18.09.2020, 15:41
Оқылды: 117

Онлайн оқу опық жегізбесін

Елде орын алған күрделі жағдайға байланысты, оқушылардың қашықтан оқыту жүйесіне көшкені белгілі. Әрине, мұндай сын сағаттың туатынын ешкім күткен жоқ. Бірақ елдің болашағы жас ұрпақты білім нәрімен сусындатуды кейінге қалдыруға болмайтындықтан, бұл бүгінгі таңдағы ең оңтайлы шешім болып тұр. Елдегі барлық орта мектептерде жаппай қашықтан оқуға машықтану процесі басталып кетті.

Kashyktan okytu

Онлайн оқыту жүйесін меңгеруге ата-аналардың жүйкесі жетпей жатыр. Жаңа оқу жылының басталғанына екі апта уақыт өтсе де Жаңақаланың шет жағында әлі күнге дейін интернет мәселесі шешілмей тұр. Бар интернеттің қуаты әлсіз, техникалар тағы жоқ. Осы күні ай сайынғы абоненттік тарифтің бағасы да қымбаттап кеткен. Онымен қоса ай сайын балаларының ұялы телефонына абоненттік тариф қостыра беруге әр ата-ананың қалтасы көтере бермейтіні белгілі. Қостырған күннің өзінде сол ұялы байланыстың интернеті ұстамай жүйкеңді жұқартатыны тағы бар. Сол сияқты үйдегі бала басына телефон алып беруге ата-ананың қаражаты жеткіліксіз. Әрине, халықтың жайы назардан тыс деп айтудан аулақпыз. Аудан іргесінде орын алып жатқан интернет мәселесі шалғай мекендерде де жоқ емес. Қалай десек те бұл мәселенің шешімі алдағы уақыттың еншісінде. Бізді ең алдымен толғандырғаны жаңақалалық оқушылардың жайы.

Қашықтан оқытудың барысы, тиімділігі қандай, бұл істен жұрт қандай ой түюде? Оффлайн сабақ беруге үйренген ұстаздар қауымы аз уақытта жаңа жүйеге қаншалықты төселді? Ата-ана баласының үйде өз бетінше білім алуына, оқуға деген ынтасының төмендемеуіне тиісті деңгейде қолдау-көмек көрсетіп отыр ма? Жауапкершіліктің жүгін қаншалықты сезінуде? Әрине, мұндай сауалдар көпшілікті толғандыратыны жасырын емес. Мұғалімдер желі арқылы сабақ түсіндіріп, оқушы ата-анасымен бірге жаңаны үйренбекке ұмтылды. Әлеуметтік желіде тау-тастың арасында ноутбук құшақтап отырған оқушы күйін көргенде, еріксіз ойға қалдық. Расымен, пандемия еліміздегі біраз саланың кемшілігін бетпе-бет көрсеткенде, жүзді төмен салғанымыз бар.

Қашықтан оқудың машақаты көп. Ең маңыздысы да осы. Қашықтан оқытудың салмағы ең алдымен ата-ана мен мұғалімге түсті. Бұл айтпаса да түсінікті. Өткен оқу жылында желіде ұстаздарға алғыс пен қарғыс қатар жауды. Интернет жүктемесі, үй тапсырмасы, баға қою мен түгендеудің арасында жүрген олар шарасыз қалды.

«Болғанынан боладысы қызық» той секілді, қашықтан оқудың да пәлсапасы мен машақаты мол. Оқушылардың барлығы алғашқыда жаңа оқу жүйесін қызық көріп, әр сабаққа ыждағаттылықпен қатысты. Оның үстіне әшейінде ата-анасы ұстауға рұқсат бере бермейтін ұялы телефоннан бас алмай отыру да қызықтырғаны рас. Десе де уақыт өте көпшілігі жалыға бастағандай. Әрине, бәрі емес, әр сабаққа жауапкершілікпен қатысатын, білімқұмар, алғыр, үздік оқушыларға сөз жоқ. Бірақ көп үйден сабақ басталғанда баласы ойын қуып, далаға қарай қашатынын, оны анасы жетектеп әкеліп, тоқпақтап отырып оқытатынын байқаймыз. Тіпті баласына шамасы келмесе отыра қалып тапсырманы өзі орындап мұғалімге жібере салатын немесе өзге оқушының жұмысын көшіріп алатын жағдайлардың да көп екенін ешкім жоққа шығармас. Бұл кімге пайда, кімге зиян?

Қызықтың көкесі IV тоқсандағы бөлім бойынша жиынтық бағалау мен тоқсандық жиынтық бағалаудың кезінде орын алды. Былайғы күнде Бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) мен тоқсандық жиынтық бағалау (ТЖБ) десе тыжыраятын оқушы қашықтан отырып тапсырманы өз бетінше орындауы қиын. Ал ата-аналардың көпшілігі мектепке барып бұрынғыдай сабақ оқымаған соң бала бойындағы оқуға деген ынта жоғала ма деп қорқады.

Жазира есімді аудан тұрғынының айтуынша, балалары қашықтан оқуды алғашқыда қуана қабылдаған. Желідегі сабақтың басталуына 10 минут қалғанда сақадай сай дайын отырады екен. Мұғалім оқушыларды түгендеген соң, жаңа сабақты түсіндіру басталады. Үй тапсырмасын орындап суретке түсіреді немесе видео арқылы жібереді. Ата-ананың сөзінше, интернет жиі қатып қалады. Десе де, олар WhatsApp желісі арқылы үй тапсырмаларын мұғалімдеріне уақтылы жіберіп отыруға тырысады. БЖБ тапсыру кезінде қиындықтар болғанын да жасырмады. Балалардың мектепте партада отырып алған білімдеріне жетпейді, – дейді.

Оқушы қашықтан оқу арқылы мұғалімнің қадірін түсінген сыңайлы. Әр қиындық қолда бардың бағасын арттыратыны белгілі. Дегенмен мәртебелі мамандық иелерінің қадірін төтенше жағдай кезінде ғана түйсінгеніміз өкінішті. Қашықтан оқимыз деп оқушылардың сөмкесін асынып мектепке барғанының өзі үлкен жетістік екенін ұқтық. Қолда бар гаджетке үңіліп, одан қалса телеарнаға жүгініп, білім алудың машақатын сезіндік. Енді алдағы тоқсанда оқушылар жылдағы дәстүр бойынша «ақ көйлек, қызық галстугын» сайлап, мектепке қарай асығатын күн тусын деп тілейік.

Ақсәуле Хамзина,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

 

Айша Сапарова, мұғалім:

– Қазіргі таңда «Онлайн мектеп» платформасы арқылы жұмыс жасап жатырмыз. Оның түрлі қиындықтары бар. Өйткені бір мезетте барлық қазақстандықтар желіге кірген соң, онлайн мектеп платформасына орындаған оқу тапсырмасын жүктеу жағы қиын. Аталмыш платформа мұғалім үшін өте ыңғайлы болса, оқушы үшін тиімсіз болып тұр. Себебі интернет желісі тапсырмаларды жүктеуді көтермейді. Оқушылар орындаған тапсырмасын кейінірек тапсырып жатады. Қашықтан оқытудың түрлі машақаты бар. Штаттық режимде балалардың ара қашықтығын сақтау үшін бір сыныптың өзі он оқушыдан екіге бөлініп оқиды. Кейбір оқушылар қашықтан оқып жатқандықтан мұғалім бір тақырыпты үш рет түсіндіреді. Әрине, балаға білім беру жолында мұғалімдер барлық қиындыққа төтеп беріп, жұмыс жолымызда өзімізге жүктелген міндетті абыроймен атқарудамыз.

 

Нұрлан Тілешов, ауыл тұрғыны:

– Екі балам бар. Екеуіде қашықтан оқиды. Итнернет желісі біз тұратын жерге тартылған жоқ. Айына 2500 теңгеге «Beeline» байланысына абоненттік тариф қостырып беріп отырмын. Бірақ оның интернеті ұстамайды. Кейде төбеге шығып желіні іздейтін де күндеріміз болады. Қазір күннің жылы уақытында білінбейді, ертең қақаған қыста қайтпекпіз? Интернеті жоқ жерде қашықтан оқу балаларымызға қиын болып тұр.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале