көліне су жинау мұң болып тұр

Бөкей ордасы ауданындағы Мұратсай ауылы жанындағы су қоймасы ондаған жылдар бойы күтімсіз жатыр. Жұмыс сапарымен келген облыс әкімі Ғали Есқалиевқа аудан әкімінің орынбасары Біржан Меңешев мал шаруашылығын дамытуға мол су қоры қажет екенін айтты.

F5BE770D-ABB6-449B-ACB7-219D4D45D9F2

Ауыл жанындағы су қоймасы мен үлкен бөгет (дамба) 1961 жылы пайдалануға берілген. Су қоймасының ұзындығы – 12,5 шақырым, ені – 2,1 шақырым, сыйымдылығы – 16,3 млн. куб. Топырақтан жасалған қорғаныс бөгетінің ұзындығы – 822 метр, ені – 9 метр. Бөгет пайдалануға берілгеннен бастап, күрделі жөндеу жұмысы жүргізілмеген. Қазіргі кезде бөгеттің үстін кеңейтіп, қиыршық тастар тегістеп төсеу және темір-бетонды төсемдер салу, су реттегіш шлюздер орнату қажет.            

Жан-жағы мүжілген бөгеттің ені 3-3,5 метрге тарылған. Бөгет үстінен бір көлік қана өте алады. Жаңбырлы күндері бөгет арқылы жүру қауіпті. Енсіз жолмен Сайқын, Орда, Мұратсай ауылдарының тұрғындары Тайқара ауылына, көршілес Жәнібек, Казталов аудандарына және Орал қаласына қатынайды. Бөгет арқылы өтуге оқталған кей көлік аударылып, жолаушылар зардап шегетін оқиғалар да болады.

564135CD-9696-47F9-B193-E3A8F8BEC053

Мұратсай су қоймасында шамамен 7-8 млн. текше метр су бар деп есептелінеді. Жыл сайын Жәнібек суландыру жүйесі арқылы 2,6 миллион текше метр Еділ суы ағып келеді. Жергілікті тұрғындар «Мұратсай көлі» деп атайтын қойма, негізінен, қар суымен толады. Ауыл әкімі Жалғас Ташуовтың айтуынша, жұмыс күшін ұйымдастырып, бөгет үстіне техникамен тас уатып төсеткен.  

– Мұратсай су қоймасын жөндеу мәселесі өте өзекті. Аудан басшылығына жобалық-сметалық құжаттамасын жасақтауға тапсырма бердім. Қойма сыйымдылығы – 16,3 миллион текше метр. Жөндеу жүргізілсе, ауылдық округтегі шаруа қожалықтарына зор демеу болары анық. Бизнес аясын кеңетіп, қойма жанынан шаруашылығын дамытам деген іскер адамдарды қолдаймыз. Жобалық-сметалық құжаттамасы дайын болса, қаржы бөлуді қарастырамыз, – деді журналистер сұрағына жауап берген облыс әкімі Ғали Есқалиев.

 Нұртай Текебай,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале