9.07.2018, 10:59
Оқылды: 106

Переметныйда домбыра мүсіні ашылды

- Домбыра – қазақтың жаны. Ата-бабамыздан бүгінге жеткен киелі аспап домбарының құдіреті керемет. Елбасымыздың жарлығымен Ұлттық домбыра күнінің белгіленуі біз бен Сізге үлкен қуаныш сыйлады. Сол себепті де еліміздің бас қаласы Астананың 20 жылдығына орай «Домбыра» мүсінін ашып отырмыз. Келбетті елордамыздың мерекесі құтты болсын! Шаңырағымыз шайқалмасын! – деді аудан басшысы өз құттықтауында.

Шаңырақ астында орналасқан «Домбыра» мүсінін ашу құрметін аудан басшысы Асхат Берлешұлы мен «Ақ ниет» әжелер ансамблінің жетекшісі, әнші-сазгер, мәдениет қайраткері Гүлбаршын Қасиетова жүргізді.

Салтанатты шарада Жантөренің күйі «Шалқыманы» жергілікті күйші Аслан Ғизатов төгілтсе, халық әні «Япурайды» әнші-термеші Артур Сисенов ерекше шабытпен орындады.

Меймандар танысқан нысандар арасында «Ана мен бала» саябағы, «Алтын балық» тоғаны, «Татуласу орталығы» бар.

Ал, күні кеше ауданда алғаш ашылған аудандық тарихи-өлкетану музейі келуші меймандарға қонақжайлық танытып, музей залдарымен таныстырып өтті.

«Біздерде мынандай бар, мынандай бар» деп шақырған музей залдарын аралаған ресейлік қонақтар аз уақыттың ішінде аудан тарихынан сыр шертер құнды мәліметтер жинақтап, жоғары деңгейде ұйымдастырушылық жұмыстарын жүргізген аудан басшылығына рақметін де жеткізді.

Орталық алаңда тігілген ақшаңқан киіз үйде жергілікті қолөнер шеберлерінің көрмесі тамашаланды.

Мереке аясында орталық алаңда ұйымдастырылған «Жұлдызды қала – Астана» атты концерттік бағдарлама 40-тан астам ұлт өкілдері қоныс тепкен Зеленов ауданының татулығы мен бірлігі бекем екендігін көрсетті.

 

Мерекелік шара аясында аудан әкімі А.Шахаров «Астана – 20 жыл» мерекелік медалін еңбек ардагері Жігер Меңешовке, Жайық айтысының 60 жылдығына арналған мерекелік медальді әнші-сазгер Гүлбаршын Қасиетоваға табыс етсе, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғалымжан Меңдалиев, «Бақыт жол» ЖШС директоры Алексей Алпасов, аудандық тарихи-өлкетану музейі директорының міндетін атқарушы Нұржан Дүзбатыров, Переметный ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Нұрлан Төлебалиев аудан әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды.

Ауданмен шекаралас Ресей Федерациясы көршілес Тошлинский, Первомайский аудандарының басшылығы мен көршілес Тасқала ауданы басшылығы атынан сөз алған өкілдер Зеленов ауданы халқын мерейлі мерекемен құттықтап, аудан басшысы А.Шахаровқа алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етті.

Концерттік бағдарлама аясында жергілікті өнерпаздар әннен шашу шашып, мереке ажарын әуезді әуендер ырғағында аша білді.

 

Ертай БИМҰХАНОВ,

Зеленов ауданы

 Суреттерді түсірген Түгелбай БИСЕН

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале