30.04.2020, 12:04
Оқылды: 185

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Жаңақалаға жұмыс сапарымен келді

29 сәуір күні Жаңақала ауданына жұмыс сапарымен облыс әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев келді. Мұхтар Наурызбайұлы ең алдымен «Ет комбинатына» ат басын бұрып, оның қазіргі тыныс-тіршілігімен танысты.

BDA3A34B-14B3-442F-B575-3AC76267F4B6

Жалпы, Жаңақала «Ет комбинатында» күн сайын 30 бас ірі қара және 30 бас ұсақ мүйізді ірі қара сойылады. Мұнда 3 дана тоңазытқыш және 19 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Өз кезегінде М.Манкеев алдағы уақытта аталмыш «Ет комбинатына» Жаңақаладан басқа төрт ауданның бруцеллезге шалдыққан малы жіберілетінін мәлімдеп, осыған орай тапсырма бергенін айтты. Одан әрі облыс әкімінің бірінші орынбасары М.Манкеев аудан орталығындағы «Сәбен» сауда үйінде болып, дүкен сөрелерін аралап, азық-түлік бағасын қарады. Сауда орталығында азық-түлік бағасының негізсіз өспегенін байқаған М.Наурызбайұлы сауда үйінің иесі, жергілікті жеке кәсіпкер Хамит Сәбеновке өз ризашылығын білдірді.

D1BBF5FD-7BE5-47F8-9A47-4DE8FA250F62

Мұнан кейін аудан әкімдігінің ғимаратында облыс әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев, Жаңақала ауданы әкімі Наурызбай Қарағойшин, аудан әкімінің орынбасары Асқар Мұқамбетжанов және басқарма, бөлім басшыларының қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Басқосуда аудан әкімінің орынбасары Асқар Жомартұлы ауданның ауыл шаруашылығы саласы, соның ішінде жер мәселесі бойынша атқарылған жұмыстарды баяндап, аудандағы иегерілген және бос жатқан жайылым жерлерінен толыққанды мәлімет берді. Бұл бағытта М.Манкеев бос жатқан жерлерге мониторинг жүргізіп, жерді алып игермей отқан шаруа қожалықтарын бақылауда ұстауды, жерге байланысты жұмыстарды әліде ширата түсу керектігін айтты. Бұдан соң облыстан келген өкілдер жаңадан салынып жатқан 160 орынға арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысымен танысты. Облыстан келген меймандарға нысанның құрылыс барысы таныстырылып, кешеннің алдағы жұмыс бағыты жөнінде баяндалды.

Айта кетсек, көптен күткен спорт кешеніне тапсырыс беруші – "ҚПО" компаниясы. Кешеннің құрылысын жүргізіп жатқан мердігер «Жайксельстрой» ЖШС, құрылысты 2020 жылдың мамыр айының орта тұсында аяқтауды жоспарлауда. Қазіргі таңда нысанның сыртқы жұмыстары аяқталып, ішкі жұмыстары қалды. Құрылыс басшылары спорт кешенін құрылысын жоспарлаған уақыттан бұрын аяқтауға тырысатындарын тілге тиек етті. Спорт кешенін аралаған облыс әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев құрылысшыларға сәттілік тілеп, «ашылу салтанатына келейік» деген жылы лебізін білдірді.

42EF4071-82CE-43D0-9E2C-AC510FBA24D2

Бұдан әрі М.Наурызбайұлы бастаған топ Бірлік ауылдық округіне қарай бет алды. Бұл жақта асыл тұқымды еділбай қойын өсіретін «Бірлік мал зауыты» ЖШС-нің төл алу науқанымен танысып, қыстақтарды аралады.

Өз кезегінде «Бірлік мал зауыты» ЖШС директоры Қанат Ешімов қой шаруашылығындағы түйіні тарқамаған түйткілдер мен маңызы бар қиындықтарды айта келіп, малға су жетіспейтіндігін, соңғы жылдары тас кененің көбейіп кеткендігін, мал бағатын тұрақты жұмысшылардың жоқтығын тілге тиек етті. Шаруашылық басшысы Қ.Ешімовтың сөзін мұқият тыңдаған М.Манкеев су жіберу мен кенені кетіру бағытында тиісті салаларға тапсырмалар беретіндігін жеткізді. Мұнан кейін М.Манкеев қызылобалық Бекболат Жағыпаровтың иелігіндегі «Хафиз» шаруа қожалығында болды. Бұл қыстақта әңгіме мал өрісінде өрбіді. Өріске барғанымызда «жигулимен» сиыр бағып жүрген малшыны көзіміз шалды.

09467753-9131-43CA-BA4B-001E6D0F66ED

Қазақтың асыл тұқымды ақбас сиырлары жайылып жатыр екен. Қожалықтың бүгінгі хал-ахуалын сөз еткен аудандық мәслихат депутаты, «Хафиз» шаруа қожалығының жетекшісі Б.Жағыпаров жағдайдың жақсы екенін хабарлай келіп, соңғы жылдары лимандарға судың дұрыс келмеуі себебінен малға су жетіспеушілігі туындап, қиындық туғызып отырғанын айтты. Және шаруа қожалықта 470 бастай мүйізді ірі қара барын, одан бүгінгі таңда 200 бас бұзау алғанын, әлі де мал төлдеу науқанының жалғасатынын жеткізді. Ал облыс әкімінің бірінші орынбасары М.Манкеев шаруалар көтерген мәселелер жауапсыз қалмайтынын жеткізіп, мал баққан ағайынның тынымсыз тіршілігіне таңданысын білдіріп, олардың ерен еңбегіне береке тіледі.

Ақсұңқар Сәдір

Жаңақала ауданы

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале