24.01.2017, 18:04
Оқылды: 35

Нәтижелі жұмыстың бағасы – еселі еңбек

????????????????????????????????????

????????????????????????????????????

  Егіндікөл ауылдық округінің мәдениет үйінде өткен есепті кездесу жиынында округ тұрғындары алдында аудан әкімі Асхат Шахаров пен Егіндікөл ауылдық округінің әкімі Абат Зейнуллин есеп берді.

  Алдымен тұрғындар алдында есеп берген округ әкімі А.Зейнуллин округ бойынша өткен жыл ішінде атқарылған жұмыстарды саралап, ағымдағы жыл ішінде жүзеге аспақ істерді пысықтады.


  Округ әкімнің баяндамасынан өткен жыл ішінде біраз шаруалардың атқарылғандығы көрініп-ақ тұрды. Алайда, алдағы уақытта атқарылуға тиіс мәселелердің де бар екендігі сезілді.

  Егіндікөлдік ағайынның алдында сөз сөйлеген аудан басшысы Асхат Берлешұлы өткен жыл ішінде аудан бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады.

  - Ауыл шаруашылығы саласында аудан бойынша түрлі бағдарламалар, бағыттар бойынша құжаттар тапсырып, несие, субсидиялар алып, қарқынды жұмыс жүргізілуде. Мысалы, «Агробизнес-2020» бағдарламасын, «Сыбаға», «Құлан», «Алтын Асық» бағдарламаларын атап өтуге болады. Атап айтсақ, ауданда «Сатыбалды», «Еркебай», «Мөлдір», «Әлібек», «Ақбаз», «Аманбол», «Қоржын», «Думан» сияқты шаруа қожалықтары асыл тұқымды ірі қара, асыл тұқымды айғыр, қой мал бастарын сатып алып, жүйелі түрде жұмыс атқаруда.  «Сыбаға»  бағдарламасы бойынша 721 бас мүйізді ірі қара, «Құлан» бағдарламасы бойынша 44 бас жылқы, ал «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 212 бас қой малын сатып алынды, - деді аудан әкімі А.Шахаров.

  Ауданның түрлі салаларындағы нәтижелі жұмыстарды жан-жақты саралай отырып баяндаған аудан әкімі А.Шахаров ағымдағы жылы атқарылмақ жұмыстарды да сөз етіп, ел-жұртқа амандық-саулық, жетістік тіледі.

  Есеп беру жиналысында сөз сөйлеген ауыл тұрғындары Ертай Сердалин ауыз судың қымбатшылығы, Өтебаш Жайғалиев округ бойынша жарықтың жиі өшуі жөнінде мәселе көтеріп, тиісінше жауаптар алды.

  Аудан әкімі А.Шахаров тұрғындар көтерген мәселенің қай-қайсы да аяқсыз қалмай, алдағы уақытта шешімін табатындығын жеткізді.

  Тұрғындар аудан әкімі А.Шахаров пен округ әкімі А.Зейнуллиннің жыл ішінде жасаған жұмыстарына оң баға берді.

  Егіндікөл ауылында өткен есеп беру жиналысына аудан әкімінің орынбасары Рашит Иманғалиев, аудандық мәслихат хатшысы Қадіржан Сүйеуғалиев, аудан әкімі аппаратының басшысы Жасұлан Сұлтан, аудандық орталық аурухана директоры Зейіл Мағзомов, аудандық мәслихат депутаты Дулат Қоламанов қатысып отырды.

 

Ертай БИМҰХАНОВ

Қаратөбе ауданы

Суреттерді түсірген Серікбай ХАСАНОВ

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале