4.12.2019, 17:20
Оқылды: 101

Өрнектеліп өрілген ғұмыр

Әр адамның өмір өрнектері бар дегендей Қожабергенов Серікқали Ихсанұлының да өрнектеген өмір тарихы бар.Сәкеңнің бүкіл саналы ғұмыры, елі жомарт, жері бай, қос мемлекеттің қақпасы іспеттес Тасқала ауданы тарихымен тығыз шенделе,ықпалдаса өтті. Өңірдің тұрмыс тіршілігінеде,тарихына да өз  үлесін  қосты және ізін қалдырды.

tasqala

  Белгілі журналист,еңбек ардагері Мағжан Кенжеғалиев ағамыздың «Туған өлкем - Тасқала» атты еңбегіндегі Қожабергеновтер әулетінің тарихына арналған мақаласында «Күні кешеге дейін 8-ауыл аталатын Тұрдығұлда негізінен масқарлар,Ұялыдатөлеңгіттер,ал Толыбайда байбақты руының шекеу, жайылған ұрпақтары мекен етті.Мүмкін қалың ел қаймағы бұзылмай,іргесі сөгілмей отыра берер ме еді отызыншы жылдардың зұлматы болмаса» деп келтіреді өз еңбегінде.

 Жаңақала, Орда өңірінен Орал бойына қарай көшу 1924 жылдың өзінде басталған болатын. Толыбайдың байырғы тұрғыны шекеу Қожабергенов Ихсан әулетіде 1932 жылы көшіп,Камен ауданындағы Крупская атындағы (қазіргі Мереке) совхозына келіп орын тепкен.Әкеміз Ихсан Крупская совхозында 1932 жылдан 1961 жылға дейін бел жазбастан еңбек етті.Елгезек,еңбекке бейім болатын.Кейінгі кезеңдерде совхоздың бір отар қойын (шамамен 700-800 бас) бақты, жанкештілікпен еңбек етті. Әрбір қой басының төлі үшін күресті. Жауапкершілік, тәртіп деген адам таңғалғандай. Әкеміз таңғы бесте қойды өргізіп, күн қызған шақта өрістен суаруға айдап келе жатқанда анамыз Ұлғаным, ұлы Серікқали және мен үшеуіміз қарсылап шығамыз.Қойлар ыстықтан дөңгеленіп,тығыздалып, шырқ айналып жүрмейді,сондайда. Серікқали қойлардың арасына кіріп, айырып жататыны әлі көз алдымда.Қойды құдықтан суарады.Суды түйемен тартамыз. Осы сәттерде«Сен түйені айдайсың,шыбыртқымен бір тартып қаласың да, айналып келгенше отыра қаласың, сондай «хитрый» болдың» -деп кейін еске алып күліп отыратын анамыз. Біздер сонда бес-алты жастағы баламыз.

Міне, осылайша Серікқалидың ерен еңбек жолы басталған болатын. Әке-анамыздан төрт бала өсіп, жетілдік. Екі бала жасында шетінеген сияқты. 1946 жылы 27 шілдеде Серікқали екеуіміз егіз дүниеге келдік.Ес білген балалық кезеңнің бірқатар эпизодтары Серікқалидың есінде жақсы сақталған.1953 жылдың наурыз айы. Наурыздың кенеттен басталатын борандары бар.Бір мезгілде күн түнеріп, желдетіп боран басталғалы тұрғанын сезіп анамыз екеуіміз шөптеп жатқан бір отар қойды әзер қораға қамап үлгердік. Сол кезде айқан-тайқан ақ боран басталып кетті.Бұл «Қасқыр» қопа қыстағында болған жағдай деп еске алатын. Бұл 7 жасар баланың тірлігі. Осы уақиға ерліктің үлгісі деп аудандық және облыстық басылымдарда мақала жарияланған. Қандай тұрмыс,қиыншылық! Қазіргі жеті жасар бала тірлігін бақыласаң өзегің өртеніп кете жаздайды.

Серікқали 1954 жылы мектепке барды.Кейікгі кездері мен оған, осы сен неге менімен бірге оқуда болмадың дегенімде: «Ойбай мені 1 сыныпта көшірмей тастады ғой деп» күлетін. Серікқали сегізінші сыныптан кейін оқуын тастап,анамызға қолғанат болып көмектесті. Оқуын жалғастырғанда бір адамдай білімді, сауатты, білгір азамат болатын еді.Бойында зеректік бар. Кейіннен оқуын сырттай жалғастырып, мамандандырылған орта білім алды. 1964 жылы аудан орталығы Шиповта ДОСААФ жүйесінде үш айлық шоферлер курсын бітіріп, совхозға  автокөлік жүргізуші болып жұмысқа кірісті.

Әдемі, ұзын бойлы, қапсағай солқылдаған жігіт бірден көзге түсті. 1965-1968 жылдары Кеңес Армиясы қатарында Харьков қаласындағы жоғары дәрежелі ұшқыштар даярлайтын училищеде штаб бастығы, полковниктің атқосшысы болды. Кейіннен жұбайы Балсекер екеуі Харьковке барып,ұстазы полковниктің жанұясында болып, сәлемдесіп қайтты. Ерекше тәртібі үшін училище бастығы атынан бірнеше рет марапатталып, үйге хаттар да келді. Бұның өзі біз үшін зор мақтаныш еді. Армия қатарынан қайтқаннан кейін совхозда шоферлік жұмысын жалғастырды. Алғыр,көлденең мінез-құлқы жоқ сенімді болғаннан кейін совхоз директоры Ислам Ақжігітов орталықтан төрт бөлмелі үй беріп, су жаңа «ЗИЛ» машинасына отырғызды. Совхоз тіршілігінің сұранысына сай аудан, облысорталықтарына екі реттен қатынап,таңғы бестен түнгі екіге дейін машинадан түспейтін. Бірде мен Оралда оқудамын.Ала таңмен бірге шықтым.Бақылап отырмын 20-30 шақырымдай жүріп қалдық,сонда қайта-қайта көзін уқалап,есінеп, ұйқысын жазып келе жатты.Кейіннен неге сонша ерте шығады екен деп ойлаймын.Ал шын мәнінде бұл оның жеке қасиеті,жанкештілік пен тәртіп екенін кейін ұғындық. Бірде анамыз екеуіміз ұйықтамай тың-тыңдап, Серікқалиды күтіп жатырмыз. Түнгі екілер шамасында ауыл шетіне келген машинаның даусын естіп,екеуіміз сүріне-қабына шай дайындап, қарсылап алдық. Бір самаурын шай ішеді. Көп сөйлемейтін жан еді. Жарты сағаттай шайды тартып, кейін ұйықтауға кетеді. Сол кезде әбден шаршап,талдығып келетін сияқты.Жас организм бәрін көтеріп тұрғой. Табысыда өте жоғары болды. Партия қатарына өтті. Ерен еңбегі үшін үшінші дәрежелі Еңбек Даңқы орденімен марапатталды.Аудандық, облыстық партия конференцияларына делегат болып та сайланды. Еңбек ардагері медалімен және Бүкілодақтық Халық шаруашылығы көрмесінің (ВДНХ) жеңімпазы ретінде Құрмет дипломымен,сонымен қатар  көптеген медаль,грамоталармен марапатталды.Бұл ол үшін өте жоғары дәреже болатын.

1981-1991 жылдары Крупская атындағы совхозда директордың орынбасары,бірінші,екінші бөлімшелерде меңгеруші болып, кейін 1991-1992 жылдары Мереке селолық округінің әкімі болып қызмет атқарды. 1993-1998 жылдары бірінші бөлімшеде бригадир болып еңбек етті.Кейін «Армат» шаруа қожалығының басшысы болды. Серікқали Ихсанұлы ауыл ақсақалдары алқасы құрамына мүше болып, ауылдың әлеуметтік, мәдени шараларына белсене қатысып, оларға демеушілігін аямады.Ауыл тұрғындарының аз қамтылған отбасыларына көмек ретінде ақшалай қолұшын беріп, олардың алғысына бөлене білді. Серікқалидың тұла бойында ар,ұят деген қасиеттер мол болатын.Ар-ұятты Абай бабамыз адамгершіліктің өлшемі деп біледі. Жастарға: «Ұятың, арың оянсын» деп өсиетін қалдырған. Канттың категориялық императив деп атаған бұлжытпай орындалуға тиісті заңы да осы ар-ұят болып табылады. Серікқалидың ар-ұят қасиеттері теориямен қалыптасқан қасиет емес,гендік түптен дарыған қасиет. Бұл тұрғыдан алғанда Серікқали Ихсанұлын ерекше феномен деуге де болады.Серікқали Ихсанұлының бойына қайрат дарыған.Қайрат ақылмен шендеседі. Абай ақын ақыл мен қайраттың қасына төреші етіп жүректі қосады. Жүректі,сезімтал адам ғана өмірден аяңдамай, желіп өтеді. Сәкең өмірден желіп өтіп, қара үзген адам.Оның өмір жолдары осыған дәлел. 1969 жылы ауылдың әдемі қыздарының бірі Балсекерге үйленді.2019 жылы мамыр айында отасқанына 50 жыл болғанын бала-немерелері арасында атап өтті. Бақытты жанұя болғандарына күмән жоқ.Үш ұл,бір қыз тәрбиеледі.Барлығы да жоғары білімді мамандар. 2016 жылы 70жасқа толуына орай аудандық «Мерейлі отбасы» дәрежесін иеленді. «Ақжайық» телеарнасы арнайы деректі фильм түсіріп,жыл бойы телеарнадан көрсетіп отырды.Бұл да біз үшін үлкен дәреже.

  Салихалы отырыстарда ақтарыла сөйлеп, сонау шежірелер тарихынан бері қарай әңгіме өрбітіп, отырыстың мазмұнын тереңдетеді.Мен ондайда нағыз «мастер класс» ұйымдастырдың ғой деп әзілдейтінмін. Абай түсінігінде пенде бар,дара бар,тұлға бар. Бәріміз де пендеміз, бірақ өсе келе,үйрене келе адам дараланады, дүниеден өзіне лайық орын табады.Мен Сәкеңді тұлғалар қатарына қосар ем, өз орнын ойып тауып,оңды бағытты бағдарлап өмір сүрді.Әттең, қамшының сабындай қысқа ғұмыр.Бірақ,есті адам артында өрілген өрнек қалдырады. Жарқыраған аталар жолының бағдарын қалдырады.Келесі толқынға бағдар керек, шынында Серікқали Ихсанұлы кейінгілерге үлгі деп айтуға әбден болады. Адамдар мәңгілік емес. Дәм-тұзы таусылғанда көк әлеммен құшақтасып кете барады. Бауырым, аға деп ардақтаған Серікқалидың жаны жәннатта болсын деймін.Балалары арулап, аққа орап, мәңгілікке шығарып салды.Қара жер қайысып, ел-жұрты қоштасты.  Адам өтті өмірден..... деуден басқа сөз жоқ.

Хамида Қожабергенова,

тарих ғылымдарының

кандидаты, доцент

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале