6.12.2019, 11:09
Оқылды: 190

Салық түсімін қалай көбейтеміз?

Облыс бойынша ауыл шаруашылық саласы жақсы дамыған, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері жоғары аудандардың қатарында Қазталов ауданы да бар. Ауданның экономикалық дамуында оң көрсеткіштер байқалуда. Аудан бюджеті өткен кезеңмен салыстырғанда 5 пайызға өсіп, бүгінде 8,5 млрд. теңгені құрап отыр.

qaztalov (4)

Ауданда 1 390 ауыл шаруашылық және кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, өз қызметін атқаруда. Соның ішінде 740 кәсіпкерлік субъектісі болса, ауыл шаруашлық саласында 4 ЖШС, 39 ауыл шаруашылық өндірістік кооператив, 607 шаруа қожалығы тіркелген. Ауыл шаруашылық құрылымдарында 790 адам жұмыспен қамтылып отыр. Бұл көрсеткіштерді саралап көрсек, астарынан біраз мәселелердің шыға келетіні айқын.

Иә жоғарыда көрсетілген цифрларды біз салық басқармасы мен аудандағы біраз жауапты мекемелердің мәліметтерінен алдық. Осы цифрларды сөйлету арқылы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық құрылымдардан түсетін салықтың да көлемін анықтадық. Негізгі мәселе осы жерден анық байқалды. Аудан экономикасына тікелей ықпал етуші 1 390 құрылымның салық түсімі туралы ауыз толтырып айта алмаймыз. Небары 18 млн. 71 мың-ақ теңге. Енді көз алдыңызға сол кәсіп нысандары мен шаруа қожалықтарын елестетіп көріңіз. 16 ауылдық округі бар ауданда әрбір ауылда сауда жасаған, кәсібін дөңгелеткен немесе шаруа қожалығын ашып, мал баққан ағайынға үкімет тарапынан несие, грант және субсидия төленіп келеді. Ал салық төлеуге келгенде ешкімнің бергісі жоқ. Сонда аудан бюджетіне табыс қайдан келмек?

Салықтарын уақытылы төлеп, ауыл тұрғындарын жұмысқа алып, жағдай жасап, өз міндеттерін толықтай орындап отырған кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтары арасында үздіктерді анықтау үшін «Сенім» байқауы өтуде. Байқау аясында аудан әкімінің орынбасары Рүстем Зұлқашев бастаған ауданның атқа мінерлері ауылдық округтерді аралап, кәсіпкерлер, шаруашылық жетекшілерімен кездесулер өткізуде. Кездесу кезінде анықталғандай, құрылымдарға жетекшілік ететін азаматтар салық төлеуге келгенде салғырттық танытуда. Әсіресе, өздерінде қызмет атқаратын жұмысшыларын салық органдарына тіркетпеген, олармен келісімшарт жасамаған. Көп жағдайда алдында 500 қойы, 100-дей ірі қарасы, 60-тай жылқысы бар шаруашылықтар малды жалғыз өзі бақпайтыны белгілі. Кем дегенде екі адамды жұмысқа алады. Бірақ салық базасында олардың тіркелмегені анықталды. Табысын жасырмай отырғандар да жоқ емес. Бірақ бұндай саналы азаматтарды саусақпен санап аламыз. Көш басында шаруа қожалықтары арасында ақпәтерлік шаруалар төлемдерін толықтай орындап, 8-9 ауыл тұрғынын жұмыспен қамтып отыр. Яғни, жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы келісім бар. Барлық төлемдерін төлеуде. Бұл салық базасында айқын көрініс тапқан.

Мұнымен қоса аудан әкімінің орынбасары басшылық жасаған комиссия мүшелері сол құрылымдарда қызмет атқаратын азаматтармен де кездесті. Жұмыс берушілердің оларға жасаған жағдайымен де танысты. Бұл арада ата кәсіпті былтырдан бастап қолға алған Қошанкөл ауылдық округіндегі «Шаттық» шаруа қожалығының ісі көпке үлгі. Мал бағатын бақташыларға арнап заманауи жаңадан үй салынған. Жалақыларын да уақытымен төлеп отыр. Негізінен кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарында қызмет жасап жүргендердің көбі қолма-қол ақша алғанды құп көреді. Ай сайын еңбекақыларынан зейнетақы қоры мен табыс салығын ұстағанды қаламайды. Табыстарын көрсетсе атаулы әлеуметтік көмек ала алмай қаламыз деп алаңдайды. Мұндай жағдайлар кездесулер барысында анықталды. Қазір ғана табыс тапқандарына риза. Ал зейнетке шығар кезде не болмақ?

Бүгінде төрт түлігін өсірген азаматтар мал бағатын адам таба алмай сандалса, ауданда өтетін әртүрлі қабылдауларда жұмыс сұрағандардың қатары азаяр емес. Бірақ ешкімнің қырға барып мал бағуға зауқы соқпайды. Бәріне оператор, күзетші секілді мамандықтар керек. Бәрінен атаулы әлеуметтік көмек алып үйде жатқаны артық болып тұр. Осы сұрақтарға да жауап іздеп көрдік.

Жұмыссыз ауыл тұрғындары трактор айдап, мал бағудан неге қашады? Байқағанымыздай, бір жағынан мал бағымын ұйымдастырған қыстақтардағы жұмысшылардың жағдайының нашарлығы мен жалақысының төмендігі. Дегенмен, тиісті қаражат төлеп, жұмысшыларға бар жағдайды жасап отырғандардың бар. Тағы бір себебі – үкімет тарапынан төленіп отырған атаулы әлеуметтік көмек. Бұл күнде «Біреудің малын баққанша үйде жатқаным дұрыс» дейтіндердің қатары күрт көбейген. Атаулы әлеуметтік көмекті үкімет тарапынан төленетін тиісті төлем ретінде қабылдап, мақсатсыз оңды-солды жұмсайтын дар көп кездеседі. Ал мақсатымен жұмсап отырған Бостандық ауылының тұрғыны Гүлдана Табылдиева үкіметтен төленген қаражатқа құлынды бие сатып алып, жағдайын түзеді.

Айта кетейік, «Сенім» байқауының қорытындысы жақында белгілі болмақ.

Нұр Рахман

Қазталов ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале