13.11.2017, 15:15
Оқылды: 27

Ордада күйшілердің облыстық сайысы өтті

 

IMG_8058Кіндік қаны қасиетті Орда топырағында тамған күйші, ұстаз Мұхит Айтқалиевтің 90 жылдығына орай Хан ордасы ауылында «Домбыра – достық үні» атты облыстық байқау өтті.

Алматы қаласынан күйшілік-жыраулық өнерді насихаттаушы, жазушы Жаулыбай Иманәлиев, ҚР Мәдениет қайраткері Есенгелді Молдағалиев, Ғ.Құрманғалиев атындағы  облыстық «Орал сазы» фольклорлық ансамбльдің жетекшісі Асқар Кенжеғалиев, халықаралық, республикалық конкурстардың жүлдегері ҚР мәдениет саласының үздігі Асылхан Қазиев, Қ.Сағырбаев атындағы музыкалық колледж директоры Нұржан Сертековтер қатысып, қазылық еткен байқауға 10 үміткер қатысты.

Делебені қоздырып, жүйріктер сынға түскен сайыста қатарынан қара үзіп, суырылып алға шыққан оралдық Жасұлан Зинединов бас жүлдені жеңіп алса, І орынды Азамат Қалиев (Бөрлі ауданы) иеленді. ІІ орын тумысы бөкейлік Рауан Каспидің (Орал қаласынан) қанжығасына байланып, Берік Шаймардановқа (Орал) ІІІ орын бұйырды.

Өнер сүйер қауымды тұлпар-шабыспен ынтықтырған айтулы дода соңында аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов байқауға қатысушыларды құттықтап, ізгі лебізін білдірді. Тұлымшағына үкі таққан  талаптылардың қай-қайсысы да сый-сияпаттан кенде қалған жоқ.

Гүлнар ҚАДЫРОВА

Хан ордасы ауылы

Бөкей Ордасы ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале