20.06.2018, 18:04
Оқылды: 48

Өлкетанушылар форумы Тақсайда жалғасты

IMG_0026Облыс орталығында басталған  «Жайықтың қасиетті орындары» атты өлкетанушылардың республикалық форумының қатысушылары ауданда болды.

Олар Долин ауылы маңындағы Тақсай оба кешеніне ат басын бұрып, өңірімізде табылған жауһар ескерткіштің кереметтері жөнінде археолог мамандардан естіді.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізіліп отырған «Жайықтың қасиетті орындары» форумының мақсаты - Батыс Қазақстан облысының тарихи-мәдени мұраларын сақтау және насихаттау, Жайықтың киелі жерлерінің жүйелі түрде  ғылыми зерттелуіне жол ашу, өңір тұрғындарының туған өлке тарихына қызығушылығы мен жауапкершілігін арттыру,- дейді ұйымдастырушылар.

Тақсай қорғанынан 2012 жылы табылған ақсүйек сармат әйелінің қабірі отандық археология ғылымындағы зор табыстың бірі ретінде есептеледі. Қабірден әйелдің мүрдесімен бірге әшекейлері, жапырақты жапсырмалары, білезіктері табылған. Және мұның бәрі алтыннан болатын. Есік қорғанынан табылған әйгілі «Алтын адам» бейнесін қалпына келтірген ғалым-реставратор Қырым Алтынбектің жетекшілігімен ақсүйек әйелдің мүсіні қайта жаңғыртылды. Қазіргі таңда «Тақсай ханшайымы» деген атты иеленген бұл ескерткіш жәдігердің түпнұсқасы Ұлттық музейде сақтаулы тұр. «Тақсай ханшайымының» қабірін ғалымдар біздің заманымызға дейін V-VІ ғасырларға жатқызды.

Осы жөнінде форум қатысушыларына БҚО тарих және археология орталығының ғылыми қызметкері Я.Лұқпанова айтып өтті.

 

Әділет ӘЛІБЕКҰЛЫ
Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале