11.12.2019, 18:28
Оқылды: 88

«Сақалды» құрылыс, жауапсыз мердігер

Жыл өткен сайын Қаратөбе ауданында сәулетті ғимараттар бой көтеріп, ауыл ажарына сән қосуда. Еңселі ғимараттардың салынуы халық тұрмысы мен әлеуетінің жақсарғандығының көрінісі болса керек. Дегенмен аудан орталығында салынып бітуі тиіс, бірақ құрылысы әлі аяқталмаған нысандар да бар. Қылышын сүйретіп қыс келсе де, «сақалды» құрылыс атанған қай нысандар? Келісілген жұмыстың кесімді уақытта аяқталуына қандай кедергілер болғанын білмек ниетпен жауапты мекемелер мен құрылыс нысандарына арнайы бардық.

qaratobe qyrylys (1)

Алдымен былтырдан бері аудан орталығында салынып жатқан әкімшілік ғимаратын бетке алдық. Бұл нысан «Новосел-Строй Сервис» ЖШС-мен арадағы келісімшартқа сай биылғы 24  қарашада тапсырылу керек еді. Бірақ құрылыстың бүгінде тек шамамен 30 пайызы ғана біткен. Нысанның қабырғалары тұрғызылып, терезелері қойылған. Шатыры жабылып үлгерілмеген екен. Жұмысшылардың сөзіне сүйенсек, айлықтарын бермеген соң жергілікті жерден жұмысқа тартылған біраз құрылысшылар жұмыстан шығып кеткен. Құрылыс алаңында қаңтарылып тұрған техникаларды да көрдік, олардың жүргізушілері де екі айдың үстінде жалақы берілмегесін жұмысты тоқтатқан. Нысан басынада бес-ақ адам жүр. Өзін күзетшімін деп таныстырған Аслан Айтқалиев:

– Өзім Ақтөбеденмін. Жұмыс дұрыс ұйымдастырылып, жұмысшылардың жалақысы уақтылы берілсе, нысанды ендігі тапсыруға болар еді. Құрылыс басында бригадир де жоқ, айналдырған 3-4 жұмысшымен жұмыс өнбейді ғой. Мына суықта ерігіп жүрген ешкім жоқ, бәріміз де бала-шағамызды асырау үшін жүрміз, – дейді.

Құрылысы кешеуілдеп, есепті мерзімде пайдаланылуға берілмеген нысан турасында сұрақтарымызбен аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Рамазан Қыдырашевқа жолықтық.

– Облыстық бюджеттен 122 млн. 80 мың теңге қаржы қаралған «БҚО Қаратөбе ауданы Қаратөбе ауылында әкімшілік ғимараттың құрылысы» нысанын 2018 жылы 16 қазанда «Новосел-Строй Сервис» ЖШС ашық конкурс негізінде ұтып алды.

Құрылыс жұмыстарын өткен жылдың 26 қазанында бастады. Сол жылы 4 млн. 400 мың теңге қаражат бөлініп, жұмыс жүргізді. Биылғы 26 маусымда құрылыс жұмысы қайта жандандырылды. Құрылыс 24 қарашада аяқталуға тиіс болатын. Алайда жұмыстардың кестеге сай жүргізілмеуіне байланысты 60 млн. 760 мың теңгені облыстық бюджетке кері қайтардық. Қалған 56 млн. 920 мың теңгеге құрылысты жүргізбегені үшін «Новосел-Строй Сервис» ЖШС-ін талаптады орындамағанына байланысты екі арадағы келісімшартты бұзып, жосықсыз әлеуеттік өнім беруші деп тану туралы сотқа бердік, – дейді ауданның бас құрылысшысы Рамазан Зинеденұлы.

qaratobe qyrylys (3)

Сот отырысының шешімі қандай болса да, ғимарат құрылысы биыл бітпейтіні айдан анық.

Кейбір тұрғындардың базынасын тудырып, жұмысы бел ортасына жетпей тоқтап тұрған тағы бір «сақалды» құрылыс бар. Аудан орталығында орналасқан Қ.Жұмалиев және Мұхит көшелеріне қар және жаңбыр сулары ағатын ұзындығы 675 метр арық науаларын орнату жұмыстары биылғы қыркүйекте басталған еді. Тапсыруға белгіленген мерзім – қазан айында жұмыс аяқталмады.

qaratobe qyrylys (5)

Күн суытпай, ауа райы қолайлы уақытта әлдеқашан бітіруге болатын арықтар көшенің сәнін алып, қазылған топырақтары үйіліп әлі жатыр. Көшенің сәнінен бұрын Мұхит орта мектебінде оқитын оқушылар мен қызметкерлер қазылған шұңқырдан секіріп өтуге мәжбүр.

Аталған жұмыстарды уақтылы бітіруге уағдаласып, келісімшарт жасаған «Прогресс-Стандарт» ЖШС бастаған істі аяғына дейін жеткізбеді. Бұл жұмыстарға жауапты аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Нұрбек Ақсұлтанов:

 – «БҚО, Қаратөбе ауданы, Қаратөбе ауылының Жұмалиев және Мұхит көшелеріне арық науаларын орнату жұмыстары» нысаны бойынша жұмыстарға жергілікті бюджеттен 10 млн. 75 мың теңге қаражат бөлінген болатын, бұл жұмыстарды «Прогресс-Стандарт» ЖШС баға ұсынымы конкурсы бойынша ұтып алып, жұмысты бастады. Келісімшартқа сай жұмыстарды аяқтау 30 күнтізбелік күн болып айқындалды. Аталған мерзім ішінде мердігер жұмыстардың тек 25-30 пайызын ғана орындады. Заң талаптарына сай мерзімін бұзғаны үшін ауданаралық экономикалық сотқа талап-арыз беріліп, қазір екі мәрте сот отырысы өтті. Аталған іс бойынша тағы сот отырысы болмақшы, - дейді.

qaratobe qyrylys (8)

Қандай да болмасын жұмысты жауапкершілігіне алатын құрылыс компаниялары сеніп тапсырылған істі уақтылы әрі сапалы түрде орындауға ыждағаттылық танытса игі. Әйтпесе мерзімінде құрылысы бітпей, пайдаланылуға берілмеген нысандар үшін жергілікті әкімдік мердігерді сотқа сүйреп, соттың шешімін күтіп жүргенде ерте күнімізді кеш қыламыз. Оның барлығы жұмысымыздың алға басып, гүлденіп өркендеген аймаққа айналуымызға келтірілген тікелей кедергі екендігі айтпаса да түсінікті.

Серікбай Хасанов

Қаратөбе ауданы

 zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале