14.11.2017, 12:09
Оқылды: 22

«Оның Жұбан Молдағалиевпен сыйластығы ерекше еді»

DSC_0169Ақжайық ауданының орталығы Чапаевта Ұлы Отан соғысына қатысушы, еңбек ардагері Ғаббас Рзалиевтың 100 жылдығына орай еске алу кеші өтті.

Шараға оның ұл-қыздары, немере-жиендері, көз көрген әріптестері, қалың жұртшылық қатысты. Ол 1917 жылы Орда ауданының Жиекқұм ауылында өмірге келген. Оның балалық шағы заманның қиын уақытымен қатар келіп, аштықты да, көп қиындықты да көрген. Соған қарамастан ата-анасы мектепте оқытып, білім алуға барынша жағдай жасаған. Кейіннен Орал пединститутында мұғалім мамандығына оқиды. Ұлы Отан соғысы басталғанда, Ғаббас Рзалыұлы майдан даласына аттанады.

Ұзаққа созылған қиян-кескі соғыста бастан-аяқ болып, 1947 жылы майор шенінде ауылға оралған. «Қызыл Жұлдыз», «Жауынгерлік Қызыл ту», І, ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерінің иегері, «Еңбек Қызыл ту», екі мәрте «Құрмет белгісімен» марапатталған оның өмірі өнегеге толы. Ұстаздық қызмет етіп, бала тәрбиесімен айналысты. Елге танымал азамат облыстық обком нұсқаушысы, Жаңақала аупарткомының екінші хатшысы, обком секторы, мектептер бөлімінің меңгерушісі, Тайпақ аупарткомының бірінші хатшысы, Чапаев аудандық партия ұйымының бірінші хатшысы, облыстық кәсіподақтар комитетінің төрағасы секілді қызметтерді абыроймен атқарған.

«Арамызда жас алшақтығы болса да, Ғаббас ағамыз сияқты болуды армандаушы едік. Адамгершілігі бір бөлек, Алаштың ардақты перзенттерінің бірі Жұбан Молдағалиевпен сыйластығы ерекше еді. Осындай тұлғаларды жас ұрпаққа үлгі етіп, ұлықтауды ұмытпаған, елге зор еңбек сіңіргендерді насихаттауды дәстүрге айналдырған ақжайықтықтарға шексіз ризамын»,-деді Ж.Ақбай.

Еңбек майталманының қасында көп жүріп, көлік жүргізушісі болған Сәрсенғали Наурызалиев Ғ.Рзалиевтың басшы бола тұра жанындағыларға көрсете білген құрметін, кішіпейілдігін әңгімеледі. Екеуі қызмет бабымен ұзақ жолдарға шыққанда шаршамас үшін өзінің ән салатынын айтып, тіпті сол кездерді еске түсіріп, ел ішінде «банды» атанған Аманғалидың әнін сахнада тұрып шырқап берді. Ғаббас Рамазанұлына көше атын беру жөнінде ұсынысын да айтты.

Бекболат ҚАЛЕНОВ

Ақжайық ауданы

Суреттерді түсірген Нұрбек ИХСАН

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале