22.05.2018, 14:44
Оқылды: 22

Ордада өзекті мәселелер талқыланды

«Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына биылғы Жолдауының жетінші бөлімінде Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Адами капитал – жаңғырудың негізі» екеніне арнайы бөлім арнап, жұмыспен қамту және әлеуметтік қамсыздандырудың әділетті жүйесін құрып, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға (МӘМС) кезең-кезеңмен көшуді тапсырған-ды.

Қазақстандықтардың өздерінің атқаратын жұмыстарын заңдастыруға зор мән беруі керектігін атап көрсеткен Мемлекет басшысы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мәселесін қарастыру жөнінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жауапсыздық танытып отырғанын да сынға алған болатын. Кімнің қайда жүргені, не істейтіні, әлеуметтік мәртебесінің қандай екені нақтыланбағандықтан, 2018 жылдың 1 қаңтарынан енгізілуге тиіс МӘМС-тің кейінге қалғаны баршаға мәлім.

Орын алған олқылықтарды жою үшін облыстар мен аудандарда штабтар құрылып, өзектендіру, яғни, әр тұрғынның мәртебесін ақпараттық жүйелер бойынша анықтау қолға алынды. Жақында аталмыш штабтың төрайымы, облыс әкімінің орынбасары Бибігүл Тишанқызы Қонысбаева мен облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қалияр Шадиярұлы Айтмұханбетов келіп, аудан әкімінің үлкен мәжіліс залында ауылдық округ әкімдері, бөлім, мекеме басшылары және тиісті сала қызметкерлерінің қатысымен аудандық штабтың жиынын өткізді.

Жиынды аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов ашып, аудандық штабтың төрайымы, аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева тұрғындардың мәртебесін анықтау, қабілеттілерді және өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандарды нәтижелі іске тартып, қызметтерін рәсімдеу мен өзектендіру жайының барысымен таныстырды. Кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалы директоры Бибігүл Жұмағұлованың да хабарламасы тыңдалды.

Бибігүл Тишанқызы күн тәртібіндегі мәселе бойынша біраз нәрсенің істелгендігін саралай келіп, кейбір кемшіліктерді атай бастаған сәтте залдан бір қызметкер «барлық жерде солай ғой» деп қалды. Облыс әкімінің орынбасары оған ортақ кемшіліктерге кешіріммен қарай беретін болсақ, қателіктерден арыла алмайтынымызды байыппен түсіндірді. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі және мемлекеттік кірістер басқармасы басшылары Сүйінбек Хайроллин мен Радик Ғұмаровқа сұрақ қойып, әңгімеге тартып, әлі де болса шаруа қожалықтары һәм жеке кәсіп иелерінде келісім-шартсыз (бейресми) жұмыс істеп жүргендердің барын, олардың сырқаттана қалғанда, не зейнеткерлікке шығарда опық жейтінін, қалталарынан қаражат шығарып емделулеріне, болмаса ең төменгі зейнетақыны місе тұтуларына тура келетінін ұғындыруды тапсырды. Әрі жұмыс берушілердің, адамның өзінің әрекетіне, денсаулығы мен болашағына жауапкершілігін көтеру үшін салық және еңбек кодекстері шарттарының орындалуын талап ету қажеттігі де айтылды. Қалияр Шадиярұлы да МӘМС-ке, зейнетақы қорына жарна аударудың маңыздылығын әр азамат түсінуі шарт екенін жеткізді.

Өзектендіру, нәтижелі жұмыспен қамту, тағы басқа әлеуметтік жайлар туралы айтудай-ақ айтылып, жазудай-ақ жазылып келеді. Мұның бәрі қарапайым азаматтар үшін екенін әркім біліп, өзі үшін тырбынса ғой, шіркін!

Каримолла ҒАЙСИН

Бөкей ордасы ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале