29.01.2018, 11:51
Оқылды: 58

«Переметный қаладан кем болмауы керек»

Зеленов ауданының әкімі Асхат Шахаров аудан орталығы Переметный ауылында өткен халық алдындағы есебінде осылай деді.

Переметный ауылында өткен аудан әкімінің есеп беру кездесуіне халық көп жиналды. Аудан, кейін ауыл әкімнің атқарған жұмыстары туралы баяндамаларын тыңдаған ағайын өздерін мазалаған сұрақтарын қойды. Негізінен ауылішілік көше жолдарын жөндеу жайын қаузаған тұрғындардың сұрағына жауап берген Асхат Берлешұлы биыл жолдардың жөнделетінін айтып, апатты жағдайдағы үй жөндеуге келмейтіні анықталса, тұрғындарына кезекке сәйкес үй салынатындығын жеткізді. Переметныйдағы «Элеватор» атанып кеткен шағын аудан тұрғындары ойын алаңын, Калинин ауылының тұрғындары Фрунзе және Бостандық көшелеріндегі үйлерге арнайы тақтайшалар орнату сияқты сұрақтарды ортаға тастады.

–Балаларға арналған ойын алаңын салу мәселесі ойымызда. Жаңадан салынған дене шынықтыру-сауықтыру кешені маңынан саламыз деген едік. Бірақ, ел қалауын ескеретін боламыз,-деген аудан әкімі үйлерді нөмірлеп, көшелердің аты жазылған тақтайшаларды ілу ісін жауапты мекеме басшыларына тапсырды.

Жиынға келген кәсіпкер Арман Айтбаев Приречный көшесіне жарық шамдарын орнату керектігін көтерді. –Біз бұл мәселемен таныспыз. Аудандық электр станциясымен келісілді. Көше шамдары ілінетін болады,-деген округ əкімі А.Жұмағұлов өзге де көшелерді жарықтандыру жоспарымен бөлісті. Бұдан бөлек азық-түлік бағасын реттеу, шеткері көшелерге су тарту сияқты мәселелердің де жауабы берілген кездесу барысында ауыл тұрғындары округ əкімшілігі қызметінің жұмысына көңілдері толатынын жеткізді.

Жиын соңында аудан әкімі: -Біз аудан орталығында тұрып жатырмыз. Переметный қаладан кем болмауы керек. «Ана мен бала» саябағын аштық, жастардың бос уақытын өткізетін дене шынықтыру-сауықтыру кешені де жұмысын бастады. Ауылды абаттандыру ісі жол, ауыз су сияқты мәселелерден кем түспейтін басты жұмысымыздың бірі. Сондықтан қаражаттың бөлінуіне қарай ауылымызды гүлдендіре түсеміз,-деп есеп беру жиынын қорытындылады.

Түгелбай Бисен,
Зеленов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале