22.05.2018, 10:22
Оқылды: 28

Ордалық өнерпаздар бес бірдей бас жүлде иеленді  

 

р-0408Өткен жылы Алматы қаласында алғаш рет өткен «Жеті өнер»  халықаралық балалар мен жастар шығармашылық фестиваль-конкурсына аудандық саз мектебінің шәкірттері қатысып, қос бас жүлде мен бірінші орын алып келген-ді.

Биыл да бүлдіршіндеріміз биіктен көрініп, ұстаздары мен ата-аналарын қуантып қана қоймай, бөкейліктердің даңқын асқақтатты деуге болады. Неге дейсіз ғой?! Өйткені, аталмыш өнер додасына қатысқан кішкентай жерлестеріміздің ешқайсысы жүлдесіз қалмады. Мәселен, фортепиано сыныбы бойынша жеке орындауда Аянат Шынболатқызы бас жүлдені иемденсе, Айзере Қапанова және сол Айзере мен Арина Талғатованың «Айгөлек» дуэті ІІ дәрежелі лауреат, ал, домбыра класында жеке орындауда Нұрдәулет Қайсағали, «Қайсар» дуэті (Ерасыл Есмақ пен Нұрсәт Сұлтанияр)  І дәрежелі лауреат, дуэт мүшесі Нұрсәт Сұлтанияр жеке орындауда ІІІ дәрежелі лауреат атанды.

Осы сапарда «Бақытты елдің ұрпағы» қорының ұйымдастыруымен балалар мен жасөспірімдер арасындағы «Біз бақытты баламыз» атты халықаралық байқауда бақ сынаған өнерпаздарымыз өзгесін айтпағанда, бес бірдей бас жүлдеге қол жеткізді. Мұнда да Аянат қызымыз фортепианодағы ойынымен өз қатарластарынан озық екенін байқатса, Айзере Қапанова (фортепиано), Нұрдәулет Қайсағали (домбыра), «Балбөбек» (Аянат Шынболатқызы мен Сезім Хамидолла – фортепиано) және «Қайсар» (Ерасыл Есмақ, Нұрсәт Сұлтанияр – домбыра) дуэттері де бас жүлдені жеңіп алды. Жеке байқауда домбыра аспабында Ерасыл Есмақ І,  Нұрсәт Сұлтанияр ІІ, фортепианода апалы-сіңлі Айым, Сезім Хамидоллалар ІІ, Арина Талғатова ІІІ, тағы да сол Арина мен Айзере Қапанованың «Айгөлек» дуэті ІІ орынға лайық деп танылды.

Қоржындарын жүлде­­­­мен толтырған бүлдіршіндеріміз сонымен қатар «Алакөлдегі көңілді жаз – ­­­­­­­­­­2018» республикалық және Батуми қаласында өтетін «С любовью, Грузия!» халықаралық конкурс-фестивальдеріне жолдама алып қайтты. Ал, екі байқауда да үздік көрінген кішкентай фортепианошы Аянат Шынболатқызына Алматы қаласындағы Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатына шақырту табысталды.

Раушан АППАҚОВА

Бөкей ордасы ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале