2.10.2018, 18:26
Оқылды: 38

Мұратсайда 8 қылмыстық істің 7-уі ашылған

Бөкей ордасы ауданы Мұратсай ауылында «Ашық əкімдік» қабылдауы болды.

qylmys

         Қабылдауда аудан əкімі Нұрлан Рахымжановқа жолыққан Нұргүл Бозекенова Мұратсайға қарасты Əжен елді мекенінде тұрады. Ол Əжендегі шаруа қожалығы иесімен мал дауы туындап отырғанын айтты. Аудан əкімі Нұрлан Рахымжанов ауылдағы жол полиция қызметкері, учаскелік полиция инспекторы Асылан Сансызбаевқа мəн-жайды анықтауды тапсырды.          Инспектордың айтуынша, жыл басынан бері округте болған 8 қылмыстық істің 7-уі ашылған. Қылмыстық оқиғалардың екеуі киік аулауға қатысты. Биыл 22 наурыз күні ағайынды Ж. мен С. мүйізі үшін ауланған екі киік төшкесімен ұсталып, қылмыстық кодекстің қос бабы (337-4, 339) бойынша айыпталды. Мұратсайлық Ж.-ға 3 жылға бас бостандығына шектеу қойылып, 3 жыл ішінде мемлекеттік қызметте болуға, 3 жыл 6 ай аңшылықпен айналысуға тыйым салынды. С. да қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Ал сəуірдің 10-ы күні заңсыз киік аулаған Е. бір жылға шартты түрде сотталып, оған 5 жыл көлік айдауға, 3 жыл аң аулауға тыйым салынды. Қалған істер мүлік ұрлауға қатысты. Мəселен, ауылдағы су мұнарасын қоршауға қойылған профлисті қолды қылған екі тұрғынның есімдері тергеу барысында анықталды.

         Мұратсайда 80 құқықбұзушылық жасалған. Оның 27-сі - көлік жүргізу тəртібіне қатысты. Үш жасөспірімді түнгі 11:00-ден кейін көшеге жібергені үшін ата-аналарына ҚР Əкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 442-бабына сай ескерту берілді. Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың орын алуына орай ƏҚК-ның 73-бабына сəйкес бес адамға қорғау нұсқамасы тағайындалды. Ауылдық округте 436 523 теңге көлемінде хаттамаға енгізілген əкімшілік айыппұлдың күні бүгінге 304 мың 523 теңгесі төленген.

         Ауылдық округ əкімі Жалғас Ташуовтың мəліметінше, округте 984 тұрғын бар. Оның ішінде 65-і Əжен мен Тайқара елді мекендерінде тұрады. «Ашық əкімдік» қабылдауына 10 тұрғын келді. Көбі аудан əкіміне жолықты. Шарада жұмыссыздық, баспана мəселесі күрмеулі екені анықталды.

Нұртай ТЕКЕБАЕВ,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Telegram-парақшамызда.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале