19.06.2019, 16:20
Оқылды: 746

Окопта тұрған қыз

1933 жыл. Қаратөбе. Кәмпескелеудің халықтың түбіне жеткен уақыты. Үкіметтің «қызыл көзі» татар саудагері Нұрмұхамед Сейфуддиновтың азын-аулақ ауқатына түсті. Адал еңбегімен жинаған дүнияңды біреуге бере салу оңай ма? Нұрмұхамедтің өмірінен тыныштық кетті. Жанұясына да қауіп төне бастағанын сезген саудагер ауылдан бір түнде көшіп кетті. Олар Шыңғырлауға аз аялдап, кейін Сталинград асты. Бұл кезде 6 баланың ең кішкентайы Кәусария үш жаста еді.

dav

Саудагердің жанұясы қалаға аман жетіп, Солтүстік қалашық жаққа тұрақтады. Көп ұзамай Горный поселкасына түбегейлі қоныстанды. Нұрмұхамедтің ту Қаратөбеден Сталинград асып кетуінің бір себебі – балаларын оқыту болған. Әкенің ойлағаны болып, балалар қала мектебіне оқуға қабылданды. Өзі Сталинград трактор зауытына жұмысқа тұрды. Сөйтіп, Сейфуддиновтар үшін сәулелі күндер басталды. Сол сәулені, сол тыныштықты көшедегі радионың дауысы бұзды.

-22 июня. Ровно в 4 часа. Киев бомбили. Нам объявили что начилась война!

Радиохабардан кейін Сталинград демін ішке тартып, тынып қалды. Кейін қаланың жүрегі қайта соға бастады. Бірақ, басқаша соқты. Алып қаланың кеудесінде батырлықтың, қайсарлықтың жүрегі оянған еді.

Қала мектептерінде сабақ жөнді өтпей, тіпті тоқтады деуге болады. Қаршадай оқушылар қолдарына күрек алып, өз еріктерімен танктарға арнап ор қазу жұмыстарына кірісті. Кәусария сияқты бастауыш сыныпта оқитын қыз балалар да қарап қалмай, орлардың топырағын шелекпен сыртқа тасып, ұлдармен бірдей еңбек етті. Балалардың қазған траншеялары Сталинград қаласына қамалдан артық көмек болды. Таудан түсемін деген талай жау техникасы тұмсығымен орға құлап, шыға алмай жатты.

Неміс ұшақтары Сталинград көгін бір сәтке тыныш қоймады. Тілгілеп ұшады да жатады. Жай ұшпайды. Көктен жерге қарай уыс-уыс бомба төгеді. Сондай бомбаның біреуі Сейфуддиновтер тұратын үйге құлады.  Абырой болғанда, бомба олар үйде жоқ кезде түсті. Зәулім үйдің орынында қирандылар ғана қалды.

Ол кез жағдай таңдайтын, күй талғайтын уақыт емес еді. Нұрмұхамед те үйдің жарылғанын қайғы қылған жоқ, жанұяма бас сауғалайтын мекен табылса болды деді. Бас сауғалауға, жарылыстан қорғануға, былай айтқанда тірі қалуға окоптан артық жер жоқ. Сөйтіп, Сейфуддиновтар 8 ай бойы суық окопты мекендеді. Жасы оннан енді асқан балауса қыз Кәусария үшін окоптан жылы, окоптан мейірбан мекен жоқ болып көрінді.

Неміс әскерлері қырағы. Көзге түскен адамды қағып түсіреді. Балаларға оқ ата қоймайды. Сондықтан окоптағы жанұясына ауыз суды Кәусария таситын. Қаланың жаны сай – сала, Еділ өзені де тиіп тұр. Халық суды өзеннің өзінен, кейде сол сайлардың бірінен алады. Суы таза сай табу қиындау. Өйткені, судың іші өлген адамдарға толып жатады.

Кәусарияның екі кішкентай шелекпен өзеннен су алып келе жатқан беті. Немістер қызық көріп, оқты біресе алдына, біресе артына қарай атады. Оққа ұшып кетем бе деп қаршадай қызда зәре жоқ! Ал немістерге бәрібір! Оларға ойын керек! Қара терге малынып, екі шелекті тарс қылып ұстаған Кәусария окоптың ауызына да жетті-ау! Суды сыртқа қойды да, өзі зып беріп ішке қарай түсіп кетті. Уфф!

Арада сәл уақыт өтті. Су толы шелекті ішке қарай алайын деп Нұрмұхамедтің окоптан басын көтере бергені сол еді, тарс еткен дыбыс шықты. Бұл – Нұрмұхамедтің өміріне нүкте қойған дыбыс еді. Неміс мылтығының оғы оның оң самайынан кіріп, басын тесіп, сол жағынан шықты. Қара қан судай ақты. Әкелері құлап үлгермеді, балалары демеп, өз қолдарымен жатқызды.

Марқұм Нұрмұхамед осы күннің бір күні болмаса, бір күні болатынын білді. Сондықтан өзімен бірге Шыңғырлаудан Сталинградқа көшіп келген бір шалға былай деп айтқан:

-Соғыс ешкімді аяп жатқан жоқ! Біреуіміздің өлетініміз белгілі. Қарт, сен менің жанымда бол! Мен өлсем, сен маған Құран оқисың! Сен өлсең, мен саған Құран оқимын! Имансыз кетпейік!

Шал арнап Құран оқып, Нұрмұхамедті киімімен окоптың түбіне көмді. Тек етігін ғана шешіп, аяғының астына қойды. «Пәктемеді демессің! Шаһидсың ғой!» - деді ішінен.

Жары күйеуінен, балалары әкелерінен айырылып, азан-қазан болып жатқанда, сау етіп окоптың ішіне немістер кіріп келді. Немістердің бұлардың қайғысымен шаруасы жоқ.

-Мына жерде кім жатыр? Біздің жауынгер емес пе? – деді олар жаңа қабірдің жас топырағын аяқпен нұқып көрсетіп.

-Менің күйеуім жатыр! Балаларымның әкесі жатыр! Тимеңдер! – деді Нұрмұхамедтің жесірі Ғазиза. Әйелдің өткір сөзінен кейін немістер қабірді қаздыруға батпады. Бірақ, әйел мен балаларды окоптан алып шығып, Гумрак деген жердегі қоршауларына апарып кіргізді. Бұл кезде Ғазизаның қолында сегіз айлық нәрестесі бар еді. Немістер былай қарай қуып, оқ былай қарай айдап жүргенде байғұс ана күздігүні сегіз айлық сәбиімен суға түсіп кетті. Жабылып, жан-жақтан тартып, балалар шығарып алды қайта. Сәби сол суықтан оңалмады. Ақыры, неміс қоршауында жүргенде демі үзілді.

Сәби сәби ғой, Нұрмұхамедтің өзінің сүйегі Сталинградта қалды. Үлкен ұлы Равиль соғысқа аттанып, танкте жүргенде екі аяғынан айырылды. Госпитальда емделіп, майданға қайта кірді. Сол кіргеннен, тірі шықпады. Өкініштісі, Равиль жанұясынан хабар ала алмай, арманда кетті. Әулетінің қай жақта жүргенін білмегеннен кейін, нағашы апасына өзінің қайтадан соғысқа аттанып бара жатқандығын айтып хат жазыпты.

Қала неміс басқыншыларынан азат етілгеннен кейін, тұрғындарға жақындарына баруға жағдай жасалды. Сейфуддиновтардан қалған Ғазиза мен бес бала мінген пойыз 1943 жылы жаздыгүні Орал қаласына келіп тоқтады. Ғазизаның еті тірі еді. Бес баланы шіркеудің қасына отырғызып, қаланың базарына барып, қаратөбеліктерді тауып алады. Анасы Жымпитыға қарай кеткен екен, Ғазиза да балаларын ертіп, Жымпитыға келді. Олардың осы жерге қоныстанып, аяқтанып кетуіне күйеу баласы, cол уақытта бір өзі 27 қоймаға басшылық жасаған Хабиб Ғайсин көмектесті. Хабиб (Хабиболла) – Ұлы Отан соғысының ардагері Қадыр Ғайсиннің әкесі.

Кәусария кейін Алматыға барып, бухгалтерлік оқу оқыды. Оқуды ревизор – үйлестіруші болып қайта жалғастырды. 1956 жылы Ұлы Отан соғысының ардагері, Кеңес-Жапон соғысының қатысушысы, агроном Мәжит Ізімов деген азаматпен шаңырақ көтерді. Екеуі 11 перзентті тәрбиелеп өсірді.

Кәусария әжей қазір Сырым ауданы, Көгеріс ауылында, кенже ұлы Рашиттың қолында тұрады. Жасы 90-ға келген кейуананың 4 ұлы мен 4 қызы бүгінде дін аман, өз алдына жанұя болып, ұрпақ тәрбиелеуде. Жуырда 20 немере, 17 жиен, 10 шақты шөбере мен 3 шөпшектің әжесі болып отырған Кәусария анаға арнайы барып сәлем беріп, әңгімесін тыңдадық.

Жасы 90 -ға келген ананың құлағында әлгі радиодан сөйлеген диктордың дауысы әлі тұр екен.

-22 июня. Ровно в 4 часа. Киев бомбили. Нам объявили что начилась война! Осы сөздер миымнан кетпейді.

Біз өлген немісті де, тірі немісті де көрдік. Немістерге сатылған украиндықтарды көрдік. Олар біздерді тоқтатып алып, қайдан келе жатқанымызды, қалада кімдер бар екенін сұрайтын.

Қаланың іші өлікке толып кеткен кездер болды. Дүкендер иесіз қалды. Өлген адамдарды аттап өтіп, дүкендерден азық-түлік алып, өмір сүріп жүрдік.

Сталинград қаласында немістердің далалық асханалары болатын. Біздер олардың шатырларына барып, нан сұрайтынбыз. Немістердің барлығы жауыз болған жоқ. Олардың ішінде де бұйрықты амалсыз орындаған, адамгершілігі түзу жауынгерлер бар еді. Сондай немістер ешкімге көрсетпей, біздерге нан беретін.

-Біздің де жанұямыз, бала-шағамыз бар! Соғысқымыз келмейді,-деуші еді олар.

Батыр қала Сталинград пен осы қала үшін 1942 жылдың 17 шілдесі мен 18 қарашасы аралығында болған шайқас жөнінде талай поэма жазылды, талай кино түсірілді. Жауынгерлер өз алдына, жеңіс үшін, тыныш өмір үшін адал күрескен қаланың әрбір тұрғынының, тіпті Кәусариядай балғын балалардың ерлігі сол поэмаларда жырланды ма, киноларда көрсетілді ме, оны білмейміз. Біздің білетініміз, соғыстың тірі куәгері Кәусария Ізімова - сондай ерліктің иесі. Оған дәлел – анамыздың өмір.

Бір қызығы, Сталинград шайқасын көзімен көріп, аспанда ұшқан ұшақ пен жерде ұшқан оқтың арасынан аман шыққан батыр қыз Кәусария Ізімова ауданның басындағы Жеңіс мерекесіне арналған шараларға қатыспапты. Түрлі себептерге байланысты әжейдің өзі қатыса алмай қалып жүр ме, әлде біз ондай адамның бар екенін ұмытып жүрміз бе, ол жағы енді маңызды емес. Маңыздысы енді ұмытпауымыз, ерлік иесін елеп ескеруіміз керек. Қарт анаға біздің жиналысымыз, бір бет құттықтау хатымыз қажет емес, ал ол кісінің көргені, әңгімесі мен батиқасы бүгінгі ұрпаққа керек.

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале