18.09.2018, 14:30
Оқылды: 64

Несие серіктестігі неден сүрінді?

Шаруашылық құрылымдарын нарықтық экономика талабына бейімдеу мақсатында түрлі мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асуда. «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасының ІІ бағыты шеңберінде 2012 жылдан бастап аудан-ауылдарда өз ісін дөңгелетемін дегендерге жеңіл пайызбен несие берілуде. Сол жылы ауданда құрылған 14 несие серіктестігіне «Орал әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» 180 млн. теңге қаражат берген. Бұл несие қаржысының қайтарымы үшін кепілдік алынбады. Соған қарамастан, көптеген несие серіктестігі сенімді ақтамады.

 dengi

Аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының маманы Мұратхан Сәрсенбаевтің мәліметінше, қазіргі кезде несие қаражатының 108 млн. 230 мың 765 теңгесі қайтарылған. Несие төлемін мерзімінен кешіктіріп жатқан немесе қарызға мүлдем белшесінен батқан несие серіктестіктері қатарында Т.Масин ауылдық округінен «Ақбөрлі» (20 529 720), Ордадан «Алғабас» (12 571 527), «Нарын өрлеу» (13 106 456), «Шаруа қолдау» (8 473 165), Саралжыннан «Санжар» (4 509 606), Бисеннен «Досым-2» (2 309 718), Сайқыннан «Болашақ» (2 175 276), «Өрлеу» (5 064 104), «Ауыл ай» (6 163 156) бар. Жалпы бережақ – 74 млн. 902 мың 728 теңге.

Қаржыны бірігіп алғанмен, бірлесе қимыл жасамағандықтан шығар несие серіктестіктерінің «ғұмыры» ұзақ болмағаны. Десе де, 20 адамы бар 5 несие серіктестігі өз мақсаттарына жетіп, бірқатар несие алушы өз ісін әрі қарай жалғастырып, жандандырып келеді. «Барс» несие серіктестігінің мүшесі Айнагүл Таубаева «Сату» шаруа қожалығында мал басын өсіріп, мемлекет тарапынан берілетін субсидияға ие болып отыр. «Нұрлан» несие серіктестігінің жетекшісі Нұрлан Қыдырғалиев жеке кәсібін дамытып, тұрғындарды құрылыс материалдарымен қамтуда.

2013 жылдан бері «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы шеңберінде «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ шаруаларға несиені мүлікпен кепілдірілген түрде бере бастады. Қаржыны өз игілігіне жұмсап, хал-ахуалын дұрыстап алғандар да бар. Мәселен, сайқындық Айжан Құмбаева 2 млн. теңге несиеге «Айжан» жеке кәсібін ашқан. Қазір сиырларының өнімін саттыққа шығарып, нәпақасын айырып отыр.

Аудан бойынша соңғы екі жылда 58 тұрғын 209,79 млн. теңге шағын несиеге қол жеткізген. Олардың дені – «Бизнес бастау» курсын тәмамдап, ісін жаңа бастап жатқандар. 2013-2016 жылдары осы жеңілдікті пайдаланған 121 адам 224,45 млн. теңгеге ие болған. Несие қаржымен тасын өрге домалатып жатқандар тыным таппай жүріп, борышынан құтылып жатқаны түсінікті. Ал оны қайтара алмағандар қандай күйде? Мұратхан Сәрсенбаевтың айтуынша, қомақты сома бережақ несие серіктестіктерінің ісі сотқа берілген. Соттың шешімімен олардың дүние-мүліктері кепілге қойылған. Ал төрт жыл бұрын «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-дан алған 1 500 000 теңге несиені қайтара алмаған сайқындық азаматтың баспанасы биыл қор есебіне тәркіленді.

Қаржыны қайтаруға не кедергі болды? Білуімізше, «Орал әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» мен «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамының да жылдық төлем пайызы несие алушылар үшін едәуір төмен әрі несие алған соң екі қаржы институты 18-ден 24 айға дейін демалыс береді.

Кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының менеджер-кеңесшісі Сайын Есімов несие серіктестіктерінің шығынға батуының бір себебін қаражатты тиімсіз жұмсаумен байланыстырады. Несие серіктестігінің кем дегенде бір мүшесі мойнындағы несие қаржысын қайтара алмаса, қалғандары оның зардабын тартады. Яғни қайтадан кәсіпкерлікті дамытуға несие алуына шектеу қойылған. Маманның сөзін «Досым-2» несие серіктестігінің жетекшісі бисендік Жарас Сәрсенов те растады.

  • Ауылдас болып алты адам серіктестік құрып, 2012 жылы 18 млн. теңге несие қаржы алдық. Бәріміз де ата кәсіп – мал өсіруді қол көрдік. Бес мүшеміз банк алдындағы өз міндеттемелерін орындады. Тек серіктестік мүшесі Нұржан Меңдешев қана берешектер қатарында жүр. Банкке қарызы – 2309718 теңге. Ол қайтармауының мәнін түсіндірмеді. Тек ұзамай төлейтінін айтуда, –  деді Жарас Сәрсенов.

Раушан БАҚЫТОВА,

Бөкей ордасы ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале