14.06.2018, 16:31
Оқылды: 20

Облыс әкімі Алтай Көлгінов жұмыс сапарымен Шыңғырлау ауданында болды

IMG_9033Бүгін облыс әкімі Алтай Көлгінов Шыңғырлау ауданында болып, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

Облыс әкімі алдымен ат басын Ащысай ауылына бұрып, «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша жүргізіліп жатқан су құбырының құрылысын көрді. Мердігер ұйым «Құрылыс сервис» ЖШС бас инженері Мұратбек Шингельбаевтың айтуынша, республикалық бюджеттен 269 млн.758 мың 376 теңге бөлініп, құбыр құрылысы жұмыстары сәуір айында басталған. Ауылішілік су құбырының ұзындығы 16 шақырым болса, қазірде он үш шақырым құбыр тартылып, он үйге су жеткізілген. Күзге дейін Ащысай ауылындағы 190 үйге қоса іргелес Мырзақара бөлімшесіндегі 10 үй таза ауыз сумен қамтылатын болады.

Облыс әкімі Алтай Көлгінов су сорғысы құрылысының алғашқы кірпішін қалап, сапалы ауыз судың ауыл тұрғындарына кідірмей жетуін мұқият тапсырды. Осы жерде ауыл ақсақалдарымен, шаруалармен дидарласып, облыста атқарылып жатқан жұмыстар жайлы әңгімелеп, қазір үлкен қалаларға қарағанда ауылда кәсіп бастауға, шаруашылықпен айналысуға жағдайдың мол екендігін айтты.

ҰОС ардагерлері Сүйеу Ғылманов пен Виктор Руд аудандағы оң өзгерістерге көңілдері толатынын жеткізіп, баталарын берді.

IMG_9061Бұдан соң Ашықтоғай ұңғымасынан Жаңакүш, Правда, Шыңғырлау, Ақсоғым ауылдарына дейін су құбырын тарту және Ақшат ауылындағы МЖӘ бойынша салынып жатқан дәрігерлік амбулаторияның құрылыс жұмыстарының барысын қараған облыс басшысы «Ғайни» ШҚ келді. Құс фермасында қазір 2500 қаз, 2000-дай үйрек, 2000-дай бройлер өсірілуде. ШҚ басшысы Жасқайрат Айсиев болашақта құс санын 8 мыңға жеткізуді жоспарлап отырғанын айтады.

Облыс әкімі сонымен қатар Шыңғырлау ауылының шығыс бөлігінде «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып, пайдалануға берілген 30 тұрғын үйге қоныстанған тұрғындарымен кездесіп, ауылішілік абаттандыру жұмыстарымен танысты.

IMG_9048Айта кетейік, осы күні Plogging - табиғат cross акциясын облыста алғашқы болып Шыңғырлау ауданында бастау алды.Облыс әкімі салтанатты түрде эстафетаны бастап, шыңғырлаулықтар өзге аудан жастарына жолдады.

Сапар соңында Шыңғырлау ауылындағы «Патриот» супермаркетінде,

аудандық тарихи-өлкетану музейінде, аудандық мәдени-демалыс саябағында болған облыс әкімі зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, өңірде атқарылып жатқан істерге көңілі толатынын жеткізді. Мемлекеттік бағдарламаларды жүйелі және нәтижелі жүзеге асыру бағытында аудан әкімі Альберт Есәлиевке нақты тапсырмалар берді.

Динара Жұмабекқызы

zhaikpress.kz

IMG_9068 IMG_9040

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале