25.12.2019, 18:41
Оқылды: 86

Мүшел жасқа мән беріп жүрсіз бе?

Ертеректе үлкен кісілердің ешқайсысы жасын айтпаған. «Неше жасқа келдіңіз?» десе, «Барыс жылы туғанмын, биыл мұнша мүшелдемін» дейтін-ді. Ал өз ата-әжелеріміз немерелерінің мүшел жасына ерекше мән беретін. «Мүшелден аман өтсін» деп бір жақсы көретін затын ба, киімін бе, ырымдап біреуге беріп жататын. Бәрі сенімге байланысты ма, әлде, шынымен де солай ма, әйтеуір мүшел жастан кәдімгідей шошитын едік. Мүшелге кіре салысымен құрбандық шалып, киімдерін тарататын кісілерді де көргенбіз.

Таяуда бұрынғы көршімді көрдім. «Биыл алпыс бір жасқа толдым. Мүшел жас екенін білем ғой. Бірақ жағдайым болмай, құрбандық шалмап едім. Бірде оқыстан құлап, аяғымды ауыртып алдым. Енді, міне, екі ай болды, балдақпен жүрмін», - деді ол. Тағы бірде ауылдан келген бір танысым: «Өзімнің төртінші мүшелден шыққаныма екі жыл болды. Ырымның ешқайсысын да жасағам жоқ. Құдай сақтады ма, періште қақты ма, әйтеуір әзірге аманмын. Жұмысымды жолға қойып, кәсібімді кеңейттім. Айтайын дегенім, мүшелден соншама қорқып, үркудің қажеті жоқ сияқты. Бұл оны елемей, ескермей жүре беру керек деген  сөз емес», – деді.

Негізі мүшел жаста адам ағзасында физиологиялық өзгерістер болатынын заманауи медицина да растайды. Гормондық жүйеде қайта құру жүреді екен. Мамандардың пікіріне құлақ түрсек, олар «13 жас – жыныстық жетілудің басталуы, 25 жас – өсу гормоны бөлінуінің тоқталуы, физикалық жастың аяқталуы, 37 жас – психологиялық дағдарыс кезеңі, 49 жас – өмірге ұрпақ әкелу қызметінің тоқтауы» деп есептейтін көрінеді. Бұлар адамның тұрақты тепе-теңдік жағдайынан уақытша ауытқуына әсерін тигізетін көрінеді. Қарап тұрсаң, ең маңызды өзгерістер кезеңі мүшел жаспен тұспа-тұс келеді екен. Демек, ата-бабаларымыздың оған айрықша мән беруі содан болса керек. Ал бұған басқалар не дейді? Мүшел жасқа  мән берудің біз білмейтін тағы қандай құпиясы бар?

А.Байбарақ

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagr am-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале