20.11.2019, 16:43
Оқылды: 111

Нан бағасы қайда барады?

Өңірде нан бағасы қымбаттады. Осыған дейін 100, 110 теңгеден сатылған нан 20 теңгеге өсіп отыр. Аяқ астынан өскен ас атасының бағасы енді тұрақтала ма? Тұтынушы тарапты сөзге тарттық.

 nan

Захар Жолдыгалиев «Нәйла» дүкенінің қожайыны:

-Нанды қалалық және жергілікті наубайханадан аламыз. Қаладағы наубайханадан 120 теңгеден, ал Тасқаладан 118 теңгеге аламыз. Дүкенде нан бағасы 120 теңге. Тек қара нан 125 теңгеден тұр. Нан сатудан түсіп отырған пайда жоқ, керісінше, шығын болмаса. Себебі нанды ораймыз, сақтаймыз. Тұрғындар көбінесе, қаладан әкелінген нанды сұрайды. Соңғы уақытта аяқ астынан қымбаттап кетті. Өзіміз де күтпеген едік. Себебі қазір астық бағасы қымбат. Жазда астық бағасы 3-4 рет өзгерді. Алғашында 200-300 теңгеге өсіп отырған, соңғысында 1000 теңгеден бір шықты. Жазда нанды 100 теңгеден саттық. Қазір 130 теңгенің орнына, алған бағамыз 120 теңгеден беріп отырмыз.

Алена Филиповна «НұрАй» наубайханасының сатушысы:

Нанды Орал қаласындағы «№1 наубайханасы» алып келеді. Бағасы 120 теңгеден. Тәтті нанды 125 теңгеден тапсырады. Осыған дейін 100 теңгеден алып, 105 теңгеден сататын едік. Қазір дүкендегі нан бағасы бірдей, 130 теңгеден. Бұл баға тек біздің дүкенде емес, барлығында солай. Өзімізде наубайхана болғанымен нан пісірмейміз. Алғашында пісірдік. Алайда нан дайындау басқа жұмыстарды ұстап тұрды. Себебі наубайханамыз, тәтті бәліштер мен басқа да нан тауарлары арқылы танымал. Күніне 15-20 дана нан пісірсек, бәліштер мен торттарға уақыт жетпей қалатын. Сондықтан нанды сатып аламыз. Алайда бағасы өсіп кетіп, кәсіпкерлерге де, тұтынушыларға да пайда алып келмеді.

 Людмила Владимировна «Шағала» дүкенінің сатушысы:

-Нанды қаладан 120-125 теңгеден аламыз. Қазір 130 теңгеден сатып отырмыз. Тәтті нанның бағасы 120 теңге. Нан бағасының күрт өзгеріп кеткені қиын болды. Бізден де тұрғындар неге қымбат деп сұрайды. Алайда біздің қолымыздан ештеңе келмейді. Біз тек алған нанның бағасына 5 теңге қосамыз және өз қалтамыздан шыққан пакетке ораймыз. Нанды тек сатып алу емес, оны сатудың өзінде алып бара жатқан пайда шамалы.

Нан бағасының өсуіне бидай құнының қымбаттауы бірден бір себеп. Бұл туралы аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Айгүл Нуретова айтып берді.

-Елімізде 2019 жылдың алғашқы он айы бойынша бірінші сұрыпты астық 20%-ға өсті. Ал нан құны 13,5%-ға артты. Ауыл шаруашылық министрлігінің айтуы бойынша бағаның өсуі Қазақстандағы бидай дақылдарының аздығымен байланысты. Жыл сайын Қазақстанда өсірілетін бидайдың жартысына жуығы шикізат түрінде экспортталатындығын ескеру қажет. Ұнның жалпы көлемінің шамамен 40% ғана өңделеді. Бүгінгі таңда нан бағасының күрт өсуіне мамандар да алаңдауда. Алдағы уақытта барлығын халықтың есесіне орай шешу мақсатында жұмыстар атқарылады, - деді А.Нуретова.

Ас атасының бағасы халықтың қалтасына оңай соғып тұрмағаны белгілі. Жалпы нарық бағасы қайда барып тоқтайды? Бұл сауалға мамандар да, кәсіпкерлер де тоқетерін айта алмай отыр.

Әсем Аманова

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале