29.11.2017, 10:23
Оқылды: 41

Павловтық 230-дан астам тұрғын таза ауыз суға қол жеткізді

Мемлекеттік «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында Зеленов ауданы Махамбет селолық округі Павлов ауылында таза ауыз су жүйесі іске қосылды.

ҚР Тұңғыш Президенті күні мерекесі қарсаңында халық игілігіне берілген нысанның салтанатты іске қосылуына аудан әкімі Асхат Шахаров пен аудандық мәслихат хатшысы Рамазан Исмағұлов қатысып, тұрғындар қуанышымен бөлісті.

Жалпы жобалық құны 79,408 млн. теңге құраған жоба нәтижесінде 230-дан астам тұрғын таза ауыз суға қол жеткізді. Жұмысты орындаған мердігер «ЖайықГазСуҚұрылысы» ЖШС-і мекемесі тындырымды аяқтап, мерзімінде тапсырды. Су құбырын аудан әкімі Асхат Шахаров пен махамбеттік еңбек ардагері Василий Русаков салтанатты жағдайда іске қосты. Осылайша Павлов ауылындағы 60-тан астам аула мен әлеуметтік нысандарға орталықтандырылған су құбыры жетті.

–Жалпы ауданда барлығы 68 елді мекен болса, оның 40-қа жуығы әлі орталықтандырылған су құбырына қосылмаған. Биыл аудан бойынша 5 елді мекенді таза ауыз сумен қамту жоспарланса, бүгінде нысандардың жұмысы сәтті аяқтала келді. Келер жылы тағы 7 ауылды таза сумен қамтуға құжаттама дайындалуда. Сонда аудан халқының 60 пайызы таза ауыз сумен қамтылмақ. Аталмыш жобаларды іске асыру барысында жергілікті құрылыс материалдарының қолданылуы шағын кәсіпорындар жұмысынширатып, қосымша жұмыс орындарының ашылуына серпін береді, - деген аудан басшысы Асхат Берлешұлы әлеуметтік маңызды жобалардың алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізіп, тұрғындарды айтулы мерекемен құттықтады.

Нұржан ДҮЗБАТЫР,

Зеленов ауданы  

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале