4.09.2018, 10:30
Оқылды: 24

Облыс әкімі жұмыс сапарымен Сырым ауданында болды

Сырым ауданына жұмыс сапарымен Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов барды. Облыс басшысы әуелі Батыс Қазақстан облысындағы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясына» енген нысанның бірі, әулие Жұмағазы Хазіреттің кесенесі орналасқан зиярат кешеніне аялдады.

DSC_0806

Жұмағазы хазірет XYIII ғасырдың аяғы мен XIX ғасырдың басы аралығында Батыс Қазақстан өңірінде өмір сүрген діндар. Кесененің шырақшысы, әулиенің ұрпағы Ғарифолла Жанбозовтың айтуынша, бұл жерге жай күндердің өзінде 50 – 60 адам келетін болса, ал демалыс күндері келушілер саны 350 – 400 адамға дейін көбейетін көрінеді. Келушілер үшін кесененің басында қонақ үй, намазхана бар. Тамасайдың етегінде Жұмағазы бұлағы ағып жатыр.

Кейінгі жылдары бұл зиярат орында түрлі қоғамдық шара өткізіле бастады. Тарих, мәдениет тақырыптары бойынша өзара кеңесу үшін осы жерге қоғам белсенділері, зиялы қауым өкілдері келетін болды. Сол қоғам өкілдерінің тарапынан Самара – Шымкент күре жолынан кесенеге дейінгі 3 шақырымдық жолды жөндеу туралы ұсыныстар айтылып жүр.  Облыс әкімімен кездесуінде осы мәселені шырақшы Ғарифолла Жанбозов тағы көтерді.

- Жол салу мәселесін қолдаймын. Аудан әкімі Төлеген Төреғалиевке жолдың жобалық – сметалық құжатын дайындауды тапсырамын. Құрылыс келесі жылдың көктемінде басталады, – деді облыс әкімі өзінің мәселеге қатысты берген жауабында.

            Халыққа бүгінгі күні Жұмағазы Хазіреттің әулие екені, туған жері Жалпақтал жағы екені ғана аян. Хазіреттің Түркістанға барып ілім алғаны, оның пәлсапалық трактаттар жазғаны туралы айтылатын деректер де толық емес. Хазіреттің ілімді нақты кімнен алғаны, нақты қандай еңбектері бар екені белгісіз. Облыс әкімі Алтай Көлгінов Жұмағазы Хазіретті осы жағынан зерттеуді, тұлғаның өмірбаянына қатысты мәліметтерді нақтылауды қолға алу керектігін айтты. Алдағы уақытта, әкімнің ұсынысына орай, зиярат орнының тарихын, әулиенің өмірбаянын таныстыру мақсатында заманауи технологияларды пайдалану, мәселен QR – код орнату да қолға алынбақ.

Ғарифолла Жанбозов облыс әкімінің зиярат орнын дамыту, зерттеу жұмыстарын жандандыру туралы ұсыныстарын қуана қолдады. Өйткені ол, осыған дейін  «Дәдем ата» қорының төрағасы ретінде атасы туралы деректерді білмек ниетпен Алматы қаласындағы, тіпті Астрахань, Орынбор қалаларындағы мұрағаттарға сұрау салып көрген екен.  Бірақ, амал нәтижесіз болған.

-Дәдем ата қорымының Қазақстанның киелі жерлерінің қатарына енуі зерттеу жұмыстарына жаңалық әкеледі деген сенімдемін. Жұмағазы Хазіретті тану арқылы өлкеміздің тарихы байи түсер еді. Бұл жерге шетелден туристер де көп келеді. Заманауи технологиялар олар үшін түсінікті болады деп ойлаймын. Өзіміз зиярат орынының басынан кітапхана ашуды жоспарлап отырмыз,– дейді  Ғарифолла Жанбозов.

Биыл аудан орталығының іргесіндегі Өлеңті ауылының кіреберісінің 1 шақырымдық жолы күрделі жөндеуден өтті. Мердігер «АнушҚұрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тапсырылған жұмысты тамыз айында толық аяқтады. Жаздың бас кезінде Сырым ауданындағы жұмыс сапарымен болған облыс әкімі Алтай Көлгінов бұл жұмыстың басталуымен танысқан. Енді жұмыстың қорытындысын көрді. Атқарылған жұмыс туралы мердігер, «АнушҚұрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының орынбасары Оганнес Минасян баяндады. Орындалған жобаны мемлекеттік қабылдау әлі болған жоқ.

Келесі жылы Өлеңті ауылының ішіне жаяу жүргіншілер жолы салынады. Облыс әкімі аудан әкімі Төлеген Төреғалиевке осы тапсырма бойынша жұмыстануды тапсырды.

Облыс басшысы Өлеңті ауылының ақсақалдарымен де жүздесті. Ауыл қарттары облыс басшысына ауылдың игілігіне бағытталған жұмыстарға қолдау білдіргені үшін алғыс айтты.

Қарттар өз кезегінде ауылдың дамуына қатысты ұсыныстарын да білдірді. Мәселен, еңбек ардагері Болат Уәлиев ауылшаруашылығын әртараптандыру керек деп есептейді. Ауыл шаруалары мал шаруашылығымен ғана емес, егін шаруашылығымен де айналысса деген ойы бар. Күнінде Өлеңті ауылының іргесіндегі алқаптар жоқ дегенде гектарына 5 – 6 центнер өнім беріп жүрген. Сол шаруашылық қайта жанданса, Өлеңті ауылының маңындағы алқаптарды суаратын бөгеттер қалпына келтірілсе деген ұсынысты өңір басшысы да мақұлдап отыр. Тек, қай еңбекте де өнімділік бірінші кезекте болуы керек.

Алтай Көлгінов еңбек туралы ойын былай тарқатты:

-Еңбектің кілті – кәсіп үйрену. Тұрғындардың кәсіпкерлік негіздері бойынша білім алуына, кәсіпкерлікке келуіне мемлекет үлкен маңыз беріп отыр. Кәсіптің үлкен болуы маңызды емес. Шағын кәсіп болса да болады. Ең бастысы, кәсіпкер өзінің кәсібін игере алса, жанұясын асырай алса болды.

Облыс әкімінің жұмыс сапары кейін Қаратөбе ауданында жалғасты.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы

DSC_0720 DSC_0725 DSC_0765

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале