20.05.2017, 19:13
Оқылды: 45

Облыс басшысы Үшана ауылындағы сумен жабдықтау жүйесінің құрылысы жұмыстарымен танысты

Каратобе 021   Қаратөбе ауданы орталығынан кейін өңір басшысы Алтай Көлгінов Сулыкөл ауылдық округіне аялдап, округтегі «Ақылбек» шаруа қожалығының тыныс-тіршілігімен танысып, шаруашылықтың болашақ жоба-жоспарларымен ой бөлісті.

   2007 жылы құрылған қожалықта (жетекшісі Қайырболды Сәрсенғалиев) 120 бас мүйізді ірі қара бар, оның ішінде 90 басы аналық мал басын құрайды. Оның сыртында 35 жылқы, 150 қой малы бағылады.


   Тұрғын үймен, қажетті техникалармен толыққанды қамтамасыз етілген шаруашылықта 4 жұмысшы қызмет етеді.

   Қожалық басшылығы болашақта мал басын асылдандыру ісін қолға алуды жоспарлап та қойған.

   Тап осы тұста округтің еңбеккерлерімен кездесіп, олардың кәсіптері жөнінде толыққанды ақпарат алған өңір басшысы А.Көлгінов округтегі қожалық жетекшілері жұмыстарына оң бағасын берді.

   Бұдан әрі облыс басшысы Алтай Сейдірұлы Қаратөбе ауданы су қоры көзінен Үшана ауылына дейінгі елді мекендерді сумен жабдықтау жүйесінің құрылысы жұмыстары жүргізіліп жатқан нысанға барды.

Каратобе 022   Қазіргі уақытта Үшана ауылынан басталған сумен жабдықтау жүйесінің құрылысы жұмыстары ауылдық елді мекендердің орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесіне қолжетімділігін арттыру, жергілікті халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатын көздейді.

   Бастапқы қаржы – 180 млн. Ал, жобаның жалпы құны 900 млн. қаражатты құрайды.

   Бүгінде құрылыс жұмыстарына жергілікті азаматтар да тартылған. Қарапайым жұмысшыларға күніне 1500-3000 теңге, арнайы жұмысшыларға 2000-4000 теңге төленеді.

   Бас мердігер «KazConstructionGroup» ЖШС (бас директор Мұратбек Мұхамбедиев) жүргізіп отырған сумен жабдықтау жүйесінің құрылысы жұмыстары бойынша Қаратөбе ауылынан Үшана ауылына дейінгі аралықта су құбыры тартылады.

   Жалпы ұзындығы 54 шақырымға жуықтайтын жоба негізінде Шөптікөл, Үшағаш, Соналы, Сулыкөл және Үшана ауылдарына таза да сапалы ауыз су жеткізілетін болады. Құрылыс мерзімі 9 ай аралықты қамтиды.

   Үшана ауылындағы ұлағат ұясының ауласында жергілікті тұрғындармен емен-жарқын дидарласқан облыс басшысына ауыл ақсақалдар кезекпе-кезек алғыстарын жаудырды.

   Ауыл халқының арман-тілегінің орындалуына қолдау білдірген өңір басшысына алғашқылардың бірі болып алғысын жеткізген ауыл ақсақалы Аман Жүсіпқалиұлы:

  • Су – тіршілік көзі. Сусыз өмір жоқ. Біздің өміріміз табиғатпен тікелей байланысты. Табиғат байлығы Каратобе 023сапалы ауыз судың осы уақыттар аралығында түйінді мәселе боп келгендігі жасырын емес. Енді міне, біз арман еткен мәселенің таяу аралықта оң шешімін табатындығына көзіміз әбден жетіп отыр. Бұл мәселесінің оңтайлы шешілуіне бірден-бір қолдау көрсеткен өзіңіз болатынсыз, Алтай Сейдірұлы. Сол себепті Сізге ауыл халқы атынан алғысымды жеткізгім келеді, - деді.

   Сонымен қатар, сапар шеңберінде Б.Аманшин атындағы жалпы орта білім беретін мектеп пен ауылдағы дәрігерлік бөлімшеде болған өңір басшысы білім беру мен денсаулық сақтау саласы бойынша жасалынып жатырған жұмыстардың нәтижелілігіне риза болды.

   Сапар барысында облыс басшысы Алтай Көлгіновпен бірге облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев, облыстық мәслихат хатшысы Мәлік Құлшар, Қаратөбе ауданының әкімі Асхат Шахаров, облыстық басқарма басшылары, т.б. лауазымды тұлғалар болды.

Ертай БИМҰХАНОВ

Қаратөбе ауданы

Суреттерді түсірген: Серікбай ХАСАНОВ

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале