28.03.2018, 16:35
Оқылды: 29

Орынборда отты жылдардың шежіресі шертілуде

Бүгін Орынбор қаласында Ресей мен Қазақстан Республикасының із кесушілер отрядтарының  «Одна на всех Победа!  Евразийский  диалог»  атты  Сталинград  шайқасының  жеңіспен аяқталғанына  75 жыл толуына орай халықаралық  форум өтті.

Ұлы Отан соғысында заманның зауалына қарсы тұрып, иығына ауыр жүкті артып, кеудесін оққа тосқан боздақтардың жерленген жерін анықтаумен айналысатын із кесушілер отрядтарының жұмысы бүгінгі өткен форум барысында  жан-жақты көрсетілді.

ҚР Журналистер одағының мүшесі Ахмедияр Қуанұлы форум жұмысы барысында «Ұлы Отан соғысы жылдарында Жәнібек стансасына жерленген боздақтар», РФ Өлкетанушылар одағының мүшесі, тарих магистрі Айболат Құрымбаев «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Батыс Қазақстан облысы  Бөкей Ордасы ауданындағы бауырластар зираты», Кеңес Одағының Батыры Мəншүк Мəметова атындағы із кесушілер отрядының отряд басшысы, Тасқала ауданының Мерей ауылындағы  Шипов жалпы білім беретін орта мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Сергей Владимирович Лапшин «Мәншүк салған соқпақпен»,  Мәншүк Мəметова  мемориалдық музейінің директоры Светлана Бектенова «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қазақстандық батыр әйелдердің ерлік мұрасы»,  облыстық балалар мен жасөспірімдер туризмі және  экология  орталығы директорының оқу-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары  Құралай  Қайырлиева «Майданннан жазылған үшбу хаттар» тақырыбындағы   ғылыми-зерттеу баяндамаларын көпшілікке ұсынды. Форум жұмысына Қазақстаннан батысқазақстандық өкілдермен бірге Ақтөбе облысының із кесушілері  және Ресей Федерациясының Уфа, Самара қалаларынан өкілдер қатысты.

Екі мемлекеттің арасындағы із кесушілер отрядтарының әріптестік ынтымақтастығын нығайту, алдағы уақытта бірлесе жұмыс  істеу  туралы мәселелер  хақында өрелі ой қозғалды.

Конференция барысында оқылған баяндамалар алдағы уақытта «Евразийский перекресток» атты тақырыпта жинақ болып шығарылмақ.

Меңдігүл ФАЗЫЛОВА

Жәнібек ауданы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале