18.07.2020, 0:30
Оқылды: 106

«Онлайн» қылмыстар көбейіп тұр

Карантин көп саланы кенжелетті. Дамытқан бір саласы болса, ол – онлайн-сауда. Өткен жолы газет тілшісі А. Амангелдина «Интернет-дүкен: технологияның қадамы ма, алаяқтардың амалы ма?» деген материал жазып, халықтан онлайн сауда жасаймын деп, ойбайлап қалмауды ескерткен. Алайда аңдамай қалып жатқандар бар екен.

D8491760-23DB-4790-B496-A12C8274F21C

Биыл Сырым аудандық полиция бөлімінде интернет алаяқтық бойынша 2 факті тіркелген.

Мәселен, Бұлан ауылындағы бір келіншек Instagram желісі арқылы киім мен тұрмыстық заттарға тапсырыс беремін деп, белгісіз, танымайтын біреудің Kaspi GOLD есепшотына 22 000 теңге аударып жіберген. Алайда тапсырыс келмеген. Ақша аударған жерлесіміз тапсырыс пен төлемді қабылдаған адамға қайта-қайта телефон шалған. Ол болса ұялы телефонын өшіріп тастаған. Жәбірленуші өзінің алаяққа тап болып, алданып қалғанына көзі жеткен. Арызы бойынша Сырым аудандық полиция бөлімі ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы, 2-бөлігі, 4-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғады. Жұмысты жандандырып, тергеп-тексеру, іздестіру барысында алаяқтықпен айналысқан Нұр-Сұлтан қаласында тұратын Н. есімді азаматша екені анықталды. Ол өзінің кінәсін толықтай мойындап, істеген ісіне өкінетінін айтты. Жәбірленушінің шығыны толықтай өндірілді.

Екінші оқиғада қылмыскер досының ақкөңілділігін пайдаланған. Жағдай былай болған. Сырым аудандық полиция бөліміне Арал қаласының М. есімді азаматшасынан Жымпиты ауылының Ж. деген тұрғынының үстінен арыз жазады. Айтуынша, Ж. одан тұрғын үй кезегін жылжытып, үй алып беремін деп 100 000 теңге алған. Сырымдық полицейлер істің байыбына барды. Сөйтсе, Ж.-ның ешқандай кінәсі жоқ, бар кінәсі – сенгіш, ақкөңіл болғандығы екен. Оның Д. деген досы «Карточкаңды бере тұршы. Ауылдан апам ақша аудару керек еді!» - деп алдап, Арал қаласындағы азаматшаның ақшасын Ж.-ның шотына аудартып, өзінің ізін жасырып, қылмысын Ж.-ға жапқысы келген. Алайда технология ғасырында із жасыру мүмкін бе? Полиция істің «шынжырын тауып», кінәліні тапты. Алаяқтықпен айналысқан Д. ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы, 1-бөлімімен жауапкершілікке тартылып, тиісті шарасын алды.

- Әрине, онлайн-сауда – қазіргі заманда өте ыңғайлы. Уақыт үнемдеуге таптырмас әдіс. Алайда мұқият болмасақ, алданып қалу оңай. Тұрғындардан жеке бас құжаттарына мұқият болуды, есепшот карталарының суреттерін кез келген адамға жібере бермеуді сұраймыз, - дейді Сырым аудандық полиция бөлімі, жергілікті полиция бөлімшесінің бастығы Руслан Хайруллин.

Б. Шерім,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале