30.05.2018, 11:35
Оқылды: 69

Республика көлемінде үздік танылған музей басшысын аудан әкімі қабылдады

 

Жуырда Астана қаласында өткен «Рухани қазына - 2018» атты мәдениет және өнер саласы ұйымдары мен қызметкерлерінің І фестивалі өтті. Осы фестивальде Сырым аудандық С.Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейі «Үздік аудандық маңызы бар музей» аталымы бойынша жеңімпаз атанып, 1 млн.теңге көлеміндегі қаржылай сыйақыға ие болды. Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев аудандық музейдің директоры Айнагүл Ойшыбаеваны қабылдады.

Аудан әкімі өзінің сөзінде аудандық музейдің директоры Айнагүл Ойшыбаеваның өлкетану, тарихты түгендеу тұрғысындағы еңбектерін атап өтті.

Айта кетейік, фестиваль аясында республика бойынша 53 музейдің жұмысы таныстырылған.

Музей директоры Айнагүл Ойшыбаеваның айтуынша, аудандағы музейдің тарихи тартымдылығының жоғары бағалануы жергілікті басшылықтың мәдени мұраларға деген қолдауының арқасында ғана мүмкін болып отыр. Айнагүл Мағауияқызы облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мирболат Ерсаев мырзаның да еңбегін де атап өтті. Айта кетейік, жуырда республика көлемінде облыстық музейлер қауымдастығы құрылып, оған облыстық музейдің директоры Мирболат Ерсаев төраға болып сайланды.

С.Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің қорында бүгінгі күні 5 000-ға жуық жәдігер бар. Музей директоры алдағы бес жылда қор екі еселенеді деп нақты болжамын айтып отыр.

Бір өкініштісі, Сырым ауданында дербес музей ғимараты жоқ. Тиісті мекемелерден сұрастырғанымызда, бұл мақсатта екі қабатты ғимарат сатып алыныпты. Нысанның жобалық-сметалық құжаты дайын. Тек жөндеуге 170 млн.теңге көлемінде қаражат қажет екен.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале