18.02.2019, 18:29
Оқылды: 66

Саралжында ұлттық ойын түрлерінен жарыс өтті

Бүгін Қаратөбе ауданы Саралжын ауылдық округінде «Ұлы дала қызықтары» атауымен ұлттық өнер мен ұлттық ойындарды насихаттауға арналған шара ұйымдастырылды.

qaratobe sar (1)

         Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларында айқын көрініс тапқан ұлтымыздың рухани мұрасы мен тамыры терең ұлттық мәдениетімізді қайта жаңғыртуға арналған шараға ауыл халқы көп жиналды.

Ұлттық нақышта өрбіген шараның ашылуында сөз сөйлеген Саралжын ауылдық округі әкімінің міндетін уақытша атқарушы Есқабыл Сафин, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Мейрамгүл Кенжеғалиева ұлтттық болмысты жас ұрпақтың бойына сіңіруде ата-баба мұрасын жалғастырудың маңыздылығына тоқталып, ұлттық ойын түрлерінен сайысқа түсуші жастарға сәттілік тіледі.

         Дәуірлер бойы қалыптасқан озық дәстүрімізді қайта жаңғыртып, ұлттық спортты насихаттаушы жастарға бата берген ауыл азаматы Сабырғали Исмурзин Мұхиттың әні «Дидарды» шырқап берді.

         Одан әрі қонақтар әсем безендірілген киіз үйге беттеді. Меймандарды ұлттық көне бұйымдар көрмесімен таныстырған ауыл кітапханашысы Қайыр Бисенғали ер тоқым, жастық ағаш, келі келсап, домбыра және қамшының түрлерімен таныстырып өтті.

         Кезек ұлттық ойындарға келіп жеткенде сайысты тамашалаушы ауыл халқы кімнің бәсі биік боларын аса қызығушылықпен қадағалады.

         Қол күресінен сайысқа шыққан жігіттер арасынан Жасұлан Шолановтың күші қарсыластарынан басым болып жеңіске жетсе, асық ату ойынынан командалық бәсекеде ұпай санының басымдығымен Б.Қаратаев мектебінің 10-сынып оқушылары мергендік танытып жеңімпаз атанды.

         Келесі кезекте көрермендер назарын өздеріне аудартқан асау үйретуші жігіттер болды. Жүген-құрық тимеген асау құнанды ауыздықтап мінген Самат Орынбасаров пен Бекарыс Зинеден қапелімде ырық бермей тулаған жануарды тақымынан босатпай көптің көңілінен шыға білді.

         Саятшылық өнерді жанына серік етіп тазы баптаған жігіттер тазыларын аңға салды. Сыбдыр байқаса құлағын түріп тұра қалатын тазы иттер бір-бірінен айласын асырып бақты. Көсіле шапқан бес тазының ішінен Азамат Әсемовтың «Бойкасы» басқаларынан оза шауып, қоянға бірінші ұмтылып, жеңімпаз атанды.

Ұлттық болмысымызды қайта жаңғыртқан шарада түрлі сайыстарда үздік нәтижеге қол жеткізген жастарға аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы ұсынған бағалы сыйлықтар табысталды.

qaratobe sar (2)  qaratobe sar (3) qaratobe sar (4)

Серікбай Хасанов,

Қаратөбе ауданы

© zhaikpress.kz

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram -дағы парашамыздан және Telegram каналымыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале