27.07.2017, 12:23
Оқылды: 19

Өндірісте кідіріс жоқ

Зеленов ауданының әкімі Асхат Шахаров ауыл шаруашылық тауарын өндіруші шаруашылықтарды аралап, жұмыс барысымен танысты.


Сапалы шұжық өнімдерімен өңірге танымал «Махорин» шаруа қожалығының өндіріс кешенінде 80 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Сапалы етті өңдеп, жалпы саны 60-тан астам өнім түрін дайындайтын кешеннің жұмысында кідіріс жоқ. Бұқтырылған ет, жартылай қақталған шұжық пен тартылған ет, тұшпара мен манты, котлет, дәруменді ботқа түрлері өндірілетін кешенде ауысымына 1,5 тонна ет өңделіп, сағатына 500 дана бұқтырылған қалбыр дайындалады. Тіпті өндіріске қажетті жылқы, сиыр, шошқа мен құс та шаруашылық алаңында бордақыланып, мал азығына қажетті жем-шөп те шаруашылық алқабында егіледі. Мал өсіріп, азығын өзі дайындап, етті терең өңдеп, халыққа сапалы өнімін ұсынатын кешеннің болашағы зор. – Мемлекеттің қолдауы мен ұсынған жеңілдіктері тиімді пайдаланып өндірісті жолға қойдық. Ендігі мақсат өнім сапасын арттырып, халықтың сұранысына сай қызмет ету, - деген шаруашылық басшысы Геннади Васильевич қолынан келгенше қоғамдық іске де көмек қолын созып отыратынын жеткізді. Өз кезегінде аудан басшысы Асхат Берлешұлы өнімнің нарықтағы сұранысын арттыру үшін үнемі қолдау білдіріп, кешен әлеуетін кеңейту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашуға болатынын айтып өтті.

Дариянда нарыққа енді ғана жол тартып, халыққа «Дариян суы» тауар белгісімен таныла бастаған сусын да өндірілуде. Сапалы ауыз су мен түрлі тәтті сусындар өндіретін «Горбунов» жеке шаруашылығының кешені толықтай автоматтандырылған. Түрлі мөлшерлі құтылар сол жерден дайындалып, бірнеше сүзгіден өтіп, минералдармен байытылған су мен тәтті сусын сол жерде құйылып, қапталуда.

– Дайын  өнімді өткізуде кедергі жоқ. Әзірге күніне 1,5-2 мың литр сусын өндірудеміз. Кешен толық қуатында жұмыстанған сәтте тәулігіне 7 мың литр сусын өндіруге қауқарлы, - деген жеке кәсіпкер Сергей Федорович ауылдың 8 тұрғынын тұрақты  жұмыспен қамтып отыр. Сусын саудасына қозғау салатын негізгі құрал сәтті жарнама екенін жеткізген аудан басшысы Асхат Берлешұлы кешен құрылысын тез аяқтап, толық қуатына шығуына қолдау көрсетуді аудандық кәсіпкерлік бөлімі мен кәсіпкерлер палатасы филиалы басшыларына тапсырды.

Нұржан ТОҒЫЗБАЙҰЛЫ,

Зеленов ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале