8.04.2017, 17:54
Оқылды: 25

Орал шаһарында Зеленов ауданы күні өтті

IMG-20170408-WA0119   Бүгін сүйікті қаламыз – Оралға Зеленов жұртшылығы көшіп келгендей! Шаһарға шаруасы шалқыған аудан шаруалары, кәсібі өрге басқан кәсіпкерлер, өнер бәйгесінде қанжығаны сан мәрте жүлдеге толтырып жүрген өнерпаздар, талай спроттық додада жеңіс туын желбіреткен спортшылар, он саусағынан өнер тамған шеберлер келді. Бірі түрлі сапалы өнімдерін ұсынса, бірі өнерлерін паш етті халыққа.


  Қала тұрғындары мен қонақтары Орал қаласы, М.Ықсанов (бұрынғы Батурин) көшесі мекенжайындағы шараға таңсәріден ағылды.

   Ауданымызда он саусағынан өнер тамған шеберлер баршылық, шүкір. Бірі қарындашпен әйбәт сурет салса, бірі көз тартарлық тоқыма дайындайды, ал біреуі түрлі небір-небір ғажап бұйымдарды «дүниеге әкеледі». Бір сөзбен айтқанда үлкен-кішісі де мұндай өнерден құр алақан емес. Осындай өнер иелерінің туындылары қойылған керемет көрмені БҚО әкімінің орынбасары Бағдад Азбаев, БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Серік Нұрмағанбетов, қала әкімі Нариман Төреғалиев және жалпақ жұртшылық та көріп тамсануда.

  Зеленов ауданының шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлері қала тұрғындары мен қонақтарына тауардың көптеген түрлерін ұсынды. Мәселен ет, сүт, тәтті, балық, ұн, шұжық өнімдері, жеміс, көкөніс, жұмыртқа, бал, минералды су және тағы басқалары. Жәрмеңкедегі бағалар базардағыдан төмен.

   Сондай-ақ қала жұртшылығы үшін өнерпаздарымыз арнайы концерт ұйымдастырған болатын. Аудан күнін әсем ән-бимен көмкерген өнерпаздармыздың өнеріне тұрғындар дән риза. Сонымен қатар халық спорттық ойындарды да тамашалады. Мәселен, бірі күресіп, гір тасын көтерсе, бірі күш сынасып, қой көтерді. Сайып келгенде жеңімпаздар анықталып, ұйымдастырушылар тарапынан сыйлықтарға ие болды.

       Сөйтіп зеленовтықтар қала тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Айшабибі МӘМЕТ,

суреттерді түсірген Динара НАСЫР

Зеленов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале