5.12.2019, 19:47
Оқылды: 193

Республикалық пән олимпиадасының аудандық кезеңі өтті

Бүгін Сырым ауданындағы Ж.Досмұхамедов атындағы мектепте жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың ІІ аудандық кезеңі өтті.

syrym (1)

Олимпиада туын көтеру мәртебесі 2018-2019 оқу жылында қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы Қызылорда қаласында өткен  республикалық жалпы білім беретін пән олимпиадасында «Құқық негіздері» пәнінен І дәрежелі және 2019 жылы Қазақстан Республикасы Вице-министрінің «Ең үздік ауыл оқушысы-2019» дипломымен марапатталған Қ.Мырзалиев атындағы мектептің 11 сынып оқушысы Айжан Тұрғалиеваға ұсынылды.

Олимпиаданың ашылу салтанатына Сырым аудандық білім беру бөлімінің басшысы Дайыр Сапаров қатысты.

–  Қазақта «Бақ шаба ма, бап шаба ма?» деген сөз бар. Бірақ соған қарамастан, сіздердің алған білімдеріңізді дәлелдеулеріңіз аудан үшін, мектеп үшін үлкен абырой. Бүгін бар білімдеріңді көрсете алсаңдар, мұғалімдеріңнің еселі еңбектерін ақтағандарыңыз. Оқу инемен құдық қазғандай. Өзіңе емес, өзгеге білдіру өте қиын. Бүгінгі олимпиадаға қатысып отырған 301 оқушының 15-20 пайызы облысқа шығатын болса, ұстаз еңбегінің зая кетпегені. Баршаңызға білім бәсекесінде сәттілік тілеймін, - деді Дайыр Қадырұлы.

Олимпиадада 15 пән – қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі, Қазақстан тарихы, құқық негіздері, математика, физика, химия, информатика, география, биология бойынша 301 оқушы  білімдерін сарапқа салды. Облыстық кезең 2020 жылдың 6-7 қаңтарында Орал қаласында өтеді.

Шынар Молданиязова

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале