21.07.2020, 12:21
Оқылды: 82

Өрт шаруашылыққа кері әсерін тигізуде

Күннің ыси бастаған кезінен дала өртінің жиілей түсетіні белгілі. Әсіресе жаз мезгілінде қызыл жалынның құшағында қалған орман-тоғайлар да аз емес. Сондықтан орман өртінің алдын алу жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуі тиіс. Бірақ тілсіз жаудың қай бүйірден соғарын алдын ала болжау да мүмкін емес.

B35420B1-9D42-4FE2-930A-0B1638C6856A

Өрт адам өміріне қауіп төндіріп қана қоймай, ел экономикасына да айтарлықтай шығын әкеледі. Негізінде, өрт жаздың қатты ыстығында, ұзақ уақыт жауын жаумай, құрғақшылық болғанда көбірек орын алады. Ал орманды және дала алқабының өртенуіне шөптің өздігінен жануы басты себеп. Сонымен қатар орман өртінің 80 пайызға жуығы тұрғындардың еңбек етіп немесе демалып жатқан жерлерінде өрт қауіпсіздігін сақтамауы салдарынан орын алады. Жақында Тасқала ауданына қарасты Мереке ауылдық округінде орын алған төтенше жағдай да тілсіз жаудың қаншалықты қауіпті екенін көрсетті. Аудандық ТЖ бөлімі басшысы м.а. М.Батырашевтың айтуынша, өрт құрғап кеткен шөптің әсерінен орын алған.

– Осы айдың 12-сі күні сағат 14.00 шамасында аталмыш округтен 20 шақырым қашықтықтағы Жайықбай қыстауында төтенше жағдай орын алды. Өрт 226 га жерді шарпыды. Зардап шеккендер жоқ. Өртті сөндіруге 12 жұмысшы және екі техника жұмылдырылды. Құрғақ шөптің өртену себебі әлі де нақтылануда, – дейді Мырзағали Батырашев.

Сондай-ақ маманның сөзіне сүйенсек, орман өрті кез келген жерде шығады және өте тез тарайды. Сондықтан барынша қауіпсіздік шараларын сақтағанымыз жөн.

– Биыл өзіңізге белгілі қар тез еріп кетті. Жауын-шашын да аз болды. Қазір даладағы шөп айтарлықтай құрғақ. Оның үстіне күннің ыссылығы да басылмайды. Сондықтан дала өрті де жиілеп тұр. Мысалы, осы бір аптаның көлемінде үш бірдей дала өрті орын алды. Мерей, Қосшы және Мереке ауылдық округтерінде өрт шықты. Себептері әртүрлі. Қосшы ауылдық округіндегі өрттің шығуына далаға түскен найзайғай себеп болса, Мерей ауылында желдің әсерінен көршілес Ақжайық ауданы территориясынан келді. Нәтижесінде Мерей округінде 1050 га, Қосшы ауылдық округінде 890 га далалық жер өртке оранды, – дейді маман. Мырзағали Ғайниденұлы өз сөзінде төтенше жағдайдың алдын алу, қауіпсіздік ережелерінің сақталуы жіті назарда екенін жеткізді. Дегенмен тілсіз жаудың қай уақытта және нақты қай жерде шығарын болжап білу мүмкін емес. Осы орайда ол ауылдық жерлердегі егістіктер мен шаруа қожалықтары иелерінің сақтық шараларын ұстануы маңызды екенін алға тартады.

A8B27CA3-B37D-47A9-B3D4-B7228E90E838

Жалпы, 2020 жылы аудан аумағында төтенше жағдайлардың алдын алу және жою бағдарламасы бойынша аудандық бюджеттен – 7 798 000 теңге қаражат қарастырылған. Бұл қаржы төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында, уақытша өрт сөндіру бекеттері қызметіне және арнайы өрт сөндіру көліктеріне керекті құрал-жабдықтар, қызметкерлердің айлығы, жанар-жағармай алуға және басқа керекті құрал-жабдықтарға жұмсалды. Бұл туралы аудан әкімі аппаратының бас маманы Қуаныш Қабдолда айтты.

– Қазіргі уақытта аудандық резервте жанар-жағармайдың 5000 литр қоры бар. Соның ішінде: АИ-92 – 2 000 литр, ДТ – 3 000 литр. Сонымен қатар рация – 10 дана, су сорғыш құралдары (воденая помпа) – 5 дана, моторлы ара – 3 дана, тоқ генераторы – 2 дана және ұсақ құрал-жабдықтар (күрек, лом, кувалда т.б.) бар. Аудандық азаматтық қорғау күштері мен құралдары тексерілді. Тексеріс нәтижесі бойынша дала өртінің алдын алу және жоюға аудан бойынша ауылдық округтерде құрылған ерікті топ жасақтарында 56 бірлік техника және 202 адамнан тұратын жасақ топтары құрылған.

Бұдан өзге Қуаныш Серікұлының мәліметіне сүйенсек, 117 дана аспалы өрт сөндіргіш құралының 62 данасы іске жарамды екен. Қалған 55 данасы істен шыққан. Сол себептен резервтен 42 дана аспалы өрт сөндіргіш құралдары жеке құрам мен жасақтарға таратылды. Ерікті жасақ топтары құрал-жабдықтармен, құрғақ ас, автокөліктеріне тіркеме, су шашуға арналған «керхер» аппараты, генератор, су тасуға арналған 200-300 литрлік бөшкелермен жабдықталған. Аудан орталығы Тасқала ауылында бір өрт сөндіру бекеті бар. Бұған қоса Қосшы және Мерей ауылдық округтерінде уақытша өрт сөндіру бекеттері қызмет атқаруда. Бүгінгі таңда Шежін ауылдық округтерінің өрт сөндіру көлігі дала өрті кезінде қозғалтқышы (мотор) қызып кетуіне байланысты жөндеуге қойылды. Биыл Атамекен ауылдық округінде төртінші уақытша өрт сөндіру бекетін ашу жоспарланып отырғаны да атап өтілді.

Әсем Аманова,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале