15.11.2017, 14:55
Оқылды: 28

Нормативтік жоба кері қайтарылды

IMG_2000Таяуда Шынарлы (Чинарев) кенішін игеріп жатқан «Жайықмұнай» ЖШС-ның өндірістік базасында БҚО бойынша экология департаменті жанынан құрылған мемлекеттік экологиялық сараптаманың сарапшылық кеңесінің көшпелі отырысы болды.

Биылғы 13 қыркүйекте мемлекеттік экологиялық сараптамасының қарауына «Жайықмұнай» ЖШС-нің атмосфераға ластағыш заттардың шектеулі-рауалды шығарындылары (ШРШ) нормативтерінің түзетілген жобасы түскен болатын. Жиында осы мәселе қаралды.

Кеңес отырысын ашқан аталмыш серіктестіктің бас директоры Жомарт Дәркеев кенішті игеру басталған жиырма жылдай уақыт ішінде «Жайықмұнай» өзін ҚР заңнамаларын құрметтейтін, қоршаған ортаны қорғауды назардан тыс қалдырмайтын компания ретінде көрсеткенін тілге тиек етті. Мұндай ашық пікіралмасу шарасының олар үшін де тиімді тұстары көп. Сол себепті «жайықмұнайлықтар» алдағы уақытта да көшпелі отырыстарды ұйымдастыруға мүдделі.

Содан соң сөз алған БҚО бойынша экология департаменті басшысы, мемлекеттік экологиялық сараптаманың сарапшылық кеңесінің төрағасы Ербол Қуанов сараптама қарауына түскен жобаларды қазір кабинетте емес, өндіріс нысаны басына барып қарау тәжірибесі қолға алынғанын жеткізді. Жобада көрсетілген іс-шаралар қаншалықты жүзеге асып жатқанын көргеннен кейін барып шешім қабылданатын болады.

- Үлкен жобаларды кабинетте талқылаған кезде жобалаушылардың, инженерлердің сызбаларын көріп, кейбір жайттарға түсінбей қалатын кездер болады. Ал оның бәрін көзбен көру басқа әсер береді. Яғни көшпелі отырыс кеңес мүшелеріне, департамент мамандарына нақты жағдайды бағамдауға, объективті шешім қабылдауға мүмкіндік беретіні анық. Сөздің шыны керек, біраз жылдан бері бұл мәселемен дендеп айналысып келе жатқан мамандарымыздың ішінде өндіріс нысандарын көрмегендер де бар. Бұл шара олар үшін де маңызды деп ойлаймын,-деді Ербол Қуанов.

Айта кету керек, аталмыш компания 2017-2018 жылдарға атмосфераға ластағыш заттардың ШРШ нормативтері жобасына түзету енгізіп отыр. Ол түзету ластаушы заттар шығарындыларының көздері бар жаңа нысандарды іске қосуға  байланысты орын алған. Ұсынылған ШРШ нормативтері жобасына сәйкес «жайықмұнайлықтар» тарапынан сұралып отырған лимит көлемі 2018 жылға 14 888,5393 тоннаны құрайды.

Жиын барысында «Жайықмұнай» ЖШС мен жобалаушы компания өкілдері мәлімдегендей, кеніштен атмосфераға шығарылатын ластағыш заттардың көлемін азайту бағытында іс-шаралар алынуда. Олардың арасында жоғары герметикалық, буды рекуперациялау жабдықтары, ілеспе газдың жану мерзімін қысқарататын, скважинадағы көлденең алаулардың көлемін азайтатын қондырғылар бар. Қазіргі таңда бұрғылау жұмыстары кеніштегі ГТЭС-та өндірілген электр қуатын пайдалану арқылы жүргізілуде. Сондай-ақ технологияық пештердің дизель отнынан газға ауысуы ауаға шығаратын ингредиенттердің мөлшерін төмендетуге мүмкіндік береді.

Мұндай ізгі бастамаларға оң баға берген сарапшылық кеңес мүшелері атмосфераға шығарылатын ластағыш заттардың көлемін азайту керектігіне тоқталды. Нәтижесінде жобаны қайта қарау үшін «Жайықмұнай» ЖШС-ның нормативтік құжатын кері қайтару туралы шешім қабылданды.

- Жаңа сарапшылық кеңес мүшелері айтып өткен мәселелер орынды. Қоршаған ортаға шығарылатын зиянды заттар көлемін тағы да төмендету бағытында серіктестік ішінде компания басшыларының, мамандардың қатысуымен үлкен жиын өткіземіз. Сол жиын қорытындысы сарапшылық кеңес мүшелерінің де, біздің де техникалық сұраныстарымызды қанағаттандырады деп ойлаймын,-деді отырыстан соң бізге сұхбат берген «Жайықмұнай» ЖШС-ның департамент басшысы Анастасия Григорьева.

Шара барысында сарапшылық кеңес мүшелері кеніштегі өндіріс нысандарының жұмыстарымен танысты. Сарапшылық кеңес төрағасы атап өткендей, жалпы «Жайықмұнай» ЖШС экология мәселесіне барынша мән беріп келе жатқаны байқалады. Кеніш аумағы таза, жасыл желекпен көмкерілген. Сол себепті бұл жайт өзгелерге үлгі болуы керек.

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

Зеленов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале