21.02.2019, 12:39
Оқылды: 24

Сарыөмірде бір бума шөп 4 мыңнан сатылуда

Биыл қыс қарлы-боранды. Ара-арасында күрт жылытып, көктайғақ та қылды. Оның артынан күрпіте жауған қар адамға ғана емес, малға да жәйсіз. Әсіресе, азығын тебінгіде айыратын қылқұйрықты жануар мұз басып қалған шөпке жетем деп, тұяғын кемітіп, шашасынан айырған халі бар.

 mal (1)

Тай-жабағы қолға қарағалы қашан. Жылқыға арнап жем-шөп жинақтап, Қамбар ата тұқымын қораға байлауды әдетке ұстамаған қазақпыз. Теректінің жылқыны мол ұстайтын Ақжайық, Ақсоғым, Шалқар, Шағатай округтері жағында осыған байланысты қиындықтар да болып тұр.

Ауа-райы болжамынан байқасақ, наурыздың ортасына дейін қыс беріспес түрі бар. Мал баққан жанға қыс ұзақ.

Ауыл шаруашылығы бөлімі мамандары берген мәліметке сүйенсек, күзде шөмеленген 123,5 мың тонна шөптің 51,5 тоннасы, 23 мың тонна жемнің 16,1 тоннасы азыққа жұмсалған. Қар кетіп, көк көрінгенше жетер есебі бар. Азық бір шаруашылықта мол, кейбірінде ойсырап қалған. Осындайда ауылдастарына қарасып жүрген шалқарлық «Сенім» қожалығының басшысы Абай Химановтай азаматқа риза боласың. Сарыөмірдің басында мал азығынан тарығып отырғандарға буған шөпті 4 мыңнан сатып, қарызға да беріп отыр. Подстепный ауылында да саттыққа шөп бар. Бумасы 7 мыңнан сатылуда. Жайық, Приречный, Новопавлов ауылдарында жем сатушылар бар. 30 келілік қапшыққа толтырылған жемнің орташа құны 2500 теңге, кебек – 1350 теңге көрінеді. Күздің күні арзанырақ болған арпаның тоннасын новопаловтық «Мәдиев» шаруашылығы қазір 55 мың теңгеден деп отыр.

Егер шөп тақұл-тұқыл боп, жем керек болса, аудандық ауыл шаруашылығы бөліміне келуге немесе 21-0-73 нөміріне қоңырау шалып, қай жерден сатып алуға мүмкіндік бар екендігін анықтап алуыңызға болады.

mal (2) mal (3) mal (4)

Камелия Қарекесова,

Теректі ауданы

 

© zhaikpress.kz

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram -дағы парашамыздан және Telegram каналымыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале