4.10.2017, 17:39
Оқылды: 52

Ойланайық, ағайын!

Еліктегіш, еріп кеткіш жұрт екеніміз бесенеден белгілі. Соңғы кезде демеушілердің қолдауымен әжептәуір қаржы шығарып, ортасына ойып жүректің суретін салып, ауылдың атауын тұғырға орнату әр жерде әдетке (модаға) айналды.

Әріптес, қатар қызмет атқарып жүрген азаматтардың көңіліне келмесін, алайда, оның мән-мазмұнына, ауыл атауының шығу төркініне көңіл аударып жатырған ешкім жоқ.

Мысалы, «Менің жүрегім - Қызылоба». Ал, ауылдың осы атауы қалай пайда болды, қайдан шықты, оны кім-кім де тарқатып айтып бере алмайды. Оба деп әдетте көп адам жерленген қауымды айтады. Ал, энциклопедиялық анықтамада оба – аса қауіпті, жұқпалы індет, қоздырғыш бактерия деп түсіндірілген.

Ақиқатына келсек біздегі ауыл атауларының бірқатары жүрекпен жалаулататындай мазмұнға ие емес.

Мен өзім өсіп-өнген Мәстексай ауылының атауын жүрекпен қабылдай алмас едім. Неліктен бір кездегі орыс мұжықтарының мәстек аттары жайылған сайды жүрегіме балауым керек?

Ол, ол ма «Менің жүрегім - Пятимар». Пятимар ауызекі тілде  «Бесқалмақ» деп те аталады. Бір кезде бұл өңірді қалмақтар қоныстанғаны да ақиқат. Сонда өткен ғасырларда қазақты қойдай қырып, ақтабан шұбырындыға ұшыратқан қалмақтарды жүрегімізге баласақ, жетіскен екенбіз.

Әрине, ауылдардың осылайша аталуына бүгінгі ұрпақ, іс басындағы адамдар кінәлі емес. Десек те әр сөздің шығу төркініне абай болғанымыз жөн.

Тіпті, қажет деп тапса «Менің сүйікті ауылым», «Ауылым – алтын бесігім», «Ауыл – Алаштың алтын ұясы», «Ауылыңды аяла!» деген сыңайлы қанатты сөздер жетіп жатыр емес пе? Ойланайық, ағайын!

 Закария СИСЕНҒАЛИ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале