9.06.2018, 14:39
Оқылды: 53

Облыс әкімі Қазталов ауданында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты

IMG_3361Облыс  әкімі  Алтай  Көлгіновтің  Қазталов  ауданына  сапары аудан орталығындағы саз мектебінің құрылыс  жұмыстарымен танысудан  басталды.

Номиналдық қуаты 24 оқушыға арналған саз мектебінің жобалық құны 87 млн.615,9 мың теңге. Бұл жобаға облыстық бюджет есебінен әзірге 44 млн.500 мың теңге бөлініп, құрылыс жұмыстарын «ЖолаушыЖол» ЖШС жүргізуде. Алдағы уақытта саз мектебінде би, музыкалық аспаттарды үйрету сыныптары, концерттік залы, гардероб, санитарлық торабы іске қосылады деп жоспарлануда.

IMG_3310Құрылыс нысанын аралап көрген облыс әкімі, ауыл ақсақалдары, мәслихат депутаттары және қоғамдық ұйым өкілдерімен кездесті. Кездесуде Алтай Сейдірұлы,- Қазталов ауданында ауқымды жобалар жүзеге асуда. Өздеріңіз көріп отырғандай, Жалпақталдан асқан қатқыл табанды жол аудан орталығына 35 шақырым қалды. Ол жолдың да құрылысы басталып кетті. Алдағы уақытта орталықтарыңызға келіп жетеді. Сонымен қатар биылғы жылы аудандарыңызда 13 елді мекенді көгілдір отынға қосу жұмыстарын бастап жатырмыз. Соның сыртында Қазталов, Жалпақтал ауылдарының ішкі жолдарын жасауды да қолға алынуда. Бұдан басқа тұрғын үй құрылысы да бар,- деді.

IMG_3261Кездесу барысында Қазталов ауданының әкімі Абат Шыныбеков ауданымызда атқарылып жатқан жұмыстар туралы әңгімелеп берсе, ауыл ақсақалдары осындай жұмыстар үшін облыс әкіміне ел атынан алғыстарын білдірді.

Бұдан кейін өңір басшысы ат басын Бозоба-Қайыңды бағытындағы Қараөзен өзені арқылы өтетін қалқымалы көпір бағытына бұрды.

IMG_3261Бұрынғы қалқымалы көпірдің істен шығуына байланысты Қайыңды, Болашақ ауылдық округтерінің тұрғындарына аудан орталығымен қатынас қиындап, Жалпақтал арқылы айналма жолмен жүруге тура келді. Міне, сол мәселенің түйіні шешіліп, жаңадан жасалған қалқымалы көпір 15 мамыр күні ашылған болатын. Бұл қалқымалы көпірді Владимир Самсонов жетекшілік ететін «Орал жөндеу компаниясы» ЖШС 52 млн. 724 мың теңгеге салған. Ұзындығы 42 метр, ені 6 метр, жүк көтеруі 20 тоннаға дейін жететін көпір құрылысы сапалы салынған. Осы қалқымалы көпір арқылы өткен жолаушылар Қайыңды, Болашақ ауылдары арқылы Тасқала-Орал бағытындағы тас жолға тікелей шыға алады.

IMG_3291Келесі кезектегі Ақпәтер ауылдық округіндегі Талғат Қабденов жетекшілік ететін «Перизат» шаруа қожалығында болған облыс әкімі шаруашылықтың жәй-күйімен танысты.

IMG_3334Ақпәтер ауылында былтырғы жылдан бері «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша таза ауыз су құбырының реконстукциялау жұмыстары жүргізілуде. Республикалық бюджеттен қаржыландырып жатырған бұл жобаға 239 млн.689,4 мың теңге бөлініп, ұзындығы 18,731 шақырымды құрайтын су құбыры таза ауыз суымен 1014 адамды қамтымақ. Осы жұмыстардың басында болған облыс басшысы мердігер «БатысгазСтрой» ЖШС-нің өкілдерімен кездесті.

IMG_3365Ауданымызда жүзеге асып жатқан ауқымды жобаның бірі – Киров-Шежін каналының 3-ші кезеңін қайта құру жұмыстары.  3-кезең жұмыстарының  ұзындығы 47,9 шақырымды құрайтын бұл канал іске қосылған кезде Ресейдің Еділ өзенінен келетін су тәуелділігін азайтып, Жайық суын Қараөзенге әкелу мақсаты тұр. Бұл жұмыстарға республика бюджетінен 1 млрд.967,98 млн көлемінде қаржы жұмсалып отыр. Аталған жобаны жүзеге асыру жыл сайын Жайықтан Қараөзенге 50 млн.текше метр көлемінде су айдауға, бұл өз кезегінде жылына 600-700 млн.теңге бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді. Құрылыс жұмыстарын мердігер «АзияТехСтрой» ЖШС жүргізіп жатыр. Киров-Шежін каналының қайта құру жұмыстарын өз көзімен көрген Алтай Сейдірұлы,- Қазіргі атқарылып жатқан жұмыстарды уақытын да және сапалы аяқтауымыз қажет. Алда 4-ші кезеңнің жұмыстарының жоспары тұр,- дей келе мердігерге тапсырма берді.

IMG_3219Өңір басшысының соңғы аялдаған нысаны Жаңажол аулындағы кіреберіс және ауыл ішіндегі көшелердің жолдарын күрделі жөндеу жұмыстары. Жаңажол ауылының кіре берісі мен Жалпақтал ауылына апаратын шыға беріс жолдарына және ауыл ішіндегі 3 көшеге ұзындығы 7,5 км болатын қатқыл табанды жол салу жұмыстары басталған. Сонымен қатар 4 көшеге жаяу жүргінші жолы да жасалып жатыр. Бұл құрылыс жобасына республикалық бюджет есебінен 704 млн.887 мың теңге қаражат бөлініп, құрылыс жұмыстарын облыс жұртшылығына жақсы таныс «Айдана» ЖШС жүргізуде.

Ауданымыздың бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысқан облыс әкімі өз ризашылығын білдіріп, облыс орталығына аттанып кетті.

Қайрат ЖАҚЫП,
Қазталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале