12.08.2020, 14:25
Оқылды: 115

Саралжын «Байланыс аясынан тыс жерде» қала бере ме?

Әлемді алаңдатып отырған коронавирус пандемиясы кезінде барлық саланың жұмысы онлайн режимге ауысқаны белгілі. Қашықтан жұмыс істеу үшін ғаламтор желісі мен ұялы байланыстың керек екендігі айтпаса да түсінікті. Қаратөбе ауданындағы шалғай орналасқан Саралжын ауылдық округі халқын «Билайн» ұялы байланыс желісі қызметінің нашарлауы әбден әбігерге салып отыр. Саралжындық ағайынның базынасын барып тыңдаған болатынбыз.

5E1E7426-E867-408B-9D16-91BE57C29CB8

Шілденің шіліңгір ыстығында округ орталығы – Қарақамыс ауылын редакцияның қызметтік көлігімен бетке алдық. Шаңы шыққан шоқалақ жолмен жүріп отырып, бір сағатқа жетеғабыл уақытта діттеген жерімізге де жеттік. Алдымен алған ақпаратымыздың растығын тексеріп алу үшін таныстарымызға қоңырау шалып көріп едік, ұялы байланыс мүлдем ұстамады.

Ауыл азаматтарының айтуынша, «Билайн» ұялы байланысының нашарлауы сәуір айынан басталыпты. Биылғы жағдайға байланысты қашықтан оқытуға көшкен мектеп оқушылары мен студенттер байланыстың нашарлығынан жүйелі оқи алмаған көрінеді. Өткен оқу жылының төртінші тоқсанын оқушылар ауылдағы байланыс мұнарасының қасында өткізіпті. Ғаламтор аса қажет болған соң 40 шақты ауыл тұрғыны байланыс жүйесін күшейткіш құрылғыларды сатып алып, үйлеріне орнатқан.

Аталған мәселе бойынша Саралжын ауылдық округінің әкімі Жасұлан Ермеғалиевпен тілдескенімізде:

– Барлық шаруамыз телефонға тәуелді болып отырғанда ұялы байланыстың нашарлауы жұмысқа үлкен кедергі келтіруде. Қазіргі таңда Сәуле ауылында да байланыс жоқ. Округ бойынша 1716 тұрғын бар. Бір-екі күн бұрын ауылдағы «Билайн» мұнарасының техникалық жағдайын тексеруге келген мамандармен тілдескенімде округімізде ұялы байланысты қолданушы абонент көп екендігін, көбі ғаламтор желісін тұтынатындығын айтты. Ал бізге қосылған «3G» тек сөйлесуге арналған екен. Жоғары жылдамдықты талшықты-оптикалық байланыс желісі тек округ әкімдігінде, мектепте, фельдшерлік-амбулаториялық пунктте және ветеринариялық бөлімде ғана бар, – деді ол.

Ұялы байланыс қызметтерін аудан халқының пайдалануына жауапты мекеме ретінде аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Нұржан Сахиповпен жолықтық. Ол кісі Аққозыдан өзге ауылдық округтер мен аудан орталығындағы барлық әлеуметтік нысандарға талшықты-оптикалық байланыс желісі қосылғандығын жеткізді. Алдағы уақытта осы жоғары жылдамдықты интернет желісіне жеке тұрғындардың қосылуына да ықпал жасауға Батыс өңірлік телекоммуникация дирекциясы Батыс Қазақстан ЖЖТТ мекемесіне хат жолданғандығын тілге тиек еткен Нұржан Хамидоллаұлы аталған мәселе бойынша жұмыстанатындықтарын айтты.

Ақпараттар ағыны сәт сайын өзгеріп жатқан заманда ұялы телефон байланысының нашарлығы ауыл тұрғындарына қолбайлау болып отыр. Ауыл жастары да өркениет көшінен қалмай, әлеуметтік желілердегі жаңалықтарды оқып, шартараптың тыныс-тіршілігінен хабардар болуды қалайды. Әсіресе ұстаздар қауымы өзіне қажетті дүниелерді қолындағы смартфон арқылы алғысы келеді. Алайда әзірге мұның бәрі саралжындықтар үшін қолжетімсіз болып тұр. Расында да, әлдебір жұмыстармен саралжындық ағайындарға телефон шала қалсақ, арғы жақтан «Байланыс аясынан тыс жерде» деген жауапты жиі естиміз. Осы арада «Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» цифрлық технология қарыштап дамыған шақта ауыл халқының байланыстан шектелуі ақылға сыйымсыз. Әзірге біз білетін жағдай осы. Мүмкін тиісті орындардан пәрмен болса, бұл мәселенің шешімі табылып қалар. Соған сенейік.

Серікбай Хасанов,

Қаратөбе ауданы

  zhaikpress.kz

Медетхан Қуанғалиев,

Қарақамыс ауылының тұрғыны:

 – Қарақамыс ауылының халқы «Билайн» ұялы байланыс қызметін жөнді пайдалана алмай отыр. Өркениет көшіне бет бұрған заманда байланыстың болмауы, әрине, күлкілі нәрсе, алайда бұл шындық. Үкіметіміздің «Цифрлы Қазақстан» жобасы жүзеге асып жатқан кезеңде біздің ауылда ұялы байланыстың неге үзіле беретіндігін түсінбей жүрміз. Жанұямдағы жеті адамның барлығы да «Билайн» байланысының түрлі тарифтерін пайдаланады. Ай сайынғы төлемін үзбей жасаймыз, бірақ ұялы байланыс қызметін көре алмай отымыз. Жұмысымызға да кедергісін келтіруде. Алдағы уақытта байланыс қызметі жақсарса игі.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале