3.07.2020, 14:54
Оқылды: 331

Переметныйлық ағайын қиын жағдайға тап болған ауылдасына көмек көрсетуде

Өткен апта соңында болған қатты нөсер Бәйтерек ауданы орталығы Переметный ауылының тұрғыны Еркін Бисенбаевты қатты әбігерге салды. Күні кеше өз күшімен тұрғызған үйіне найзағай түсіп, шатыры мен ағаштан (шита) жасалған қабырғасы лезде отқа оранған. Үй иесінің айтуынша, өрт күндізгі сағат он бірлердің шамасында орын алыпты.

smart

-Үлкен ұлымды мұғаліміне қосымша сабақ алуға алып кеткен едім. Үйде қалған үш бүлдіршініме қарайласқан жеңгем мен оның баласы қалды. Найзағай түскен кезде үй ішінде фейерверк атылғандай болыпты. Алла сақтап, жеңгем балаларды сыртқа шығарып, көршілерді көмекке шақырып үлгерген,- дейді Еркін Батырханұлы.

Үй иесі өрт сөндірушілер тез келгенін айтады. Бүгінде қиын жағдайға тап болған ауылдасына переметныйлық ағайын қолдан келген көмегін көрсетуде. Мешіт жамағаты өрт шарпыған төбені бұзып, пайдалануға жарамсыз ағаштар мен құрылыс материалдарын шығаруға көмектесуде. Ауыл әкімдігі де оқиға орнына барып, жағдаймен танысқан. Округ әкімі Бекзат Бадақов ауданның әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерін, және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидаларын белгілеу туралы ережеге сай жапа шеккен азаматқа көмек көрсетілетінін жеткізді.

smart

-Өйткенде болған табиғаттың тосын сыйы Еркін бауырымызды ғана емес ауылдың тағы бес тұрғынын әбігерге салды. Бір үйге су кетсе, енді бір үйдің шатырын жел ұшырды. Қазір арнайы комиссия барлық шығынды санап, қажетінше көмек көрсететін болады. Ал Еркін Бисенбаевқа 50 АЕК көлемінде көмек көрсетілетін болады,-дейді округ әкімі Бекзат Ғаппарұлы.

Көріп тұрғаныңыздай Переметный тұрғындары ауылдасын қиын жағдайға қалдырмауда. Десе де қосымша көмек артық болмайды. Еркін бауырымызға қол ұшын берем деген жан 87470470120 нөміріне хабарласа алады немесе 5169 4971 3401 8583 Каспий банк есепшотына ақша аударуға болады.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале