17.01.2017, 18:23
Оқылды: 58

"Самұрықтың" сапындағы саңлақ биші

Karatobe halikaralik konkyrstin laureati   10-14 қаңтар аралығында Біріккен Араб Әмірлігінде өткен xалықаралық "Art Kelen East Vision 2017" фестиваль-байқауы бүкіл әлемнің өнерлі жастарын жинады.

  Фестиваль-байқауға Қазақстанның атынан қатысқан Еуразия Ұлттық университетінің "Самұрық" би мектебінің шәкірттері "Хореография" бағыты бойынша өз өнерлерін көрсетті. Жоғары деңгейде өнер көрсеткен «Самұрық» би мектебінің бишілері «Ұлттық би» аталымы бойынша І орынды иеленді.


  Аталған байқау Дубай қаласының ең үздік саxналарының бірінде өткен. Өнер додасына Ресей, Өзбекстан, Әзірбайжан, Кувейт, Қазақстан және тағы да басқа мемлекеттердің дарынды өнерпаздары қатысқан.

  Еуразия Ұлттық университетінің түрлі факультеттері студенттерінің басын қосқан «Самұрық» би мектебі бишілерінің қатарында Қаратөбе мектеп-гимназиясының 2014 жылғы түлегі Ербол Мерекеұлы да бар.

  Қазіргі таңда ЕҰУ-нің сәулет-құрылыс факультетінің 3 курсында оқитын Ерболға хабарласып, халықаралық байқаудан алған әсерімен бөлісуді сұрағанбыз.

  –  "Art Kelen East Vision 2017" халықаралық байқауы жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Қазылар алқасы бишілердің актерлік шеберліктерін, деңгейін, би өнеріне деген сүйіспеншілігін байқап, "Special Prix " кубогымен және алғыс xаттармен марапаттады.

  Сайыс күндері өте әсерлі әрі қызықты оқиғаларға толы болды. Саxна сыртында басқа елдерден келген би топтарымен танысып, тәжірибе алмастық. Ал Кувейттен, Ресейдің Санкт-Петербург қаласынан келген топтар мен ұйымдастырушылар бізге xалықаралық сайыстарға қатысуға ұсыныс жасады. Гала-концертте қазақ халқының салт-дәстүрінен хабар беретін «Қыз ұзату», «Толғау» билерін билеп, өз өнерімізді жоғары деңгейде көрсетіп, көрермендердің көзайымына айналдық.

  Ұйымдастырушылардың қолдауымен Дубайдың тариxи көрнекті жерлерімен таныстық. Дубай – жай ғана қала емес, ең тамаша мегаполис. Сонымен қатар рекордтық қалалардың бірі. Әлемдегі ең биік ғимараттар, "Дубай мол" атты зәулім сауда үйі, ең қымбат қонақ үйлер орналасқан тамаша жерлерді өз көзімізбен көріп келдік.

  Халықаралық деңгейде тәуелсіз елімізді танытқанымызға қуаныштымыз. Байқауға қатысуға қолдау жасаған ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықовқа, сонымен қатар университет әкімшілігіне алғысымызды білдіреміз,- дейді жас биші Ербол Мерекеұлы.

Серікбай ХАСАНОВ

Қаратөбе ауданы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале