13.10.2017, 16:58
Оқылды: 24

«Орал сазы» ансамблі Шыңғырлауға барды

Жақында ауданымызға облыс орталығынан өнерпаздар келіп жұртшылыққа есте қалатын керемет ән кешін тарту етті. Облыстық филармония мен «Орал сазы» фольклорлық ансамблінің концертіне аудан орталығы тұрғындары көп жиналды.

Оркестрдің сүйемелдеуімен жерлесіміз Майра Хайдарованың салған әндері де көпшіліктің көңілінен шығып, жүректерге жол тауып жатты. Ән мәтінін білетін көрермен қол соға қосылып, қошемет көрсетуі де осыны дәлелдегендей. Батысымыздың тағы да бір тамааша домбырашысы пайда болғанын сахна төріне Берік Шаймарданов шыққан кезде анық сезіндік. Сұңғақ бойлы сұлу жігіт домбыраны сұңқылдата тартып жібергенде ел дүр сілкінді.

Құрманғазының «Адайын» өте жоғары деңгейде ойнап берді. Қағыс қандай, саусақ қимылы, домбыра үні, өзін ұстауы, тіпті, бет-әлпетіне дейін күйге қосымша рең беріп тұрды. Сөз жоқ, талантты жігіт екен.

Бас-аяғы жұп-жұмыр келіскен концерт әдемі басталып, сәнімен аяқталды. Халық риза. Өз өңіріміздің өнерпаз өрендері сыйлаған ән мерекесінің сәтті болғаны біз үшін де мерей. Ақ Жайықтың ән сәлемін Електі жағалай қонған елге жеткізген өнерпаздарға шыңғырлаулықтар алғыс айтады.

Адақ ШОТПАНОВ

Суретті түсірген: Қ.ЕЛЕМЕСОВ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале