19.04.2017, 12:07
Оқылды: 52

Негізі мәселе - мал ауруы

????????????????????????????????????

  Зеленов ауданы Зеленый ауылында міндетті медициналық сақтандыру, мамандығы жоқ тұрғындарды оқыту мен қайта даярлау, ауыл шаруашылық кооперативтерін құру, бруцелез ауруының алдын алу сияқты келелі мәселелерді талқылаған жиын өтті.


  Оған Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-нің биотехнология лабораториясының меңгерушісі ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Ғайса Абсатиров, аудандық аумақтық инспекция басшысы Арыстанғали Ярлығасимов, аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Виктор Баштовенко, аудандық жергілікті полиция қызметінің бастығы Жантемір Иманалиев,  ветеринария станциясының директоры Ринат Ескендіров, тағы басқалары қатысты.

  Ауыл әкімі Ізғали Дәулетовтің төрағалығымен өткен жиында алғаш боп сөз алған Виктор Григориевич міндетті медициналық сақтандыруды қолға алу керектігіне тоқталды.

  Ауыл шаруашылығын қолдау мақсатында берілетін субсидиялар мен несиелерге қол жеткізу үшін кооперацияларға бірігу жайы мен оның артықшылықтары туралы мағлұмат беріп өтті. Бұл баяндамашыларды тыңдаған халық өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, толық әрі нақты жауаптарын ала алды.

  Одан әрі бруцеллез ауруын алдын алу жайы талқыланды. Оны ашқан Арыстанғали Ярлығасимов ауданда тіркелген аты жаман аурудың жайы мен оның көптен таралып жатуының негізгі себептеріне тоқталды. Айтуынша, ауданда 40-тан астам мал осы ауруға шалдыққан шаруашылықтар бар көрінеді.

  Ал аурудың осылай таралып кетуінің негізгі себептері мал басының көшуін қадағаламау, уақтылы емдеу жұмыстарын жүргізбеу болып отыр екен. Сондай-ақ өлі туған сиырлар мен төлдеген малдарының шуы түспей жатқандығын ветеринарларға ескертпеу де аурудың ушығуына себеп болатын көрінеді. Баяндамашыны тыңдаған зеленыйлық ағайын «Ауыл маңындағы қожалықтардың мал қорасынан шыққан қалдық пен өлі туылған бұзауларды алысқа апармай лақтыра беретіндіктен де ауру ушығып жатқан жоқ па?» - деген сауал жолдады.

  Алдағы уақытта мал тезегін далаға шығарып, ауыл маңын тазартуға сөз берген мамандар өлі төлді лақтыру фактісінің шындыққа жанаспайтынын айтты. Сондай-ақ мұндай фактілер орын алған болса, оны жай сөзбен емес, нақты суреттермен не бейнетүсірілімдермен рәсімдеп, дәлел ретінде ұсынуға кеңес берді.

Түгелбай Бисен

Зеленов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале