20.04.2018, 11:05
Оқылды: 60

Оралда қазталовтық жастардың өкілдігі ашылады

 

IMG_7744[1]Қазталов аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Райымбек Нұрекешов, «Қазталов ауданы жастар кеңесі» жастар қоғамдық бірлестігінің төрайымы Жұлдыз Талапова Орал қаласындағы оқушылар және жастар сарайындағы «Бастау» коворкинг орталығында жоғарғы оқу орындарында оқитын Қазталов ауданының жастарымен жүздесті.

Жастардың инновациялық әлеуетін тиімді қолдана білген мемлекет стратегиялық артықшылықтарға ие болады. Сондықтан да елімізде жастарды жалпы қоғамдық үдерістерге қосу мақсатында ынталандыру шаралары іске асырылып, олардың өзін-өзі жүзеге асыру үшін мемлекеттік деңгейде жағдай жасалуда. Бүгінгі күні ауданымыздың 1510 жастары студент атанып, еліміздің әр қалаларында білім алуда. Жалпы бүгінгі бас қосуда тың ойлар мен жастар арасындағы күнделікті күйбең тіршіліктің мәселелері көтерілді.

-Сіздермен бас қосып жатқанымызға біз өте қуаныштымыз. Кездесудегі басты мақсатымыз - болашақ жас мамандарды ауданымызға шақыру арқылы, жастар саясатын  көтеру. Осы орайда жастардың белсенділігін арттыра отырып, облыс орталығынан арнайы өкілдік ашуды жоспарлап отырмыз. Біз осы сәтті пайдаланып өздеріңіздің араларыңыздан қазталовтық белсенді студенттерін топтастырып, олардың тың жобалары мен ауқымды істерін бірлесе отырып жүзеге асырғымыз келеді,-деген Райымбек Өтепбергенұлы аудан жастарының атқарылар жобаларына бірлесе атсалысуға шақырды.

Мұнан кейін аудандық жастар қоғамдық бірлестігінің төрайымы Жұлдыз Асқарқызы студент жастардың әңгімелер мен толғандырған мәселелеріне ден қоя отырып, алдағы жоспарларымен бөлісті.

Осы кездесуде аудан жастарының облыстағы өкілі болып БҚМУ студенті Айзат Құспанова сайланса, жиында бас қосқан студент жастар Жайнагүл Жасқайратқызы, Айшабибі Мұсағалиева, Әйгерім Айғалиқызы, Айнара Валиева және тағы да басқа жастар өз ойларын ортаға салып, ұсыныс-пікірлерін білдірді.

-Бізге берілетін барлық мүмкіндіктерді пайдалана отырып, болашаққа деген қадамымызды бірге жасауымыз қажет,-деп түйіндеді бірлестіктің төрайымы Жұлдыз Талапова.

Осы жиында қазталовтық студент жастар айына екі қайтара кездесіп тұруды жөн көріп, уағдаласты.

 Тұрарбек АҚМУРЗИН,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале