22.07.2020, 21:45
Оқылды: 124

Өмір үшін арпалысқан екі апта

«Жаз. Аптап ыстық. Кешкілік балалар әдеттегідей ойыннан келді. Есік алдындағы душқа балаларды жуындырып алдым. Артынша өзім де түстім. Кешкі асты ішіп алып, ұйқыға кеттік. Таң ата қызулап ояндым. Әлсірей бастағасын учаскелік медбикеге хабарласып, жағдайымды айттым. Көп кешікпей медбике келіп, қызу, қан қысымымды өлшеп, антибиотик берді. Кеш батты. Қызу түспеді. Енді ауруханадан медбике коронавирусқа тексеру үшін сынама алып кетті. Содан 18 маусым күні кешкі сағат 23.00-де жедел жәрдем шақырып, ауруханаға түстім. Кезекші дәрігер Ербол Сәрсенғалиев дереу жағдайымды тексеріп, система қойып, укол жасады»,- деп Лаура әңгімесін бастады...

98E0F7E0-2E30-4BAF-9DAE-FA25E40C42C7

-Лаура Халина ауруханаға түскен кезде жағдайы қиын болды. Дене қызуы 38,5 -38,7-ден түспеді. Құрғақ жөтел қысты. Екі тәулік дене қызуымен үйде жатып қалған. Өздігінен қызуды түсірмек болған. Онымен ешқандай ем қонбағасын аурухананың қызметіне жүгінген. Ауруханаға келген бойда ол инфекциялық бөлімге орналастырылды. Кеудесін тыңдаған кезде пневмония болар деп болжадық. Алғашқы түсірген рентген ештеңе көрсетпеді. Түсінбедік. Өйткені Лаураның жөтелі күдікті болды. Сондай-ақ ол жөтелген сайын кеуде тұсының ауыратынына шағымданды. Біздер науқастан алгоритм бойынша барлық анализдерін алып, аяғы ауыр болғаннан кейін құрсақтағы нәрестенің де жағдайын тексердік. Сәйкесінше ем тағайындалды. Қызулап, іші өтіп, құсып жатса да Лаура шыдамдылық көрсетті. Дене қызуы көтерілген сайын қорғаныс киімдерімізді киіп, барлық ем-домын жасап отырдық. Бір апта қызу түспеді. Қайтадан рентген жасауға бел будық. Екінші рет жасалған рентгеннің нәтижесі екіжақты пневмония екенін анық көрсетті. Науқас ауруханада жатқан кезде коронавирусқа сынаманы үш рет алып, облыс орталығына жіберген едік. Алғашқысын, яғни 18 маусым күні жіберген сынаманы реагент жоқ деп облыс орталығындағы лаборатория қабылдамай қайтарып жіберді. 23 маусымда жіберген екінші сынама үш күннен кейін оң нәтиже көрсетті. Аудандық аурухананың директоры Сәуле Исмағұлова Лаураның жағдайымен жеке танысып, облыс орталығындағы гинеколог, пульмонолог, инфекционист дәрігерлерден кеңес алды. Оның үстіне аяғы ауыр болғаннан кейін ауыртпалық екі есе болды, - дейді аудандық аурухана директорының емдеу бөлімі бойынша орынбасары Ербол Сәрсенғалиев.

77ED95E3-FAF6-4B25-BE7E-D84B15E3E4FE

Жәнібек аудандық орталық аурухана директоры Сәуле Исмағұлова былай дейді: «Аудандық ауруханада коронавирустық инфекциямен ауыратын науқастарды емдеу үшін 15 төсек орын дайындалған. Оның біреуі босануға арналған болса, біреуі жансақтау бөлімінде. Коронавирус оң нәтиже көрсеткен науқастардың бірі, 35 апта жүктілігі бар Лаура Халина болды. Дене қызуы түспей, әлсіреп, жөтелмен келді. Екі аптаға жуық вируспен күрестік. Ұзақ уақыт қызуы түспеді. Тәбеті мүлде болмады. Система қойдық. Нәрестені аман алып қалу үшін тәуекелге баруға тура келді. Негізі, екіқабат әйелге система қоюға болмайды. Себебі, артериалды қан қысымы көтеріліп, ісік пайда болуы мүмкін. Системаны қоямыз да жүкті әйелден бөлінген зәрдің әр тамшысын санап отырдық. Үш сағат сайын гемодинамикалық және қанның зертханалық көрсеткіштерін анықтап, есептедік. Уайымға салынып, ұйқысыз түндерді бастан өткердік. Көп жағдайда дене қызуына шыдай алмаған бала анасының құрсағында шетінеп кететін. Лаураның жағдайында бәрі жақсы аяқталды, сәбиін аман босанды. Бұл бәріміздің жеңісіміз еді».

- Он күн дене қызуым түспеді. Әбден әлсіредім. Дәрігерлер мен медбикелер іштегі нәрестенің жағдайын қайта-қайта тексеріп отырды. 28 маусым күні демікпе басталды. Тыныс алу қиынға соқты. Система қойылғасын тыныс алуым дұрысталды. 29 маусымда толғағым жайлап басталды. 30-ы күні таңда ол күшейе түсті. Дәрігерлер қорғаныс киімдерін киіп, босандыруға дайындалды. Сол уақыттағы бойымдағы қорқынышты сөзбен жеткізу мүмкін емес. Сәбиім аман-есен дүние есігін ашса екен деген ой мазалады мені, - дейді көңілі босаған жас ана.

Аудандық аурухананың акушері Ұлжан Ғұбайдуллина былай дейді: «Провизорлық стационарда қорғаныс киімдерімізді киіп, барлық қауіпсіздік шараларын сақтап, босандырдық. Басты мақсатымыз - ана мен баланы аман алып қалу болды. 30 маусым күні сағат 11.37- де Лаура босанды. Алланың қалауымен дені сау қыз бала дүниеге келді. Босанғаннан кейін әріптесім Айнагүл Сұлтанова шақалақты перзентханаға алып кетті. Ана мен баланың жағдайы қалыпты болды».

- Сәби дүниеге келгеннен кейін екеуінен коронавирусқа сынама алып, облыс орталығына жібердік. Сынаманың нәтижесі келгенше ана мен сәби екі жақта бөлек жатты.

Лаура инфекциялық бөлімде, бөпесі перзентханада дәрігер мен медбикелердің қадағалауында болды. 3 шілде күні сынаманың қорытындысы теріс деп келгенде бәріміздің мойынымыздан үлкен жүк түскендей болды, - дейді терапевт дәрігер Венера Маханбетова.

- Сынаманың нәтижесі теріс болып келгенде қуанышымда шек болмады. Өмір мен өлім арасында арпалысқан екі апта артта қалды. Сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Жаман індеттің бар екеніне көзім жетті. Қазір, Аллаға шүкір тәуірміз. Періштемді құшағыма алдым. Дәрігерлер дәрімен ғана емес, жылы сөзімен де емдеді. Мен секілді біраз адамның қауіпті індеттен жазылуына бар ынтасымен еңбектенген аудандық аурухананың директоры Сәуле Мағауиятқызына, барлық дәрігер, медбике, кіші медициналық қызметкерлерге алғысым шексіз, - деді әңгіме соңында індетті жеңген келіншек. Енді Лаура дәрігерлердің берген кеңесін бұлжытпай орындап, мекенжайы бойынша учаскелік дәрігерге күн сайын өзінің және нәрестесінің денсаулығы туралы хабарлап отырады. Бәрі жақсы боларына сенеді.

Гүлзара Тілекқабылқызы,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале