12.12.2016, 10:19
Оқылды: 26

«Назеркенің» мерекелік тартуы

nazerke«Назерке» үлгілі би тобы «Тәуелсіз елдің өнерлі жұлдыздары» атты мерекелік тарту кешін Ақсай жұртшылығына ұсынды. Би ұжымының кіші, орта және жоғары топ бишілерінің орындауында алуан нақышты композициялары мерекелік шараға жиналған көрерменнің көңілінен шықты.


 

Бар әлемге жар салдырған, таңдай қағып тамсандырған, өнердің биік белесін бағындырып жүрген «назеркеліктердің» де өнер көгінде талмай қанат қаққандарына бүгінде 20 жыл толды.

«Назерке» би ұжымын Тәуелсіздігіміздің тұлымшағы желбіреген қарындасы деуге де келеді. Егемендік алғалы дамудың жолына түскен еліміз талай биікті бағындырса, жауқазындай жайқалып, мың бұралып, наз қылығымен елдің еркесі болып жүрген би ұжымы да біраз табыстарға қол жеткізді. Жиырма жылдың ішінде Алматы, Астана, Шымкент, Ақтөбе, Арыс қалаларымен қатар,  Италия, Испания,  Болгария, Ресей, Грузия елдерінде өткен көптеген байқауларда өз өнерлерін мойындатып үлгерді.

Биылғы жылдың өзінде «Танцы без границ» облыстық байқауында алты бірдей І орынды жеңіп алса, Алматы қаласында өткен республикалық «Болашаққа жол бастар» атты ән-би байқауында жүлделі бірінші орынға, Степногорск қаласында өткен ХІІ Ұлттық Дельфийлік ойындарында І орынға ие болды. Грузияның астанасы Тбилисиде өткен «Fiestalonia Georgia» фестивалінен де жүлделі орындармен оралды.

Жаңа бүршік жарған, тал шыбықтай жас шәкірттердің осындай биік белестерді бағындыруына ұстаздары, би өнерін терең меңгерген білімді маман Айнұр Мұқанғалиеваның сіңірген еңбегі зор.

2006 жылы ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің бұйрығымен «Назерке» би ұжымына «Үлгілі» деген атақ берілген болатын.

Би ұжымының жетекшісі Айнұр Мұқанғалиева талай мәрте Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің, облыстық және қалалық әкімдіктің «Құрмет»грамоталарымен марапатталды.

Сондай-ақ Қазақстан, Ресей, Украина, Белоруссияның бірлесіп шығарған «Лучшие люди» халықаралық энциклопедиясына еніп, медальмен марапатталды.

Аида ЕСЕНАМАНҚЫЗЫ

Бөрлі ауданы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале