13.06.2018, 14:27
Оқылды: 23

Осы жұрт Аралсорды ұмытты ма?..

Тақырыпты осылай бастауымыздың да жөні бар. Сонау 60-шы жылдардың ортасында қазіргі Бесқұлаш аймағына жақын (Әжібай ауылдық округіне қарасты) Ащыөзектің бойында түсінікті тілмен айтқанда геологиялық зерттеу қалашығы (городок) болды.

Бұл қалашықтың орналасқан жері Жәнібек ауданының Тайыр Жароков атындағы кеңшардың құрамына кіргенмен де, негізінен Қазталов ауданымен қарым-қатынаста болды. Оның себебі – облыс орталығы, қала берді тікелей СССР геология министрлігімен байланыс жасағанда, біздің аудан арқылы жүргізілетін еді.

Ал осы Ащыөзектің бойында орналасқан геологиялық барлау экспедициясының бұрғылау жұмысы тереңдігі жөнінен сол кезде Америкадағы бұрғылау жұмысынан кейінгі ең терең бұрғылау рекордын жасаған көрінеді. Былайша айтқанда, бұл жердегі бұрғылау жұмысы 9 мың метрге дейін барған екен. Осы қалашық сол кезде ғажайыпты еске түсіретін. Маң далада сол заманға лайық аурухана, монша, сегізжылдық орыс мектебі, түрлі техникалық жарақтандырылған шеберханалар және біздің аудан орталығы емес, облыс орталығы тұрғындарының түсіне де кірмейтін азық-түлікпен қамтылған дүкендер болды. Көшелері жасыл желекке малынып тұрды. Сор суының жиналған жерде суға шомылу жағажайы да болды. Дүкендерде адам қолына сол кезде түсе бермейтін шұжықтардың (колбаса), бау-бақша өнімдерінің түр-түрі толып тұрды. Ауылдың адамдары: -Біздер тамақты Москвадан алдыртамыз, -деп әзілдейтін. Себебі тамақ өнімдерімен қамту тікелей ұшақ арқылы жіберіліп тұратын. Бұны ағаларымыз және бүгінгі замандастарымыз көре қалды. Ең алғаш рет қазіргі әскери тягач, сто тағы басқа алып техникаларды да осы қалашықтан көргенбіз. Сонымен қатар осы геологиялық барлау  экспедициясының бір орталығы қателеспесек Жаңақала ауданының Мәстексай аймағында орналасты. Сол жерге Саралжын ауылы арқылы күн сайын қатынасатын. 1967 жылы Мәстексайдағы барлау мұнарасы Тереңкөл ауылдық округінің (Қалабай бөгетінің маңы) аймағына көшірілді. Мұнараны Саралжынның үстімен 4 алып сто тракторы сүйреп өткені әлі есімде. Сол мұнара Кеңес үкіметі тарағанға дейін тұрды.  Осы мұнараны Кеңес үкіметі тарап жатқан кезде біреу құлатып, металлом қылып тапсыруға алып кетіпті. Сол алмағайып кезде мұнараны ешкімге бермей, сақтап қалғанда бүгінгі күнде сол мұнараны реконструкция жасап, аудан орталығына немесе Нұрсай ауылына әкеліп, бүгінгі тәуелсіздіктің нышанын бейнелейтін бір ескерткіш жасауға да болады екен деген бір ой келеді. Бірақ мұндай ақыл ол кезде болмай қалды ғой...

Енді Аралсор қайда дейміз ғой? Жетпісінші жылдардың басында геологиялық барлау экспедициясы басқа жаққа көшірілді. Қалашық Тайыр Жароковтың бір бөлімшесіне берілді. Бірақ тұщы су көзі болмағандықтан ол бөлімше тарап кетті. Үйлер қиратылып, әркімнің еншісіне кетті. Тіпті бір қызықты жағдай да болды. Саралжын ауылында бір ағайынымыз өсіп тұрған теректі ортасынан кесіп алып (тамырымен алмай) үйіне әкеліп отырғызды. Әлгі терек 1 ай өтпей қурап қалды. Бүгінде осы қалашықта тұрып, жұмыс істеген орыс, қазақ ұлттарының көбі Орал қаласында тұрады. Ауыл адамдарымен араласқан солар біраз уақытқа дейін хабарласып, қонаққа келіп тұратын еді. Аралсордың тарихын неге айтып отырмыз? Осыны жақсы білетін адамдар сиреп барады. Бұл да біздің тарихымыз. Осы жерімізге орналасқан ғажайып қалашықтың макетін жасап, жабдықталып жатқан музейге қойса, бүгінгі өсіп келе жатқан ұрпақ туған жерін тереңірек таныр еді...

(Сурет ғаламтордан алынды)

Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ,

Қазталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале