3.12.2019, 19:30
Оқылды: 115

Сафия апайды тыңдасақ

«Шұғыла» газетінің №34 басылымында белгілі журналист Нұрымбек Жапақовтың «Біз осы қай бағытқа бет алдық?» деген мақаласын оқып шығып терең ойға баттым. Адами құндылықтардың  құлдырауы  рухани дүниеміздің  әлсіреуіне себеп болуда бүгінде.

 

Жастарды еңбекке баулу

Бауыржан Момышұлының ертеректе жастар алдында сөйлеген сөзін оқып едім. Онда біреулер «қазақ халқын жалқау, көшпенді» дейді. Мен оған мүлде қарсымын. Қазақ ата кәсібі мол болғандықтан тұрмысына қажет жағдайын жайылым, жер-суын қарастырды. Көшсе ол сыған сияқты мәнсіз көшкен жоқ. Көшу арқылы өз мәдениетін, салтын, әдет-ғұрпын  көрсетті. Жас жігіттер жаздың ыстығына, қыстың суығына, боранына төтеп беріп мал өсірді. Керек кезде елін жаудан  қорғады, өзін шыңдады. Соғыс өнерін де үйренді, батыр атанды. Ата кәсіпті өсіру, дамыту керек. Жігіттер оқысын, білім  алсын, мамандық игерсін. Алған білімді малды асылдандыруға жұмсасын. Қаншама ғылымды, техниканы дамытамыз десек те, адамға қашанда азық керек. Қазір халықтың тұрмысы жақсарды. Жанға қажет дүниенің бәрі бар. Ата кәсібіміз мал өсіруді іске асыра алмай келеміз. Бұрын ауылдың  әр үйінен кемінде бір сиыр ауладан өтетін еді. Сиыр сауып, оның өнімін ұқсататын келіндер ғой. Қазір бәрі дайын күйде болғасын, қазіргі келіндердің оған зауқы жоқ. Ал табиғи тамақ жемеген бала дені сау болып өспейді. Аулада мал болмағасын балаларға да жұмыс жоқ. Телефон шұқымағанда не істейді? Сырттан әкелетін ештеңе жоқ. Үйден қалдық су, күл төгілмейді. Есепсіз далаға шықпайды, ауада жүрмейді. Үйде көп болғандықтан жалқаулыққа бой ұрады емес пе? Ұсақ-түйек киімдерін де кіржуғыш машина жуады.

Ұқыптылыққа үйрету

Баланың тиянақты, ұқыпты болуы кішкене  нәрседен басталады. Оқушыға  керекті заттар  есеппен алынса, сонда ол өзіне  тиісті құралдарын  дұрыс пайдаланады. Көп болған жағдайда дәптердің 1-2 беттері жазылады да қалғаны жазылмай қалса, оны лақтырады. Теңге тиыннан құралатынын бала біліп өсуі керек. Дәптерге дейін ақшаға алынатыны ескерілуі керек. Табыс қайдан келіп жатыр, ақша табушы қалай еңбек етіп жатыр, бәрі ескерілуі қажет. Ер балалардың тізесі жыртылса, оны ешкім жамап азаптанбайды, сол жерінен түзулеп қиып тастайды. Оқушылар өздері білім алып отырған бөлмесінің еденін жумайды.Терезе, парта үстін сүртпейді, бұл да ұқыпсыздықтың бір түрі. Қасиетті Құранда «Ішіңдер, жеңдер, киіңдер» деген ұлағатты сөз бар. Онда әр нәрсені ысырап жасауға болмайды деп ұқыптылыққа насихаттайды. Мұны ескеру керек.

Артық білім – кітапта

Біз «соғыс балалары» деп аталатын  ұрпақтар  қатарынанбыз. Мен өзім 6-сыныптан кітап оқи бастадым. 10-сыныпты жаңа оқи бастаған  ағам әскерге алынды да, маған өзі оқып жүрген «Жұмбақ жалау», «Құрыш қалай шынықты?» деген кітаптарын беріп кетті. Осы кітаптардан кейін оқуға құштарлығым артты. Бұл құштарлық менің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болуыма сеп болды. Жұмыс жасап жүрген кезімде 10-сынып оқушыларына «Кім қанша кітап оқыды?» деген сауал тастағаным есімде. Оқушыларым таласып айта бастады. Солардың ішінде Болат Закарин деген оқушымның жүз кітап оқығаны белгілі болды. Болат кейін оқуға түсіп мұғалім болды. Қазір зейнет жасына жетсе де қоғамдық жұмыстың бел ортасында жүреді. Кітап оқуды машық  етіп, ғылым негіздерін меңгеріп, мамандық алып, елге қызмет еткен Марат Бөкесов, Өтеген Құбаев, Қасым Омаров, Нұрымбек Жапақов, Қадырғали Хошеметов, Ғалихан Бапақов ағайынды Қабыл, Мәлік Құлшаров сияқты оқушыларымды мақтан етемін. Сол кездерде кітап біздер үшін қазына байлық болып есептелетін. Біреуге, не мұғалімге сыйлық ұсынатын болсақ, жақсы кітап іздеп тауып, соны сыйлайтын едік. Алпысыншы жылдары аудан қызметкерлері кітапханаға барып кітап оқитын. Бірде Ә.Нұрпейісовтың «Қан мен теріне» оқырмандар конференциясы оздырылды. Өткізу жоспарын жасап, әзірлік жүргізуге қатыстық. Аудандық атқару комитетінің төрағасы Өтеғұл Томпышев әдейі тапсырма алып, кітапты талқылауға қатысты. Қазіргі басшылар кітапханаға бара ма екен? Әй, қайдам?! Бүгінде жасым ұлғайып, денсаулығым сыр берсе де кітап  оқуды өзіме серік етемін.Үлкендердің жұмысы, балалардың  оқуы болғасын үйде жалғыз отырып қалатын кездер болады. Сол кезде  кітап  көмекке келеді. Кітап оқу – жастарға ауадай қажет. Білімі молаяды. Ынтымақты, мейірімді болуға үйретеді. Мінездегі кемшіліктерді түзеуге көмектеседі. «Кітап – білім бұлағы» деп бекер айтылмаған. Кітап оқуды әдет етсең одан арылу қиын. Газет оқимын. Жаңа Президенттің Жолдауын түгел оқып, маңызды жерлерін қысқаша дәптерге  жазып та қойдым.

janibek safiya (2)

Қазір білім реформалары өзгеруде. Оқулықтар қайта шығарылып жатыр. Оқулық оқушыларды өз бетімен жұмыс жасай білуді үйретеді, талап етеді. Ал біздің оқушылар оған сай ма? Мысалы, 7-сыныптың қазақ тілі оқулығындағы бір жаттығуда «Мына фразеологизмдерге антоним болатын фразеологиялық тіркес табыңдар» деген тапсырма берілген екен. Тапсырмада: 1) атшаптырым жер 2) айрандай ұйыған 3) аузын ашпау тіркестері берілген. Мұның антонимдері: 1) қозыкөш жер 2) шытынаған отбасы 3) аузы аузына жұқпады деген фразеологиялық сөз тіркестері. Ал бұл тапсырманы кітап оқымаған  оқушы қайдан орындасын?! Оқулықты құрастырушылар оқушылар кітап оқиды деп есептейді. Программа қиын деген пікірлер айтылуда. Шындығында, кемшілік өзімізде де бар екенін білгеніміз жөн.

Телефон мен теледидарға тәуелділік

Ғылым мен техниканың өсуіне байланысты бұлардың (телефон) пайдасын көріп отырғанымызға  шүкірлік  айтсақ та, соларды дұрыс пайдаланып жүрміз бе? Үлкен де, кіші де күні бойы телефонды қолдан тастамайды. Оқушылардың сабақ оқуына кедергі болса, үлкендердің қыруар жұмысы өз жайында қалады. Ұзақ уақыт телефон  түрткілеп отырған бала шетелдің  керексіз оқиғалары мен  іс-әрекеттері, киім киісі, жүріс-тұрысына еліктейді. Содан барып өзінің ұлттық дәстүрін  ұмытады, соларға қарап бойтүзейді. Көшеде кетіп бара жатып, түнде ұйқыға  жатқанда да, тамақ ішіп отырғанда да телефон қолдан түспейді ғой. Осы көрініс барып тұрған ақымақтық, парықсыздық екенін байқамайды. Этика дегеніміз қайда қалады сонда? Бұл жағдайдан арылуымыз қажет. Ата-ананың бала тәрбиесінде бағдаршам екені түсінікті. Қазіргі балалар өздерін тым еркін ұстайды. Талап қойғыш. Олардың  талаптарын бәрін орындай бермей, өз жағдайларын түсіндіріп отырған жөн. Қыз баланың  болашақта  әдепті қыз, арлы қалыңдық, ибалы келін болып қалыптасуына анасы тікелей жауапты. Әке де бала тәрбиесінен шет қалмай, ұл баламен ашық сөйлесіп, оның белгілі жылдардан кейін отбасының тірегі, ұрпақ жалғастыратын азамат болатынын, ол үшін білім алып, мамандықты меңгеру керектігін түсіндіріп отыруға тиіс.

Мектептегі қоғамдық жұмыстардың тиісті кезеңдерде өткізілуі оқушының өз бетімен  жұмыс жасай алуына жол ашады. Осы жағдайды білу үшін осыдан 3-4 жыл бұрын 8-сынып оқитын шөберемнен сұрадым. Ол мәдени жұмыстар атқаратынын айтты. Жаңа жыл қарсаңы болатын. «Жаңа жылды қандай жұмыстармен қарсылайсыздар?» дегенімде «ештеңе» деді. Егер не істеу керек екендігін білмесең, мен айтып көмектесейін деп  бірнеше жұмыс түрлерін айтып бергенімде құптамай үнсіз қалды. Бұдан қоғам жұмысына мән бермейтіні байқалады. Сонда бала қоғам жұмысын белсенді атқармаса, кітап оқымаса рухани дүниесі әлсіремей қайтсін деген ойда қалдым.

 

Ұлттық салт-дәстүрді сақтау

 

Ұлттық салт-дәстүрді  сақтай білу – рухани дүниемізді жаңартатын негізгі кілт. Біз тым еліктегішпіз. Еліктеудің де жөні бар. Өркениетті елдердің  ғылым жетістіктері мен технологиясына еліктеу бар да, олардың тұшымсыз селкілдеген жүріс-тұрысы, киім киісі, тұла бойының «әсемдігіне» еліктеу бір басқа. Жастар дегеніміз мектеп оқушыларынан бастау алып, олардың ата-анасы да (30 бен 40 жастың арасындағылар) жастар қатарына қосылады. Әрбір азамат өзінің ұлттық бейнесін сақтауға тиіс. Адамның жынысына байланысты киімдері бар. Шалбар ерлерге, ұзын көйлек әйелдерге тән. Әйелдер  шалбарды жол жүргенде немесе қысқы салқындарда  кисе орынды. Ерлер мен әйелдердің дене бітімі бірдей емес, бөкселерінде үлкен айырмашылық бар. Арықша келген  әйел-қыздарға шалбар кию онша ерсілік көрсетпейді. Ал толық, семіз әйелдер кисе кейбір дене мүшелері ерекше көзге түсіп тұруы өте ыңғайсыз. Бұрында қыздардың шашын баптап өсірген. Екі бұрымы қыпша беліне түсіп тұрғанын көргенде қай жігіт қызықпаған десеңші?! Адамға ақыл беріп, жөн сілтеп тұратын жалғыз басқа шыққан шашты әлем әйелдері қай жерге қоярын білмей жалбыратып жүр. Одан біздің қыз-келіншектер қалсын ба? Қазақта шаш жаюды жамандыққа балаған.

Айналайын ағайын,

Қара шашты жаяйын.

Ішімдегі қайғымды

Енді қайтіп жояйын? – деп күйеуі өлген әйел зарланады екен. Сән дегеннің өзі адамға сән беріп, үйлесіп тұруы емес пе? Осыны ойлап көрсек қайтеді?

Күнің көршіңмен...

Қазіргі көршілеріміз заманына сай тұрмыстары  шалқып, жағдайлары жақсарып, таныстары да жұмысты сылтау етіп, бір-біріне жиі кіріп аман-саулықтарын білісіп тұрудан қалып барады. Неге бұлай деп ойласақ, үй-жай сайлы, дүние-мүлік жеткілікті, бірді екі етемін деген ой да бар, сондықтан әлгі мүлікті сылап-сипап жүргенде жан азығының төмендеп бара жатқанын ескермей қалады, басқаны ұмытады. Дана халқымыз «үй салсаң, көршіңді сайла» деген ғой. Үйден гөрі көрші қымбат болғандықтан айтқан. «Жаман туыстан жақсы көрші қымбат» дегені тағы бар. Адамдар жақсы араласып, тіл тауып, сыйластықтан туыс болып кетеді екен. Оны мен өз басымнан кешіргендіктен жазып отырмын. Екеуміз де жұмыс жасаймыз. Енем аурушаң болса да балалардың қасында қарайып отыратын. Ол кісі  қайтыс болғанда абдырап қалдық. Осы кезде көршілер көмектесті. Жұмысқа барғанда 1-2 сағатқа төмендегі үйдегі Жәмила шешеге балаларды тастап кететін. Қонақтық дегеніміз тағы бар. Осы кезде балаларды көршім Дәметкен апа алып қалады. (Ысмағұл, Амантай Жұмабаевтардың анасы) Олар үлкендеу үй сатып алып, соған көшіп жатқанда көзімнен жас тыйылмады. Туыс болып кеткен ғой. Балалар ауылға келгенде Дәметкен апаға  барып сәлемдесіп тұратын. Өзім де қатынас үзген емеспін. Дәметкен апа өзінің мейірімді, имандылығы себеп болған шығар жүз жасқа келіп дүние салды. Бүгінгі ұрпақ молшылықтан бастары айналған сияқты көрінеді. Ойланып көрейікші, ағайын?!

Сафия Тұрғалиева

«Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі»,

 «Құрмет белгісі» орденінің иегері,

 92 жастағы зейнеткер ұстаз

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале