14.11.2019, 11:58
Оқылды: 170

Пышақ пен арақ әріптеске айналды

Сырым ауданында кешегі аптаның ішінде үш бірдей пышақтау оқиғасы орын алды. Оның екеуінде адам жараланса, бір оқиға адам өлімімен аяқталды. Үш оқиғаның да өзара ұқсас тұстары бар. Пышақ пен ішімдік. Осы екеуі әбден әріптес болып алғандай. Мұндай қылмыс қоғамда болмай жатыр емес, болып жатыр. Бірақ бір сипаттағы қылмыстың бір аптада үш рет қайталануы бізді ойлантпай қоймады. Мазмұны бірдей қылмыс неге жиіледі? Осы сұрақты аудандық полиция бөлімінің бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Бақтығали Қожахметовке қойдық.

 syrym suhbat

Бақтығали Серғалиұлы, кешегі апта орын алған қылмыстық оқиғаларға қатысты не айтасыз?

-Соңғы кездері аудан көлемінде арақ ішіп көлік басқару, отбасылық жанжалдасу деректері белең алды. Жанжал көп жағдайда жақсылықпен аяқталмайды. Мысалы, биыл қараша айының бас кезінде арақ ішудің салдарынан өзара жанжалдасу туып, ақыр соңы денеге пышақ салудың зардабынан бір азамат ажал құшса, екі азамат ауыр дене жарақатын алды.

Арақ ішкен адамға жазалаудан басқа қандай амал бар?

 -Басты амал – оны ішімдіктің торынан арашалау. Өткен жылы арақтан еріксіз емделуге үш азамат жіберілсе, биыл екі азамат жолданды. Ал отбасылық жанжалдасу бойынша былтыр 52 адамға әкімшілік құқық бұзғаны үшін қорғау нұсқамасы толтырылып, биыл көрсеткіш 57 адам.

Қылмыстарға не себеп болуда?

-Аудан көлеміндегі шаруа қожалықтары иелерінің басым бөліктері әр өңірден әкелген жалдамалы еңбек адамдарын уақытша тіркеуге қоймайды. Тым болмағанда учаскелік полиция инспекторларының есебіне тіркетуі керек қой. Шаруалар оған салғырттық танытуда.

Талдыбұлақ ауылдық округіндегі Қазақстан ауылының қыстағындағы қылмыс осындай олқылықтың кесірінен орын алды. Жалдамалы адамдардың арақ ішіп, ақыр соңы адам денесіне пышақ сұғып алу дерегімен аяқталды

Себепкер өзіміз бе сонда?

-Иә. Неге екенін мына мысалдармен түсіндірейін. Бүгінгі таңда аудан көлемінде республикалық "Мал ұрлығы" және "Учаске жедел" іс-шарасы жүргізілуде. Өкінішке орай осындай шаралар деңгейі қолға алынса да ауданда мал ұрлығы, ұзын жол бойындағы көліктердің бағымсыз жүрген малдарға соғылуы азаяр емес.

Қазіргі таңда аудандағы малдар қараусыз, бағымсыз жүруде, қамалмайды. Малдарға сырға, таңба салынбайды. Жергілікті басшылыққа, ауыл әкімдеріне бұл жөнінде бірнеше рет айтылып, қызметтік хат жазылса да тиісті нәтиже шығар емес. Ал кездейсоқ жол көлік оқиғаларының алдын ала білу үшін малдарға жарық беру құрылғыларын орнатуда әлі салғырттық бар. Самара-Шымкент, Қаратөбе-Жымпиты жол бойында бағусыз жүрген малдарға көліктің соғылуы белең алуда.

Әсіресе, Алғабас, Шолақаңқаты, Бұлан, Бұлдырты, Жымпиты, Сарой ауылдық округтері бойындағы түн мезгілдегі бағусыз жүрген малдарға көліктердің соғылуы азаймай отыр.

Он бір ай ішінде Сырым ауданы көлемінде осындай деңгейдегі 15 жол көлік оқиғасы тіркеліп, 5 адам өлімі болып, 20 адам түрлі дене жарақатын алды.

Көліктерді арақ ішіп алып жүргізу де азаяр емес. Мысалы, көлікті мас күйінде басқарғандығы үшін ҚР әкімшілік құқығын бұзу кодексінің 608 бабы бойынша 23 әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды. Орын алған қылмыстардың жедел ашылуы бағытында адамдардың куәгер болуда ат тондарын ала қашулары да басты себеп. Көбіне азаматтар қылмысты көріп, куәгер болғанынан, тып-тыныш "момын" күйде болғанды жандары қалайтындары рас. Біздің мақсат – жазалау емес, қылмысты болдырмау. Ол үшін халықтың да көмегі керек.

Жедел сұхбатты жүргізген Мүсірбек Айташев

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале