28.03.2018, 14:37
Оқылды: 20

Ордалық қос жігіттің игі бастамасы ауылдастарын сүйсінтті  

 

ordaЖәңгір хан негізін салған орман алқабын күту, кеңейту, жаңадан тал-теректер егу ісін Орда орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі жүйелі жүзеге асырып келеді.

 Нақтырақ айтсақ, 2015 жылы 5 гектар жерге қарағай егілсе, былтыр теректің осы түрі тағы да 3 гектарға ұлғайған. Ал биыл ордалық жеке шаруа қожалығы жетекшілері Жақсылық Қазиев пен Талғат Ғазезовтың бастамасымен әрі олардың қаржылай демеушілігімен Бөрлі ауданынан қосымша қарағайдың елу көшеті алыныпты. Жастардың осынау бастамасына риза болған ауыл жұртшылығы сол көшеттерді Орданың шығыс бетіндегі алаңқайға Ұлыстың ұлы күні қарсаңында ұйымшылдықпен отырғызды.

Аталмыш шараға арнайы келген аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов «Рухани жаңғырудың» «Атамекен» кіші бағдарламасы аясында «Ж.Қазиев» пен «Ләззат» шаруа қожалығы иелеріне кіндік қаны тамған жерге деген сүйіспеншіліктері үшін жылы лебізін білдіріп, тың бастама жалғасын таба берсін деген ізгі тілегін жеткізді. Саналы ғұмырын орман шаруашылығына арнаған зейнеткер Талғат Саматов жастардың атадан мал қалғанша, тал қалсын деген ұстанымдарына риза болысты. Ал Орда орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі директоры Бауыржан Мырзағалиев аталмыш қос құрдасқа жүрекжарды лебізін арнаса, ауыл әкімі Медет Сейсенов бастамашы жігіттерге Алғыс хат табыстады.

Иә, Жақсылық пен Талғаттың игі ісі өз жалғасын табуына біз де тілектеспіз.

Раушан БАҚЫТОВА

Бөкей ордасы ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале