8.06.2018, 23:38
Оқылды: 100

Облыс әкімі жұмыс сапарымен Жәнібек ауданына барды

IMG_0115Облыс әкімі Алтай Көлгіновтің Жәнібек ауданына жұмыс сапары Ақоба ауылдық округінің аумағында орналасқан Әбділман және Соркөл жайылмаларының жұмысымен танысудан басталды.

Жобалық құны 393853 мың теңге құраған бұл нысандарды өткен жылы «УральскСтройИнвест» ЖШС талапқа сай жөндеген болатын. Құрылыс жұмыстарының барысында аталмыш жайылмалардың жағалаулары кеңейтіліп, плиталар төселіп, дамбалар жасалды. Сондай-ақ каналдар тазартылып, су ағызу құрылғылары қондырылды. Қазіргі уақытта гидроқұрылымдарды қалпына келтіру жұмыстары өз нәтижесін беріп, биылғы түскен қардың суы мол жиналған.

Жайылмалы суару Ақоба ауылдық округі бойынша 1370, Борсы ауылдық округі бойынша 500, барлығы 1870 гектар жерді құрап отыр. Төрт су жіберу құрылғысының біреуі Әбдіраманда, үшеуі Соркөлде орнатылған.

IMG_0027– Жайылмалы суарудың жалпы көлемі 1870 гектарды құрайды. Биылғы жиналған су көлемі жеткілікті. Алдағы уақытта қар мол түсіп, жауын-шашын болып тұрса, мұнда 2-6 млн текше метрге дейін су жиналатын болады, - деді құрылысты жүргізген «УральскСтройИнвест» ЖШС-ның директоры Алексей Безьянов.

«Әлем» шаруа қожалығының жетекшісі, облыстық мәслихаттың депутаты Ескендір Елемесовтің айтуынша, жайылмалы суару Ақоба, Борсы, көршілес Қазталов ауданының Қошанкөл, Қараоба ауылдарының аумақтарын қамтуға мүмкіндік береді. Өңір басшысы Алтай Сейдірұлы  бұл жұмысқа бастамашы болған Ескендір Қапарұлы екендігін айтып, оған болашақта осы маңнан бау-бақша салу мүмкіндігін қарастыру жөніндегі ұсынысын жеткізді.

IMG_0029Бұдан кейін облыс әкімі бастаған топ жол-жөнекей «Әлем» шаруа қожалығының «Беркәлі» қыстағында болып, малды қолдан ұрықтандыру пунктінің жұмысымен танысты. Ол жөнінде қожалық жетекшісі Ескендір Елемесов пен ұрықтандырушы-техник Нұрлан Шоқанов кеңінен түсінік берді.

Ақоба ауылында болған Алтай Сейдірұлы аудан, ауыл ақсақалдарымен кездесті. Ауылдың байырғы тұрғыны Мұрат Мұхамбетқалиев ауылда ауыз су құбырының құрылысы жүріп жатқанын, ұялы байланыс жүйесінің іске қосылғанын, спортзал салынғанын айтып, ауыл халқының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларының біртіндеп шешімін тауып жатқанын зор ризашылықпен жеткізіп, ауылға алғаш рет келіп тұрған облыс басшысына алғысын білдірді. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Уәлиев те өзінің ізгі тілегін арнады.

IMG_0065 –Елбасының берген тапсырмасына орай келер жылдан бастап, Қазталов, Жәнібек, Бөкей Ордасы бағытындағы күре жолға асфальт төсеу жұмыстары басталатын болады. Елбасының бес әлеуметтік бастамасына байланысты кәсіпкерлікті қаржыландыру екі есе өсіп, төрт млрд.теңгені құрады. Осыған орай өз кәсібін ашамын деген адамға барлық жағдай жасалуда. Сондықтан  осы мүмкіндікті пайдаланып, тек ерінбей еңбек ету керек. Мал шаруашылығын одан әрі дамытып, ірі қараны бір миллион басқа жеткізуіміз қажет. Атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы тәуелсіздігіміздің, елдегі тыныштықтың арқасы,-деді Алтай Сейдірұлы.

Осы арада аудан әкімі Азамат Сафималиев ауданға тартылған инвестиция, мал шаруашылығы, елді мекендерді газдандыру, сондай-ақ, басқа да өзекті мәселелер жөнінде облыс басшысын хабардар етті.

Бұдан соң өңір басшысы ауыз су құбыры құрылысының жұмыс барысымен танысып, құрылысы былтыр пайдалануға берілген Х.Халиуллин атындағы мектеп жанындағы спорт залда, күрделі жөндеу жұмысы жүріп жатқан фельдшерлік-акушерлік пунктте болып, жұмыстың жай-жапсарына қанықты.

IMG_0018Үстіміздегі жылы Жәнібек ауданының орталығында 80 тұрғын үй салынып, пайдалануға берілмек. Облыс басшысы Ақоба ауылынан аудан орталығына келген бойда солтүстік-шығыс беткейде құрылысы жүргізіліп жатқан 40 тұрғын үйге бет түзеді. Мұнда облыс әкіміне «Қазқұрылыссервис» ЖШС директоры Айдарбек Сейітмұратов құрылысы аяқталуға таяу қалған үйлердің жай-жапсарымен таныстырды. Қызылорда қаласынан келген бірінші санатты құрылыс мекемесінде 50 шақты құрылысқа арналған техника және 100-ден астам адам жұмыс істейді. Тұрғын үй құрылысына жергілікті жерден де адамдар тартылған.  Құрылыс материалдарының бәрі де өздерінен шығады. Өткен жылы аталған серіктестік Жәнібек ауылының ішіне  ауыз су құбырын жүргізіп, тұрғындарды таза суға кенелткен.

–Бір пәтердің ауданы 71 шаршы метр болса, бір үйдің ауданы 190 шаршы метр, құрылыс құны 301 миллион теңге. Тұрғын үйлердің құрылысын Астананың 20 жылдық мерекесінде, яғни, 6 шілде күні бітіреміз деп тырысып жатырмыз,-деді серіктестік директоры.

Салынып жатқан тұрғын үйге кіріп, пәтер ішіндегі бөлмелерді аралаған  өңір басшысы құрылысшылардың қарқынына көңілі толды. Тұрғын үйлерге газ, су келіп тұр. Бөлмелердің іші қазіргі заманға лайық құрылыс материалдарымен жабдықталып, көрген жанның көзін қуантады.

-Үйдің айналасына қоршау тұрғызыңыздар. Осында қоныстанатын тұрғындар тал-терек отырғызса,  жанға жайлы көлеңкелі сая болып, өздеріне қолайлы жағдай жасайды, -деген облыс әкімі құрылысшыларға үйлерді сапалы аяқтауды нықтап тапсырды.

Аудан орталығындағы құрылысы бітуге таяу қалған теміржолдың арғы бетіндегі 40 үйді Қызылорда қаласындағы «Реалстройинвест» ЖШС  құрылысшылары былтыр тамыз айында бастаған. Бұл  үйлердің құрылысы да биыл шілдеде аяқталып, тұрғындар қоныс тойын тойламақ. Жаңадан салынып, пайдалануға берілетін тұрғын үйді қарап шыққан облыс басшысы үйлерді сапалы бітіру,  айналасын қоршау мен тал егу мәселесін қадап айтып, құрылысшылардың жұмысына сәттілік тіледі.

Бұдан кейін Алтай Сейдірұлы көршілес Ресейге баратын Жәнібектегі шекаралық өткізу пунктіне ат басын бұрды. Шекаралық бекетке келгесін шекара басшыларымен сөйлесіп, олардан өткізу пунктінен күніне 40-50 түрлі жүк тасымалдаушы, 200-250 жеңіл автокөліктер өтетінін, ал қатқыл жол төселген жағдайда оның саны бұдан да көбейе түсетінін анықтап білді. Бекеттен, әсіресе, жаз кезінде автокөліктер көп өтетін көрінеді.

Өңір басшысы шекара басшыларына алдағы уақытта Ресейдің өткізу пунктіне дейін қатқыл табанды жол салынатынын айтып, 8 жолақты көлік ағынын реттеуіш құрылғылар орнатқан жағдайда шекара пунктінің айналасын кеңейту жайындағы ұсынысын білдірді.

А.Құсайынов,
Н.Жапақов

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале