21.01.2021, 20:45
Оқылды: 47

Саралжын суға алаңдаулы

Бөкей ордасына қарасты Саралжын ауылының ахуалы, малы мен жанының өсімі, мектеп тірлігінің жетістігі мен шаруа қожалықтарының қарқыны округ әкімі Асқар Мәмбетовтің баяндамасына арқау болды.

саралжын әкімі

Саралжын ауылдық округінде 2020 жылдың қорытындысы бойынша 267 отбасында 985 адам есепте тұрады. Өткен жылы 20 сәби дүниеге келіп, 12 адам қайтыс болды. Округтегі 23 шаруа қожалығы мен тұрғындардың жеке шаруашылығындағы мал басы түйе малынан басқалары өз төлі есебінен өсті. 2021 жылдың 1 қаңтарындағы мал санағы есебі бойынша округте 5329 мүйізді ірі қара малы, 2914 жылқы, 9719 қой-ешкі болса, түйе тек біреу.

«Нариман», «Әдемі» сияқты шаруа қожалықтары субсидия алып, мал басын асылдандырды. «Медет», «Дәуқара» шаруа қожалықтары несие алып, мал басын еселеп, ауылдастарын жұмысқа тартып отыр. Ауылдағы 23 шаруа қожалығында 75 адам жұмыс жасайды.

Қайырымдылық жасауда саралжындықтар да белсенділік танытып келеді. «Сыйласаңдар кәріңді» деген тақырыппен ауыл жастары мен мектеп оқушылары, еріктілер тобы ауылдағы қарияларға көмек қолын созып, тұрғын үйлерін, мал қораларын сылап, үйлерін жинап берді. Қ.Сағырбаев атындағы орта мектебінің 2006 жылғы түлектері де шет қалмай, көпбалалы 13 отбасының балаларына 75000 теңгеге аяқ киім сатып алып беріп, қайырымдылық көрсетті.

Қ.Сағырбаев атындағы орта мектептің әр жылдардағы түлектері коронавирус індетіне байланысты жарияланған төтенше жағдай және карантиндік шектеулер кезінде ауылдың тұрмысы қиын аз қамтылған 10 отбасына, 32 көпбалалы жанұяға, 3 жалғызбасты зейнеткерге жалпы құны 368000 теңгеге азық-түлік сатып алып берді. Бұлардан басқа Жұмағали Жаңабергенов («Нұрлыбай» шаруа қожалығының жетекшісі), Дарын Сыдихов («Дарын» шаруа қожалығының жетекшісі) малдай да, еттей де көмек беріп, қайырымдылық жасады.

Саралжын мектебінің жетістігі де бір баяндамаға жүк боларлық. Гүлжазира Тапақова, Мирхат Ахтаров, Лунара Таева, Шолпан Меңдіғалиева сияқты мектеп мұғалімдері аудандық, облыстық пән мұғалімдерінің олимпиадаларында топ жарса, өткен жылғы түлектердің біреуі «Алтын белгі», екеуі «Үздік аттестат» иеленіп, бесеуі мемлекеттік гранттың, сегізі арнаулы оқу орындарының грант иегерлері атанды.

Саралжындық өрендер өнерден де көш бастап отыр. Танымал композитор Ескендір Хасанғалиевтің 80 жылдығына орай өткізілген «Атамекен» аймақтық ән фестивалінде Маралбек Шәріпқали бас жүлде, Гүлпара Табылдиева І орын алды.

зал (1)

Саралжын ауылдық округі әкімдігі жанында ардагерлер кеңесі, аналар кеңесі, әйелдер және отбасы кеңесі қоғамдық ұйымдары біркелкі жұмыстар атқарып келеді. Ауылдық округі әкімі аппараты ғимаратынан медиаторлар кабинеті ашылды.

Баяндама соңында ауылдық окург әкімі санитарлық-экологиялық айлықты өткізуге, ауылдың көшелерін күл-қоқыстан барынша тазартуға, қыста күртік қар аршуға, көктемгі лайсаңда жолды реттеуге атсалысқан ауыл азаматтарына, «Шалқар» шаруа қожалығының жетекшісі Бейімбет Абрешов, «Мирас» шаруа қожалығының тракторшысы Еділбек Ғабдешовке көпшілік алдында алғысын айтты.

Саралжын ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Біржан Еркеғалиевтің айтуынша, ауылдық округте ешқандай мал ұрлығы орын алмаған. Округке қарасты 25 қыстақта мал бағымына қатысты, ауыл тұрғындарына далада киік өлексесіне кезіксе де мүйізін алмау керектігі, жазаның мейлінше қатайғаны туралы түсінік жұмыстары жүргізілген. Капитанның баяндамасына қарағанда рұқсат етілмеген жерде шылым шеккен де, түнде көше кезген жасөспірім де, масаң күйінде көпшілік ортасына барған да, түн ортасында көршілерінің тыныштығын бұзған да полиция инспекторының қырағы назарынан қалыс қалмапты. Тиісті жазаларын алған.

Ауылдағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмабай Кенжеғалиев күректей дипломы болса да, екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жастар мен мүгедектер арасындағы жұмыссыздық мәселесін көтерді. Жылыту жүйесінің операторы сияқты мерзімдік жұмыстарға он екі мүшесі түгел, сотқалдай азаматтар емес, мүмкіндігі шектеулі азаматтар тартылса деген ұсынысын айтты.

Жеке шаруа Есбол Хамитов Ұялы арқылы келетін судың қарқыны көңіл көншітпейтінін айтты. Бірде моторы істен шығып, бірде басқа да себептермен су дұрыс келмейді. Сынған мотор Алматы айналып келеді деп шағым айтты. Аудан басшысы бұл мәселені қатаң бақылауына алатынын айтты.

«Орда жұлдызы»

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале