30.05.2019, 17:29
Оқылды: 26

Сайқында спорт алаңы ашылып, ауруханаға жаңа көлік берілді

Бөкей ордасы колледжінің оқу ғимараты болса да, оқушыларға арналған спорт залы жоқ еді. Дене шынықтыру сабақтары күннің қабағына қарай ұйымдастырылды десек артық айтқандық емес. Жауын-шашыны жоқ, жылы, жайма шуақ күндері колледж оқушылары далада доп теуіп, бой сергітетін-ді. Бүгін сол бір олқылықтың орны толғандай болды. Колледж жанынан спорт алаңы ашылды.

_MG_9486

Ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов игі істің қуанышына ортақтасып, колледж студенттерін қомақты қаржыға салынған алаңды күтіп ұстауға шақырды.

_MG_9483

Лентаны колледж студенті Сағыныш Жаннатов пен аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Дмитрий Семелиди қиды. Футбол алаңының қақпасына алғашқы допты аудан әкімі соқты.

Сонымен қатар осы салтанатты шарада аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов аудандық орталықтандырылған аурухана директоры Анарбек Белисановқа темір тұлпар тізгінін ұстатты. Су жаңа көлік ақ халаттылар еңбегіне ерекше екпін берері сөзсіз.

_MG_9475

Игілікті шаралар тек мұнымен түгесілмеді. Жеке кәсіпкер Гүлнәр Әлмұратова «Азамат» дүкен-наубайхана нысанын іске қосты. Ғимараттың бір бөлігі азық-түлік дүкені болса, екінші бүйірінде наубайхана орналасқан.

Әділет Әбдіров,

Бөкей ордасы ауданы,

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале